Құмар Ақсақалов: «Өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс»

Құмар Ақсақалов: «Өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс»

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұзынкөл ауданына жасаған сапары барысында аудан диқандарымен жүздесіп, ауыл шаруашылығына қатысты түйткілді мәселелерді ортаға салды. Тыңайтқышты уақытында себудің, шығындарды дұрыс есептеудің маңызын айтты.

Облыс әкімі жол бойындағы елді мекен тұрғындарының қолда бар мүмкіндіктерден шет қалмауын тапсырды. Оның айтуынша, көрші аймақтармен тауар алмасу – тиімді экономикалық қатынастың бір жолы.

Әкім субсидияларды уақытында алып, тиімді игеру қажеттігін атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе егін егу мен жинау жұмыстары кезінде шығын көлемін нақты есептеп, бағаның өзгерісін ескере отырып жұмыс істеу керек екенін айтты.

blank

«Техника бағасы қымбат, бірақ лизинг арқылы шаруаларға мол мүмкіндік беріліп отыр. Осыны тиімді пайдалану қажет. Өнім сапасы жоғары болуы тиіс. Халықаралық нарыққа шығу үшін ауыл шаруашылығы өнімі барлық талаптарға сай болуға тиіс», – деді Құмар Ақсақалов.

Әлемдік астық бағасының тұрақсыздығы ел ішіндегі жағдайға да тікелей әсер ететінін айтып өтті. Тыңайтқыштарды уақытында қолдану – өнімділікті арттырудың негізгі шарты екенін де еске салды.

blank

Мамлютка ауылына қатынайтын жолдың құрылысымен танысып, ауыр техникалардың қозғалысын қадағалау керектігін де тапсырды. Себебі, жолдардың ұзақ мерзімге жарамды болуы – күтім мен тәртіпке байланысты.

Ауыл тұрғындары бүгінде ауылдағы өмірдің біршама жақсарғанын айтып, алғыстарын білдірді.

«Қаладан айырмашылығымыз – тек от жағып отырғанымыз ғана. Басқа жағдайдың бәрі жасалған», – дейді тұрғындар.

Әкім ауылдағы жолдарды күтіп ұстау – маңызды міндет екенін баса айтты.

Аудан орталығындағы жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер, хоккей корты мен жаңаша кейіпке енген саябақ – бұл өңірде өркендеу барын көрсетті. Әсіресе, орталық саябақ болашақта тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Құмар Ақсақаловтың бұл сапары ауылдың нақты дамып жатқанын көрудің, халықпен тығыз байланыс орнатудың үлгісі болды. Мирилюбов ауылындағы серіктестік, жаңа нысандар мен өркен жайған бастамалар ел ішінде тұрақты даму мен жаңғырудың жарқын бейнесі іспетті. Ауылда тірлік бар. Демек, үміт те бар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді ұсынған облыс әкімінің баспасөз қызметі 

Ұзынкөл ауданы