Шағым көп, нәтижие қандай? Фото: www.gov.kz

Шағым көп, нәтижие қандай?

Қостанай облысында бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызметтер, туризм, байланыс және электрондық сауда салалары бойынша тұрғындардың шағымдары арта түскен.

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне барлығы 707 өтініш түсті. Оның ішінде 370-і жазбаша түрде келіп түссе, 44-і Telegram Bot арқылы жолданған, ал 130 азамат жедел желіге қоңырау шалған. Сонымен қатар, 163 адам департамент басшылығы мен мамандардың жеке қабылдауында болды.

Департамент тұтынушылардың өтініштерін қарау нәтижесінде 15,6 миллион теңгеден астам қаражатты тұтынушылардың пайдасына өндіріп берген. Сонымен қатар, 40-тан астам тексеру жүргізіліп, олардың ішінде жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 16 кәсіпкерге ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылған. Ал 25 кәсіпкерге жалпы сомасы 638 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында барлығы 41 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 13 тексеру — тауарларды қайтару және айырбастау мәселелеріне, 25 тексеру — тұтынушылардың шағымдарына жазбаша түрде жауап беру тәртібіне, 2 тексеру — сатушы мен уәкілетті органның байланыс деректерінің қолжетімділігіне, ал 1 тексеру —  тұтынушының құқықтарын бұзатын талаптардың шартқа енгізілу фактісіне қатысты болды. Өткен жылдың осы кезеңінде 27 тексеру жүргізілген, биылғы тексерулер саны 14-ке артық. Бұл көрсеткіш тұтынушылардың құқықтарының бұзылу жағдайларының артқанын және осы бағытта бақылау шараларының күшейтілгенін аңғартады», – дейді Қостанай облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Мырзахан Ерқанов.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% шекті сауда үстемесін асырып жіберген кәсіпкерлер де анықталды. Бұл талапты бұзған 41 кәсіпкерге ескерту беріліп, 86 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 040,0 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жеті сауда нысанына витринада көрсетілген бағадан жоғары бағада тауар сатқандығы үшін шара қолданылды. Толығырақ газеттен оқи аласыздар.

Сералы МЫРЗАБАЙ