Белгілі актер Ерболат Тоғызақов Тобыл өңіріне келді

Белгілі актер Ерболат Тоғызақов Тобыл өңіріне келді

Қостанай төрінде тағылымы мол, жүрекке жылы, жанға нұр сепкен тағы бір жүздесу өтті. Облыстық кітапханада көрерменмен жүздесуге Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер, елге танымал тұлға – Ерболат Тоғызақов келді.

Бұл кездесу көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Өнерге, өмірге, адамгершілікке қатысты айтылған ойлар залда отырған әрбір жанның жүрегіне жетті. Бастысы бұл жолы жай ғана актермен кездесу емес, тектінің тұяғымен сырласу болды. Себебі Ерболат Тоғызақов – біздің жерлесіміз екенін, әрі артында терең рухани тамыр, ғибратты әке жолы жатқанын көбі біле бермейді.

Әкесі Қасым Тоғызақов кезінде «Қостанай таңы» газетінде еңбек еткен қаламгер. Ленинградта жоғары білім алып, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімін басқарған. Орыстың классик ақын-жазушыларын қазақ тіліне аударған, Жамбыл Жабаевтың тұңғыш жеке әдеби хатшысы болған зиялы тұлға. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Жамбылмен бірге қатысып, ақынның өлеңдерін орыс тіліне сөзбе-сөз тәржімалаған. Сонымен қатар, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсына либретто жазып, «Сібір Омар» атты поэма қалдырған. Алайда сол бір нәубет заманда «халық жауы» атанып, Сібірге айдалып кетеді. Ал анасы Зияда Әлімбекова Абай атындағы опера және балет театрында әнші болған, өнердің өзегінен нәр алған жандардың бірі.

blank blank blankМіне, осындай өнегелі әке мен өнерлі ананың ұрпағы Ерболат Тоғызақовтың бойында ұлт рухы, өнерге деген адалдық, адамдықтың асыл қасиеттері тұнып тұр. Тектіден туған азаматтың тағдыры да, таланты да дара. Сұхбат барысында ол бала күнінен бергі әсерлі сәттермен бөлісіп, кино мен театрдағы жолын, өмірлік ұстанымын шынайылықпен әңгімелеп берді.

blank

– Мен халық шаруашылығы институтын бітірдім, бірақ студияда жұмыс істегім келді, кино әлемі қатты қызықтырды. Әкем Қасымнан көмек сұрадым, ол кісі танымал жазушы әрі аудармашы ғой. Әкемнің арқасында түсірілім тобына қосылып, әкімші қызметін атқардым. Олар бұл қызметті жарты жыл істейтінімді, кейін Мәскеуге, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына жіберетіндерін айтты. Аңқау адам ретінде соған сеніп қалдым. Ол кезде танымал режиссер Толомуш Океевтің «Көксерек» таспасымен жұмыс істедім. Ақыры, БМИК-ке түспедім, дегенмен мені Кеңес одағының астанасына, киноөндіріс директорларының курсына жіберді. Бұл іспен 41 жыл айналыстым. Сол кезде фильмдерде өзімнің ойнайтынымды айтса, сенбес едім. Ал актерлік дәмді алғаш рет 60 жасымда таттым, 2008 жылы «Келін» фильмінде келін болып түскен қызын саудаға салатын әкенің рөлін сомдадым. Бір қызығы, сюжет бойынша менің күйеу балам Ержан Нұрымбет болды, ол «Күзет сақшыларында» қыпшақтар басшысы Андактың рөлін сомдайды, – деді Ерболат Тоғызақов.

Сұхбаттың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА