Жанкелдин ауданы Болат Хамзин атындағы өнер мектебінде ерекше өнер мерекесі өтті. «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде балалардың өнерін ұштап, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға бағытталған «Мен кішкентай әншімін» атты тамаша ән байқауы ұйымдастырылды.
Бұл өнер сайысы – жас таланттардың өз мүмкіндіктерін көрсетуге, сахнамен достасып, өнер әлеміне алғашқы қадам жасауына тамаша сеп болды.
Байқау барысында қатысушылар сүйікті әндерін шебер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Балалар вокалдық шеберліктерін еркін көрсетті, ал олардың әрбір өнері қошеметке лайық болды. Жас өнерпаздардың қуанышы мен толқынысы, әсерлі орындаулары сахнада нағыз мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру, өзіне деген сенімділік қалыптастыру және сахна мәдениетін үйрету болды. Ұйымдас- тырушылар балаларға қолдау білдіріп, олардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын мадақтады.
Байқау соңында барлық қатысушылар марапатталып, жылы лебіздерге ие болды. Әсем әндер мен шаттық күлкіге толы бұл күн балалардың жадында ұзақ сақталатын, жарқын естеліктердің біріне айналды.
Жаңажыл КЕМЕЛТАЕВА,
Қобыз бөлімінің мұғалімі
Жанкелдин ауданы
