Жанкелдин ауданында Алаш ардақтысы М.Дулатовтың 140 жылдығына орайластырылған “Торғай – тұлғалар мекені” атты республикалық поэзия фестиваліі есігін айқара ашты.
Рухани қазынаға толы екі күнде алыс-жақыннан бас қосқан арқалы ақындар мен жампоз жазушылар әдеби — рухани басқосуды жүректерге жылы, жанға жақын тебіреністі сәттермен айшықтады. Жыр жауhарларына қанат қақтырып, жас буын ізбасарларының жыр сапарындағы тұсауын кесіп, батасын беріп, поэзия патшалығын сырласу сағаттарына ұластырды.

Торғайда өткен дүбірлі тойдың салтанатты ашылуында аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарға алғысын білдірді. Иықтарына шапан жауып,сый-құрмет көрсетті. Қазақтың қос заңғары,тарих тамыршысы Қойшығара Салғарин мен сыршыл ақын Серікбай Оспановқа ат мінгізді. Алыптардың ізін басқан қаламгерлер Аманкелді Кеңшілікұлы, Мұхарбек Жәкей, Марғұлан Оспанов, Абылай Маудановтарға да лайықты құрмет көрсетілді. Жазушы Қойшығара Салғаринге «Жанкелдин ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.

Сезім мен сырға, тарих пен тағылымға толы поэзия уақыттары жүректерді тербеп, тыңдармандарын шабыт бесігіне бөледі.
Әдебиет әлемінің шамшырақтарымен өткен ашық әңгімелер, рухани байлықпен сусындаған сұхбаттар кештің көркін кіргізді.
Фестиваль барысында шығармашылығы арқылы ел руханиятына үлес қосып жүрген қаламгерлер туған жер тарландарының өмір жолын паш еткен арнайы көрмені тамашалап, естелік суретке түсті.

Халық ақыны Н.Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде көрініс тапқан өрісті өнерге назар салып, ақиық ақын Ғ.Қайырбековтің бюсті орнатылған «Мерген саябағында» ақынға арналған «Айдыны кең арқалы ақын» атты көрмеге көз суарды.

Құттықтаулар мен жылы лебіздер, шабыт сыйлаған шұғылалы сәттер – барлығы да көңілге көркем әсер қалдырды.
Осылайша, «Торғай – тарихпен тербелген, талантпен өрілген» киелі мекен екендігін тағы бір дәлелдеді.
Ұрпақтар сабақтастығы ұлықталған ізгілікті іс-шараға облыс әкімінің кеңесшісі Ш. Оспанов қатысты.
Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген — автор
Жанкелдин ауданы.
