Металлургия саласы – зор жауапкершілікті талап ететін, еліміздің өнеркәсіп қуатын қалыптастыратын аса маңызды сала. Бұл саланың әр қызметкері – ел экономикасының іргетасын қаласып жүрген еңбек майталманы. Өзім де осы қатарда жүргенімді үлкен мақтанышпен айтамын. Мен «Қашар кені» акционерлік қоғамында он жылдан астам уақыттан бері химиялық су тазарту аппаратшысы болып еңбек етіп келемін. Жұмысымның негізгі міндеті – қазандықтарға жұмсартылған, тазартылған техникалық суды беру. Сонымен қатар, судың құрамына тұрақты түрде талдау жүргізіп, қажетті жабдықтарды бақылауда ұстаймын.
Бұл салада еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе. Жұмысымды сүйемін, мамандығыма жауапкершілікпен қараймын. Бұған дейін бес жыл күзет саласында қызмет еттім. Кейін жылу орталығына ауысып, содан бері осы жерде табан аудармай еңбек етіп келемін. Әрине, жұмыстың өз қиындығы болады. Бірақ, бастысы – ынта мен тәртіп болса, бәріне де үйреніп, үлгеруге болады. Қиындықпен қатар кәсіби өсу, тұрақтылық пен абырой да қатар келеді.
Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мемлекетіміз қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, олардың үлесін арттыруға ерекше ден қойып отыр. Бұл – біз үшін зор серпін, үлкен шабыт. Осыған орай, кәсіби мерекеміз – Металлургтер күніне арналған салтанатты жиында мен облыс әкімі Құмар Іргебайұлының қолынан Құрмет грамотасын алдым. Бұл мен үшін – үлкен қуаныш әрі еңбегімнің лайықты бағаланғанының дәлелі.
Елімізде тау-кен металлургия саласына деген ерекше көзқарас қалыптасқан. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың стратегиялық маңызын үнемі атап көрсетіп, өнеркәсіп өндірісін қолдауға ерекше мән беріп отыр. Мемлекет басшысы бастамасымен елімізде индустрияландыру бағытында тың жобалар жүзеге асырылып, жұмысшы мамандық иелерінің беделі арта түсуде.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша әріптестерімді, сала ардагерлерін, жас мамандарды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін! Ел аман, отбасымыз тыныш болсын! Жұмыста табыс, өмірде шаттық серік болғай!
Алмагүл ЕСМҰХАМЕДОВА
«Қашар кені» АҚ қызметкері
