Жолшы мамандарды даярлау үшін 750 білім беру гранты бөлінді

Жолшы мамандарды даярлау үшін 750 білім беру гранты бөлінді

2025 жылы елімізде жол саласы үшін мамандар даярлау ісі жаңа серпін алуда. Мемлекет тарапынан «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша бакалавриат бағдарламасына 750 білім беру гранты бөлінді. Бұл шешім – көлік инфрақұрылымын дамытуға қажетті білікті кадрлармен қамтамасыз етудің нақты қадамы.

Бүгінде аталған мамандық бойынша білім алуға еліміздің алты жоғары оқу орнына грантпен түсуге мүмкіндік бар. Атап айтқанда, Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, М. Тынышпаев атындағы ALT University, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Халықаралық көлік және гуманитарлық университет, А. Сәғинов атындағы Қарағанды техникалық университеті, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті және С. Торайғыров атындағы Павлодар университеті талапкерлерді қабылдауға дайын.

Аталған бағытты таңдаған жастар сұранысқа ие техникалық білім алып, заманауи инженерлік дағдыларды меңгеруге, әрі еліміздегі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға мүмкіндік алады.

Бұл бастама ҚР Көлік министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылуда. Былтырдан бастап елімізде «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша оқу бағдарламасы қайта жанданып, жаңартылған мазмұнмен іске қосылды.

Қостанайда да кәсіби бағдар жұмысы жүйелі жүргізілуде.

Көлік және жол саласындағы мамандарды даярлауда Қостанай облысы да өз үлесін қосып келеді. Облыстық автокөлік жол колледжі — өңірдегі маңызды техникалық оқу орындарының бірі. Колледж түлектері бүгінде облыс көлемінде және республикалық деңгейде жол саласында табысты еңбек етуде.

Мамандыққа қызығушылықты арттыру мақсатында Қостанай облысы бойынша Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тарапынан жүйелі кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілуде. Орталық мамандары жыл бойы мектептер мен колледждерде кездесулер өткізіп, оқушыларға жолшы мамандығының маңыздылығы мен артықшылықтарын түсіндіруде. Сондай-ақ, орталықта ашық есік күндері ұйымдастырылып, жастарға жол саласында қолданылатын зертханалық жабдықтар мен технологиялар көрсетіледі.

Мұндай кешенді жұмыстар  болашақ инженерлер мен жол шеберлерін даярлаудағы маңызды бастама. Жастарды техникалық мамандықтарға баулып, отандық жол саласының сапасын арттыру — елдің инфрақұрылымдық дамуының кепілі.