Жерлесіміз Алихан Дурсунов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды 

Жерлесіміз Алихан Дурсунов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды 

Грек-рим күресінен Қырғызстанда өткен жастар арасындағы құрлықтық біріншіліктен жүлделі оралған батыр ұлдарын Қостанайлық спорт сүйер қауым салтанатты түрде қарсы алды.

Алихан наурыз айындағы Қазақстан чемпионатының финалында тараздық балуан Юсуф Ашраповтан айласын асырып, ел намысын Азия чемпионатында қорғау құқығына ие болған еді.

Бапкері Артём Сошкин жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтады. Жастар арасындағы бұл құрлықтық додаға өз елдерінің ең үздік жас балуандары қатысқан. Тамыз айында Алихан биылғы ақтық оқу-жаттығу жиынына аттанғалы жүр.

«Алихан жарыстың ширек финалында Тәжікстан балуанын айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалда Қырғызстан өкілі  Ильгиз Каныбековке есе жіберді. Қола жүлде үшін өткен белдесуде ол Жапониялық Кенто Номурамен күресті. Кездесу барысында 1:2 есебімен ұтылып жатқан Алихан партердегі бүйірден алынған әдісті сәтті орындады. Қарсыласын аударып түсіріп, мерейімізді асқақтатты. Төбем сол кезде көкке бір елі жетпей қалды», – дейді бапкері Артём Сошкин.

Нәтижесінде есеп теңесіп, соңғы нәтижелі әрекеттің арқасында төрешілер жеңісті Алиханға берді.

Осы жеңісті атап өту мақсатында өтуге бапкерлер, облыстық күрес федерациясының өкілдері мен жас спортшылар жиналды.

Облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының Президенті Мақсат Ережепов Алихан Дурсуновқа 500 000 теңге көлеміндегі, ал бапкері Артём Сошкинге 100 000 теңгелік сертификатты табыстады.

Облыстың грек-рим күресі бойынша аға жаттықтырушысы Талғат Жиентаев спортшы жайлы пікірімен бөлісті:

«Алихан — табанды, әдісқой, физикалық тұрғыда дарынды әрі еңбекқор балуан. Ол бар болғаны 19 жаста, әлі үлкен спорттық жолдың басында тұр», – деді Талғат Жиентаев.

Алихан Дурсунов — Қазақстан Республикасының спорт шебері, 2024 жылдан бері жастар құрамасының мүшесі. Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің спорт факультетінде білім алуымен қатар, жастар арасында бәсекесі биік 72 келі салмақ дәрежесінде күресіп жүр. Алғашқы бапкері – Марат Мұхамбетов.

Айбек ЖҮЗБАЙ