«Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің ұйымдастыруымен жазушы А.Байжанның 85 жылдығына арналған «Қаламы ұшқыр журналист» атты еске алу кеші көрініс тапты.
Ахметхан Балмағанбетұлы Ақмола облысы Жарқайың ауданының Күркетал ауылында дүние есігін ашқан. Еңбек жолын Державин аудандық «Социалистическое строительство» газетінде тілшіліктен бастап, баспахана директоры болған. Өмірінің 45 жылында қалам ұстап, облыстық «Қостанай таңы», «Торғай таңы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарған.
Қарымды қаламгер табанды еңбек ете жүріп «Тобыл – Торғай» журналистикасының абызы атанып, жас қаламгерлердің шынайы ақылшысы, тірегіне айналды.

Тағылымды еске алу кешінде әріптестері, Қазақстанның құрметті журналисі Майра Шөкен, жергілікті «Арқа дидары» телеарнасының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Айткүл Бекентай және басқа да көз көргендер сөз алып, тұщымды естеліктерімен бөлісті.


«Жазушының «Бектауыл Баубек батыр» хикаятының ішкі өрімінде ұлы бабамыз Кенесары Қасымұлының болмысы сипатталады. «Кенесары хан мен Баубек батыр, Аманкелді Иманов пен Кейкі батыр» атты деректі хикаяттар кітабында Алаш идеясы үшін құрбан болған арыстардың күрес жолы да баяндалған. Өзі жоқта жарық көрген тағы бір кітабы «Ахаң біздің осындай». Өзі аманаттап кеткен «Жеңісгүл» атты лирикалық кітабын да жарыққа шығардық. Сонымен, ол кісінің жазғандарының бір әрпі де жерде қалмады», – дейді құрметті журналист Майра Шөкен.
Ахаң өмірінің соңғы жылдарында қалалық – апталық «Торғай» газетін ашып, оның ондаған жыл өмір сұруіне негіз қалады. Бүгінде сол газеттің шекпенінен шыққан мамандар бай тәжірибе иесіне айналып, журналистік жолын жалғастырып келеді.

«Ахметхан Байжанның есімі атаусыз қалмауда. 70,75 және 80 жылдықтары Арқалықта, Қостанайда, Астанада әріптестерінің қатысуымен аталып өтті. Алайда, қай адамның болмасын өзі туып-өсіп, өнген, ата — бабасының жатқан жерінде, елінің ортасында еленгеннен артығы жоқ», – дейді мәртебелі Майра апайымыз.
Кеш соңында ұлттық дәстүрімізге сай сый-кәделер жасалды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы
