Облыста Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Бұл – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшылары үшін ерекше мереке.
Іс-шараға ардагерлер, қазіргі полиция қызметкерлері және болашақ офицерлер қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, полиция қызметінің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды:

«Бүгін біз тек кәсіби мерекені ғана емес, бейбіт күнде ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарды ұлықтап отырмыз. Полиция – жай ғана жұмыс емес, бұл – төзімділік пен ерлікке толы өмір салты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі жауапты міндет. Сіздер тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуде, азаматтардың құқықтарын қорғауда айтарлықтай үлес қосып келесіздер», – деді ол.
Соңғы үш жылда құқық қорғау органдарын қаржыландыруға 50 млрд теңге бөлінген. Төрт жаңа полиция бөлімшесі ашылып, 30-дан астам ғимарат кеңейтілді, 50-ден аса қызметтік көлік сатып алынды. Цифрландыру үдерісі де қарқынды жүруде – заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылып, бағдарламалық құралдар жаңғыртылды.
Бұл қылмыс пен алаяқтықтың алдын алуды жеңілдетіп, қоғаммен өзара әрекеттестікті арттыруға мүмкіндік беруде. Соның нәтижесінде облыстағы қылмыс деңгейі 12,5 пайызға төмендеген.
Мерекелік іс-шара барысында қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Серікұлы Базарбаевтың есімі ерекше аталды. Ол аса ауыр жарақат алса да күдіктіні қарусыздандыруға күш салды. Оның ерлігі үшін «Айбын» ордені (марқұмнан кейін) беріліп, есімі департамент ғимараты алдындағы еске алу тақтасына мәңгілікке жазылды.

Жітіқара аудандық полиция қызметкерлері Нұрлан Шүкманов пен Руслан Қожахметовтің үйлесімді іс-қимылының арқасында мұз астына кеткен азаматтар құтқарылды. Қарабалық аудандық криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Әміржан Топалов үйдегі газ жарылысының алдын алғаны үшін 2024 жылдың мамырында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Полиция ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Олардың қатарында 1971 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек еткен Аманкелді Өмірбаев, инспекторлықтан ІІД бастығының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген Николай Баранов, ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған Алексей Лобазев, Тұрсынбай Сәдуақасов және Илия Ким бар.
Шырақ Қабылбаев атындағы академия да аймаққа он мыңнан астам кадр даярлап, саланың дамуына үлес қосып келеді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин өз сөзінде Қазақстан полициясының 33 жыл ішіндегі жетістіктеріне тоқталып, қызметтің маңыздылығын атап өтті:

«Бұл – заң мен тәртіпті сақтауға ант берген тәртіп сақшылары үшін айрықша күн. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, азаматтардың құқықтарын қорғау – біздің басты міндетіміз. Өкінішке қарай, ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүріп, 830 тәртіп сақшысы қаза тапты. Олардың 52-сі – біздің өңіріміздің батырлары. Ерлік – ұмытылмайтын ұғым, олардың есімі мәңгі жадымызда».
Салтанатты шара аясында бірқатар полиция қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен медальдар табысталды. Сондай-ақ, шендері жоғарылаған қызметкерлер де марапатталды.

Осылайша, үш буын – ардагерлер, қазіргі қызметкерлер және болашақ офицерлер бас қосқан бұл мереке патриотизм мен адал қызметтің үлгісіне айналды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
