20-25 маусым аралығында Қостанай облысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Менің болашақ мамандығым» жобасы жүзеге асырылды.
Жобаға өңірдің 6-9 сынып оқушылары қатысып, бес күн бойы түрлі кәсіпорындар мен колледждердің жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараның мақсаты — мектеп оқушыларын ерте кәсіби бағдарлау, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесу. Оқушылар тек колледждерді ғана емес, болашақта жұмыс істеуі мүмкін өндіріс орындарын да аралады.
Шара барысында балалар «Allur» зауыты, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «МехЛитКом» ЖШС, «ERG», «БК-строй» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Деп», «Технопарк», «Азурит» ЖШС секілді өңірдегі жетекші кәсіпорындардың қызметімен танысып, өндірістік процестерді өз көздерімен көрді.

Сонымен қатар қатысушыларға тәжірибелі мамандар шеберлік сағаттарын өткізіп, көрмелер мен интерактивті ойындар, конкурс түріндегі тапсырмалар ұйымдастырылды. Бұл шаралар оқушылардың қызығушылығын арттырып, кәсіптік бағдарлауға оң әсер етті.

Іс-шара соңында қатысушыларға мамандықтар туралы ақпараттық материалдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар оқушылардың болашақ мамандығын ерте таңдауға көмектесіп қана қоймай, жұмысшы кәсіптердің қоғамдағы маңызын арттырады. «Менің болашақ мамандығым» жобасының табысты тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
