Қостанайда кене шаққандар көбейген

Қостанайда кене шаққандар көбейген

Күн жылынғалы кене шаққандардың қатары көбейіп, сәуір айынан бері 71 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Соның 21-і балалар. Бұл туралы облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары хабарлайды.

–Күннің жылынуымен кенелер де тіріледі. Олардың ең белсенді уақыты сәуір мен мамыр айлары. Тамыздың соңында кенелердің екінші өмірі басталады. Кенелер көптеген аурулардың таратушысы болып саналады. Сондықтан табиғат аясында демалғанда абай болған жөн, – дейді облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитетінің бөлім басшысы А.Қалиева.

Кенелер қалың шөптің, бұталардың, құлаған ағаштардың арасында мекендейді. Сондықтан, табиғат аясына шыққанда жабық аяқ киім, басыңызға бас киім киген абзал. Көбіне кенелер терінің жұқалтаң жерлеріне, мойын, қолтық, тізе асты, сонымен қатар шаш аймағын шағуға құмар. Сондықтан даладан келген соң мұқият тексеріп шыққан жөн.

            –Бірінші кезекте жәндікті денеден алып тастау қажет. Егер жақын жерде медбөлімше болмаса, кенені өзіңіз алып көріңіз. Кенені абайлап, бұрап алу қажет. Ең бастысы – кенені тұмсығына жақын ұстаңыз, оны баспаңыз және жұлып алуға тырыспаңыз, әйтпесе тұмсығы теріге жабысып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда қысқыш пайдалану ұсынылмайды. Кенені суырып алған соң санэпидемстанция зертханасына барып, жәндікті анализге тапсырыңыз. Ол үшін Әл-фараби 113 адресі бойынша «Ұлттық сараптау орталығы» зертханасына барсаңыз да болады. Анализ нәтижесі бойынша дәрігер сізге ем жазып береді. Ең дұрысы дер уақытында дәрігерге жүгіну, – деп ескертеді мамандар.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА.

Жаңалықтармен бөлісу