Санаққа әзірлік жүріп жатыр

Санаққа әзірлік жүріп жатыр

2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – елдің аграрлық секторының жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ауқымды статистикалық зерттеу.

Осыған орай, ағымдағы жылдың 1–30 маусым аралығында Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық аясында листинг кезеңі – яғни, тұрғын үйлерді алдын ала аралау жұмыстары жүргізілуде.

blank

Мақсат — өсірілетін дақылдар немесе төрт түлік туралы ақпаратты нақтылау. Санақ жүргізетін қызметкерлер көрсетілген мекен-жайларға барып, негізгі санаққа қатысатын үй шаруашылықтарының тізімін өзектендіру үстінде.

blank

«Санақ — ҚР Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіледі. Өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, ҚР Үкіметімен бекітілген. Іс-шара екі кезеңде өтеді: онлайн-сауалнама және үй шаруашылықтарын аралап өту. Онлайн-кезең 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында өтеді, онда респонденттер санақ парақтарын өз бетінше толтыра алады. Ал, алдағы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына баратын болады. Бұған дейін, респонденттердің тізімін нақтылау үшін өңіріміздің 5 қаласында (Арқалық, Лисаков, Рудный, Жітіқара, Тобыл) үй шаруашылықтарын алдын ала аралау (листинг) өтеді. Листинг – бұл санақ емес, бірақ санақтың дәл, әрі тиімді өтуі үшін қажет дайындық кезеңі.  Ұлттық статистика бюросының барлық өкілі бейдж-куәлік пен планшетпен қамтылған. Екі адам жұмыс істеп жатыр. Бүгінде белгіленген меженің 30 %– і орындалды. Тұрғындарымыз жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, ынтымақтастық танытуда», – дейді қалалық статистика басқармасының басшысы Нұрлыбек Рауылұлы.

blank

Жалпы, Арқалық қаласы бойынша санаққа 4 мыңнан астам үй шаруашылығы мен 500-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарлануда. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктерде және аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Кеңес алу үшін азаматтар sanaq.gov.kz сайтында sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне немесе 1446 байланыс орталығына жүгіне алады.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                      Арқалық қаласы