Атамнан бір естелік естіп едім,
Сол сырлар көкейімді тесті менің.
Сұрапыл сұм соғыстың зардаптары
Кетіріпті берекесін есті елдің.
Арғы атамның ерліктерін еске алып,
Отан үшін отқа талай түсті дедім.
Тәуелсіздік жылында туғаннан соң
Сұрамасам бұл жайлы білмес едім.
Ия, бұл сұм соғыс талай отбасының берекесін кетіріп, асыраушыларынан алыстатып, елдің ойранын шығарғанын тарихтан оқып, біліп келеміз. Ал, осы байқау болатынын естіп, мен өзімнің аталарым жайлы жазуды жөн көрдім. Ол үшін мен қазіргі таңда Арқалық қаласы, Фурмонов ауылының тұрғыны Темірбай Мұхатин атамнан арғы аталарымның ішінде соғысқа қатысқан кісілер туралы айтып беруін сұрадым. Атамның ағасы Дүйсенбай Мұхатин 1923 жылы туған екен. 1940 жылы соғысқа аттанып, содан оралмаған екен. Сұрапыл соғыста ерлікпен шайқасып, қаза табады. Бірнеше жыл өткеннен кейін ол кісінің Москваның түбінде жерленгенін біліпті. Тәуелсіздік алып, өз алдымызға мемлекет болғаннан соң әрі өзінің ағасының алдындағы інілік парызын орындап, ұрпақтарына үлгі болсын деген ниетпен Темірбай атам 2016 жылы Мәскеуге барып, ағасының жерленген жерін тауып, құран бағыштап қайтады. Елге келген соң сол батыр бабаларға арнап, ағайын-туыстың басын қосып, ас береді. Атамның бұл ісі-ұрпақтарына, мына біздерге үлкен өнегелі іс деп білемін. Сонымен қатар, атамның айтуы бойынша, әжемнің әкесі мен ағалары да сол Мәскеу түбінде жерленген екен. Ол жайында атам кейін біледі. Әбдірахманов Мырзағали, Смағұлұлы Уахит сынды аталарым да сұм соғыстың бел ортасында ерлікпен шайқасқанын да атам баяндап берді. Жалпы, бүгінгі ұрпақ бейбіт күннің қадірін білуі керек. Ол үшін осындай байқаулар тек қана жеңіс күні ғана емес, басқа да күндері өткізіліп, аталарымыздың ерліктері айтылып жүруі тиіс деп ойлаймын. Сөзімді қорыта келе айтарым:
Бейбіт елдің ұрпағымын бүгінде,
Болсын әркез тыныштық тек елімде.
Жеңіс жайлы өткізген байқау үшін
Мың алғыс «Қостанай таңы» газетіне.
Саягүл Мұхатина,
Амангелді жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Амангелді ауданы