Қонай шағын ауданында 30 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді. Оның тоғызы пайдалануға берілді. Ал, 11 үйдің құрылысы биыл толық аяқталады. 2024 жылы қалған 10 үйге тұрғындар қоныстана бастайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте өңір жұртын тұрғын үймен қамту жайы сөз болды.
– Осы жылы жалпы ауданы 6,2 мың шаршы метр 55 жер үйдің құрылысы басталады. Оған 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол жеке үйлер “Отбасы банк” АҚ арқылы сатылатын болады, – деді Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Динара Ықыласова.
Спикер атап өткендей, Береке шағын ауданында жалпы 72 тұрғын үй бой көтеруге тиіс. Қазір төрт қабатты 15 үй салынып жатыр. Коммерциялық құрылыс компанияларының қаржысы есебінен 17 көп қабатты тұрғын үй салынады. Алты үйді “Bolashak Construction Company KZ” ЖШС тұрғызса, 11 үйді “БК-Строй” ЖШС салып береді.
– Шағын ауданда инженерлік желілерін тарту жұмыстары жалғасуда. Газ, электр, су тартылды. Кәріз құбыры мен жылу желілерінің де жұмысы аяқталды. Байланыс желілері тартылып, кірме жолдар салынып жатыр, – деді ол.
Қостанай ауданына келсек, Астана, Бәйтерек шағын аудандарында желілерді жүргізу жұмысы басталды. Аудандарды тігінен жоспарлау және кәріз желілерін жүргізу жұмысы аяқталды.