Игі істерге ұйытқы болған

Игі істерге ұйытқы болған

Қостанай облысында Нұрсұлтан Назарбаев қорының күндері өтуде. Астанадан келген делегация құрамында жиырма бес адам бар. Сарапшылар алдағы үш күнде Қостанай және Рудный қалаларында болып, робот техникасы, ауылшаруашылық, журналистика, PR­менеджмент, инклюзивті білім беру, IT салалары бойынша шеберлік сыныптары мен дәрістер ұйымдастырады. Делегацияның  негізгі мақсаты мен біздің өңірімізге сапары туралы толығырақ білу үшін Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлымен сұхбаттастық.

­ Әлкей Марғұланұлы Қостанайға қош келдіңіз! Жолсапардың мақсаты туралы өз аузыңыздан естісек деп едік.

­ Үш күндік бағдарламамызда А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ­де ауылшаруашылығы, журналистика, жаңа технологиялар мен IT, PR­менеджмент саласында шеберлік сыныптарын өткізіп, Рудныйда орналасқан «Қамқорлық» оңалту орталығын және кеншілер қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысуды мақсат тұттық. 28­сәуір күні кешкі сағат жетіде Қостанайдағы Жастар сарайында «Астана опера және балет театры» сияқты елімізге белгілі үлкен өнер ошақтары артистерінің қатысуымен, яғни, Тұңғыш Президент Қорының лауреаттарымен бірге үлкен концерт ұйымдастырмақпыз. Соның бәрі Қостанай облысының тұрғындарына арналады.

Одан бөлек «Ел үміті» бастамасының шеңберінде «Елбасы» медалі, «Smart ұстаз» секілді жобалардың, «Қабілет», «Мың бала» ұлттық олимпиадасының қатысушыларымен кездесіп, білім басқармасына, облыс мектептерінің директорларына, дарынды балалар орталығының әдіскерлеріне арналған шеберлік сыныптарын өткізбекшіміз.

Қостанай облысында көзі көрмейтін және құлағы естімейтін азаматтарды қолдауға арналған екі қоғам бірлестігі бар екен.   Жұма күні сол екі бірлестіктің әр қайсысына 2,5 млн теңгелік грантымызды бермекшіміз. Барлығы бес миллион теңге. Аталған қаржы ұйымдардың инфрақұрылымдарын жаңалап, жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деген ойдамыз.

­ Не себепті аталған екі бірлестік таңдалып отыр?

­ Біз әр облысқа барардың алдында, сол өңірде белсенді еңбек етіп жүрген үкіметтік емес ұйымдарды іздестіреміз. Сіздердің өңірде осы аталған екі ұйымның қомақты жұмыстарды атқарып, игі бастамаларды қолға алып жатқанын білдік. Мұндай ізгі іске өз қолдауымызды білдіру үшін гранттарды ұсынбақшымыз.

­ Қор делегациясы Қостанай облысына бірінші рет келіп отыр ма?

­ Қостанай облысының алдында Абай облысында болдық. Сіздерден кейін Ақтөбеге барамыз. Бұл іс­шара қордың жыл сайын жүзеге асыратын дәстүрлі жобаларының бірі. Бірақ, әлемдік пандемияға байланысты тоқтатқан едік. Үш жылдан кейін бастамамызды қайта жаңғыртып, аймақтарды аралаудамыз.

­ Қордың жұмысына тоқталсаңыз?

­ Аталмыш қор Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2000 жылы құрылған. Негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: бірінші бағыт ­ білімді, талантты балаларды қорғау, екіншісі ­ инклюзиялық, яғни, ерекше күтімді қажет ететін балаларға медициналық көмек көрсету, үшіншісі ­ Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік, бейбітшілік саласындағы негізгі идеяларын жүзеге асыру. Бірақ, біздің қазіргі барлық жобаларымыз ең алдымен жастарға, өскелең ұрпаққа арналады.

Біз бүгінде әр өңірді аралап, өзіміздің жобаларымызды таныстырып жүрміз. Одан бөлек, аймақтағы ең мықты ҮЕҰ­ды, біздің бағдарламаларымызға қатысып жатқан дарынды жастарды қолдауға әзірміз.

­ Қандай бағдарламаларыңыз бар? Бірнешеуін атап өтсеңіз.

­ Мысалға, «Қамқорлық» бағдарламасы туралы айтайық. Рудныйдағы «Қамқорлық» орталығында 1200 бала кешенді оңалтудан өткен. Тұрақты ем қабылдау нәтижесінде, 120 бала алғашқы тәй­тәй қадамын жасап, 163 бала былдырлап сөйлей бастады. Соның бәрі «Қамқорлық» бағдарламасының тікелей қолдауының арқасында мүмкін болды.

Ал, жастар арасында жыл сайын әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі секілді дәстүрлі жобалдарымыздан бөлек көптеген шәкіртақыларды ұсынамыз. Жыл сайын 80 студентке шәкрітақы тағайындалады. Жастар тарапынан ұсынылған жобаларға бей­жай қарамаймыз. Қоғамдық мәселелерді шешетін кез келген жобаны қолдауға дайынбыз.

Біздің бағдарламаларға еліміздің кез келген өңірінің жастары қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілер арқылы хабардар болып, тікелей өтінім береді. Ал, білім саласындағы «Мың бала» сияқты ұлттық олимпиадасын білім басқармалары жүзеге асыруда. Олимпиадаға білім басқармасы арқылы қатысуға болады.

­ Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болғай!

Сұхбаттасқан Қымбат ДОСЖАНОВА

Жаңалықтармен бөлісу