Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған дөңгелек үстелде агроөнеркәсіп кешенін реттейтін басты құжат – Аграрлық кодексті әзірлеу мәселесі қаралды.
Жиынға қатысушылардың пікірлері әртүрлі болды: біреулері кодекстің қажеттілігін қолдаса, енді біреулері қолданыстағы заңнамамен реттеуді жеткілікті деп санады. Кодексті қабылдауды жақтаған аграршылар бірнеше маңызды аргументтер келтірді.
Бүгінде аграрлық сектор көптеген түйткілдерге тап болуда. Өйткені АӨК саласы 19 түрлі заңмен реттеледі, бұл өз кезегінде заңнаманың шашыраңқылығына әкеледі.
Аграрлық кодекс нақты әрі түсінікті нормаларды қалыптастырып, жедел шешім қабылдауға, әкімшілік шығындарды азайтуға және инвестиция тартуға септігін тигізуі тиіс. Сондай-ақ, заңнама халықаралық стандарттарға сай болуы аса маңызды, – деді «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі Қостанай филиалының төрағасы Марат Ахметов.
Ортақ күш-жігерімізбен біз заман талаптарына жауап беретін, аграрлық саланы дамытуға бағытталған теңгерімді әрі тиімді заң жобасын әзірлей аламыз, – деп түсіндірді Аграрлық кодекстің бастамашысы, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты Динара Ахметова.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Парламентаризм институты жанындағы аграрлық мәселелер, экология және қоршаған ортаны қорғау құқығы орталығының жетекшісі Маржан Жиенбаева кодексті әзірлеу барысында құқықтық көмек көрсетуге, тұжырымдамасын дайындап, құрылымын жасап, оны түрлі сараптамалық алаңдарда талқылауға шығаруға дайын екенін мәлімдеді.
Қостанай облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Бектұрғанов заң жобасын әзірлеуге барлық мүдделі тараптар, соның ішінде түрлі партиялардан сайланған Мәжіліс депутаттары да қатысуы керектігін айтты.Сондай-ақ Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қауымдастығының директоры Светлана Михайленко бұл бастамаға қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Жиынға қатысушылар Аграрлық кодекс – болашақтың құжаты екенін және оны әзірлеу жолында әлі талай жұмыс атқару қажет екенін мойындады.