«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты XXXVI облыстық байқау-фестиваль шеруі Лисаковта өтті

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты XXXVI облыстық байқау-фестиваль шеруі Лисаковта өтті

«Өнеріміз саған, Қазақстан!» атты XXXVI облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы байқау-фестиваль шеруі Лисаков қаласында жалғасты. Жері жомарт, көптеген ұлт пен ұлыстарды бауырына басқа моно шаһар әрқашан талантты жандарға бай.

Жергілікті өнерпаздарға қолдау көрсетіп, олардың өнерін тамашалауға тұрғындар көп жиналды. Жанкүйерлер арасында Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев пен оның орынбасары Саят Шаймұрынов та бар.

Түрлі жанрдағы ән, би, күй, цирк байқау-фестивальге бөлінген уақытта әп-сәтте өтіп кетті. Өнерпаздар да концерттік нөмірлерді бір деммен орындап шықты. Қазылар алқасы барлық шығармаларды жоғары бағалап, келесі қатысушыларға сәттілік тіледі.

Қазақ халық аспаптар ансамблінің жетекшісі Қ. Ерғалиевтің«Маралдым» композициясы, «Сен» блюз-джаз стиліндегі вокалдық-аспаптық композиция саксофоншы Е. Роут, рояль партиясы А. Вейзер, барабанда Е. Гуриннің сүймелдеуімен солист А.Тауканова орындаған нөмір сәтті шықты. Аккордеоншылар ансамблі «Казактар» аспаптық композициясы бар «Whate stars» жетекшісі Н.Остапенко, «Get lucky» аспаптық композициясы бар «Livesound» гитаристер ансамбліне жетекшісі Е.Роут, Е.Петренконың жетекшілігімен «Микс» цирк студиясының өнерін айырықша бағалады.

-Жыл басынан бері моно шаһарда бірлескен бірнеше жобамыз өтті. Әрине, мұның бәрі жергілікті әкімдіктің қолдауымен іске асырылып жатқанын айта кету керек. Сол үшін қаланың билік өкілдеріне алғысымды білдіремін. Лисаков қаласымен бірлескен ортақ жұмысымыз әлдеқашан жолға қойылған, – дейді облыстық мәдениет басқармасының облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы басшысы Дамер Қалқаев.

Биыл аймақтық дәрежедегі байқау отыз алтыншы рет өтуде. Ұйымдастырушы – облыстық мәдениет басқармасы.

– Аймақтық конкурс аясында хореографтар, вокалистер, облыстық филармония өкілдері бар арнайы комиссия құрылды. Топ мүшелері кестеге сай өңірлерге шығып, жергілікті өнерпаздардың шама деңгейін бағалайды. Бүгін біздің домбыра ансамблі, әндер, цирк саласы бойынша өнерпаздардарымыз 17 шығарма көрсетті. Ал, лисаковтық «Вдохновение» би ұжымы бүгінде облысқа, республикаға танымал. Өнерпаздарымыз жоғары деңгейде өз өнерлерін паш етті. Бұл жерде тек кәсіби шеберлер ғана емес, әуесқойларымыз да түрлі аспаптармен сахнаға шығып жатыр. Осының өзі жыл бойы бойы дайындалған үлкен жұмысымыздың нәтижесі, – деді Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев.

«L-O-V-E»  әнін республикалық конкурстарда топ жарған әнші Ермахан Бағдәулет  ерекше шабытпен орындады.  Жас әнші  өнерді бес жасынан серік еткенін айта келе, әкесі домбырада шебер ойнағандықтан, өзінің де өнерге құштарлығы ерте оянды дейді жас өрен.

-Биылғы шығармашылық байқау жылдағыдан қарағанда ерекше әсерлі өтіп жатыр. Репертуар мол, дайындық мықты. Тек ән, би ғана емес, жанр түрлері де әр алуан. Осындай мықты ұжыммен облыста үздік шығамыз деп сенемін, – деді көрермен болып келген қала тұрғыны Сұңқар Мұратқызы.

Көрермендер сахнада сан түрлі бағыттағы өнерді тамашалады. Мұнда мың бұралған би де, күмбірлеген күй де, әуезді әсем ән де әрбір адамның жүрегіне жол таба білді. Көбіне ұлттық нақыштағы шығармалар орындалғанын айта кету керек.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ.

Лисаков қаласы.

СуреттердітүсіргенБағдат АХМЕТБЕКОВ.

Жаңалықтармен бөлісу