26 июня, 2025
Болашақ заңгерлер мен орган өкілдері тәжірибе алмасты

Болашақ заңгерлер мен орган өкілдері тәжірибе алмасты

Бүгін облыстық Әділет департаменті Жастар ресурстық орталығының өкілдерімен бірлесіп, оқу орындарында заңгерлік мамандықта оқитын студенттермен ойын түріндегі сот процесін өткізді.

Бұл іс-шараға арнайы орган өкілдері шақырылды.

Мәселен Анар Қуанышқызы облыстық білікті соттардың қатарында қызмет атқарып келе жатыр.

«Маған жастармен тәжірибе алмасу таңсық емес. Кезінде А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің заң факультетінде дәріс оқығанмын. Ол кезде студенттерді тәжірибеден өтуге органдарға жібереміз. Бүгінгідей сот процесін ашық көрсету деген жоқ. Ол сіздерге берілген жаңа мүмкіндік. Бәріміз жиналып, әділ шығарамыз деп ойлаймын», – деді Анар Қуанышқызы.

Студенттер айыптаушы, жақтаушы жаққа бөлініп дайындық жұмыстарынан кірісті.

Ойын түріндегі сотта Олег Серов есімді 42 жастағы азаматтың ісі қаралды.

«Феникс» инвестициялық қорының бас директоры салымшыларына жоғары кіріс жөнінде уәде берген. Тергеу қор іс жүзінде жұмыс істеді деп мәлімдеді.

Қаржы пирамидасының схемасы бойынша жаңа салымшылардың ақшасы ескі төлемдерге жұмсалып отырған. Түскен қаражаттың бір бөлігін оффшорлық шоттарға аударып, қылмыстың ізін жасыруға тырысады. Оның үстіне салық инспекторына пара берді деген айып тағылды. Міне, істің мән-жайы осындай.

Бірнеше жыл прокурор болып еңбек еткен Еркін Жақсылықұлы айыпталушыны алты жыл бас бостандығынан айырып, мемлекеттік әрі қоғамдық қызметтен бес жыл шеттетуді сұрады.

Адвокат Болат Әбішевтің командасы істі ақтап алуға барынша тырысып бақты.

Кәсіп иесі мемлекеттік қызметкер болмағандықтан жазаны жеңілдететін факторларды іздестірді. Прокурордың айғақтары іс жүзінде дәлелденіп, алқа соты бұл шешімді бірауыздан қабылдады.

Жастар ресурстық орталығы еріктілер секторының меңгерушісі Сымбат Манатова соттың әділ әрі шынайы өткенін жеткізді.

«Сотта қозғалған іс қазіргі қоғамда жиі орын алып отырған жағдай. Сол себепті әдейі таңдап алынған болуы керек. Ойын түрінде болса да қатысушылар сендіре білді. Бұл жастардың алып жатқан білімін іс жүзінде көре білуге үйретеді», – дейді Сымбат Манатова.

Санжар Тілеубекұлы Қазтұтынушылар колледжінің заң факультетінде білім алып жатыр.

Бүгінгі кездесу келешекте үлкен сабақ болғанын айтады.

«Бүгін өзіме қажетті білімнің жартысын алдым деп айта аламын. Сот тартысты өтіп жатыр. Осындай тәжірибе жөнінде жиында көбірек өтсе жақсы болар еді», – дейді Санжар.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Жансая СӘБИТБЕК