3 июня, 2025
Сайлауалды бағдарламаның жүйелі іске асырылуын бақылау тапсырылды

Сайлауалды бағдарламаның жүйелі іске асырылуын бақылау тапсырылды

Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірлерді жаңғырту және экономиканы нығайту бойынша жүйелі жұмысын «АMANAT» партиясы жалғастырып келеді. 2025 жылы негізгі басымдық инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауға, бизнесті қолдауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге берілетін болады.    

Бұл жайында «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы мен жедел штаб сайлауалды бағдарламаның іске асырылуын талқылауға арналған жиында жан-жақты қаралды.

Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды міндеттемелерді орындаудың және қол жеткізілген нәтижелердің маңыздылығын атап өтті.

«Сайлауалды бағдарлама – бұл аймақтың даму бағыттарын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Оны іске асыру әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Халықтың өмір сүру сапасы жақсаруда, инфрақұрылым жаңғыртылуда, өңір экономикасы нығаюда. Біз осы қарқынды сақтап, белгіленген міндеттерді одан әрі іске асыруымыз қажет», – деді облыс әкімі.

«АMANAT» партиясының депутаттық фракциясының жетекшісі Сейітбек Қуанышбаев депутаттар жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп сайлауалды уәделердің орындалуын қадағалап отыратынын алға тартты.

«Сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылау – біздің негізгі жұмысымыздың бірі. 2024 жылы фракция 136 отырыс өткізді, оның 94-і Жол картасының орындалу мәселелеріне арналды. Бұл негізгі көрсеткіштердің орындалмау қаупін уақытында анықтауға және жоюға мүмкіндік берді. Мысалы, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша депутаттардың қолдауымен 181 қайырымдылық акциясы өткізіліп, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 3244 отбасы қамтылды. Мысалы, «Баланы мектепке даярлайық» қайырымдылық акциясы аясында партия 1702 отбасынан шыққан 2289 балаға 30 млн теңгеге көмек көрсетті. Көктемгі су тасқыны кезінде депутаттық корпус топан су салдарын жою жөніндегі жұмысқа белсенді қатысты. Депутаттар жедел штабтар құрамына кіріп, зардап шеккендермен түсіндіру кездесулерін өткізді, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырды. Тек облыстық мәслихат депутаттары су басқан үйлердің тұрғындарына 70 млн теңгеге көмек көрсетті», – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов сайлауалды бағдарламаның жүйелі іске асырылуын бақылауды күшейту және барлық жоспарланған іс-шаралардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.

«Әрбір депутат пен мемлекеттік орган басшысы өзіне жүктелген міндеттер үшін жеке жауапкершілік арқалайды. Біз тек қол жеткізілген нәтижелерді талдап қана қоймай, сондай-ақ туындайтын сын-қатерлерге жедел әрекет етуіміз керек. Барлық құрылымдардың – депутаттық корпус, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің үйлесімді жұмысы ғана өңірдің тұрақты дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», – деп түйіндеді облыс әкімі.

Әлеуметтік саланы дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. 2024 жылы облыста 3 300 орындық 4 мектеп пен 1 167 орындық 7 балабақша пайдалануға берілді, тағы 7 мектеп пен 2 балабақшаның құрылысы жалғасуда.

Денсаулық сақтау саласында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша 25 нысанның құрылысы аяқталды.

Өңір экономикасының өсуі жүзеге асырылған инвестициялық жобалармен дәлелденді. 2024 жылы құны 150 млрд теңгені құрайтын 68 жаңа өндіріс іске қосылды. Олардың ішінде шойын құю зауыты, «Chevrolet Onix» және «SKODA» автомобильдерін өндіру жобалары бар.Бұл бастамалар өңдеу өнеркәсібінің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

 

 

            

        Айтолқын АЙҚАДАМОВА