7 июня, 2025
Қазақстанда 3 миллион 300 мың адам құмар ойыннан шеттетілді – AMANAT

Қазақстанда 3 миллион 300 мың адам құмар ойыннан шеттетілді – AMANAT

«AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында ел азаматтарын, әсіресе жастар қауымын сарсаңға салған қауіпті індет, яғни лудомания мәселесі талқыланды.

Басқосуға Кеңес мүшелері, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымы және бейнеконференцбайланыс режимі арқылы өңірлердегі азаматтар қатысты.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма негізінде Мәжіліс қабырғасындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бастамашы болып, ойын бизнесі туралы заң жобасы әзірленді. Былтыр Президент осы құжатқа қол қойып, заң өз күшіне енді. Алайда аталған заңды жүйелі жүзеге асыруға қатысты бірқатар мәселе бар.

Сөз басында, Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев елімізде құмар ойындарды жарнамалауға, таратуға және бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетуге тыйым салынғанын атап өтті. Өкінішке қарай, бұл нормалардың бәрі бірдей жүзеге асып жатқан жоқ. Бұған қоса, Мемлекет басшысы кешенді жоспарға қол қойып, уәкілетті органдарға тікелей тапсырма берілді. Ол да толық жүзеге аспады. Заңға сәйкес, еліміздің барлық аймағындағы көше жарнамалары алынып тасталуы керек еді. Бұл талап та орындалған жоқ.

«Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі заң былтыр 9 қыркүйекте күшіне енгеніне қарамастан, демонтаж жұмысын тек қараша айында бастады. Ал Алматы және Шымкент қалаларының, Алматы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының әкімдіктері осы күнге дейін уәкілетті органға, яғни Туризм және спорт министрлігіне аймақта құмар ойынға шақыратын қанша жарнама болғаны, қаншасының көзі жойылғаны туралы ақпаратты мүлдем бермей отыр. Тіпті, кейбір облыс әкімдіктері лудоманияға шақыратын жарнаманың ешқашан болмағанын айтуда. Бұл – ақылға сыймайтын ақпарат», – деді ол.

Кеңес төрағасының айтуынша, заңға сәйкес құмар ойынға Face ID жүйесін енгізу міндеттелді. Соған қарамастан, аталған жүйе әлі де қолданысқа енгізілген жоқ. Бұған қоса, әлеуметтік нысандардан 100 метр аумақта құмар ойын ойнауға тыйым салынды. Алайда оның жауапкершілігі нақты көрсетілмеді.

Өз кезегінде, Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев букмекерлік кеңселердің белсенді жарнамасына тосқауыл қойылғанын жеткізді.

«Ел аумағында букмекерлік кеңселердің жарнамасы орналастырылған 1700-ге жуық билборд алынып тасталды. Сондай-ақ, 5 миллионнан астам ұялы байланыс абонентін бәс тігуге шақыратын СМС хабарлама жолдануы тыйылды. Ақпараттық кеңістікте букмекердің жарнама алаңы небары оншақты спорт порталымен, телеарнамен шектелді. Бүгінде букмекерлердің жарнамасын орналастыру мәселесі Туризм және спорт министрлігінің ерекше назарында. Жалпы, елімізде құмар ойындар аудиториясы айтарлықтай қысқарып, 3 миллион 300 мың адам осындай ойындардан шеттетілді. Соның ішінде, 15 мыңға жуық азаматтың аккаунттары бұғатталды», – деді ол.

Бұл ретте, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова елімізде құмар ойындарды шектеуге қатысты заң күшіне енгеннен бері букмекерлік кеңселерді жарнамалаған 9 ақпараттық ресурс анықталып, бұғатталғанын атап өтті.

«Бүгінде халықаралық жарыстарды көпшілік назарына ұсынған телеарналар мен спорт бағытындағы бұқаралық ақпарат өкілдері ғана букмекерлік кеңселерді жарнамалауға құқылы. Былтыр интернет казино қызметін жарнамалаған 17 мың интернет ресурс анықталып, 9 мың интернет ресурсына бұғаттау шарасы қолданылды. Ал онлайн платформаларға мониторинг жүргізу барысында интернет казино жарнамасына қатысты 7967 материал анықталды. Аталған платформалардың меншік иелерімен осы материалдарды жою бойынша тиісті жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, былтыр уәкілетті органда лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселерді жарнамалаған 62 материал анықталып, тиісті шара қабылданды. Бұған қоса, интернет казиноны жарнамалайтын медиа тұлғалар да аз емес. Заңға сәйкес, ондай азаматтарға да тиісті әкімшілік шара қабылдау көзделген», – деді вице-министр.

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева құмар ойындардың қолжетімділігі әлемдік қауымдастық үшін ортақ мәселе болып отырғанын алға тартты.

«Жыл басынан бері елімізде құмар ойындардан, психоактивті заттардан патологиялық емделуді қажет ететін 593 адам консультациялық бақылауға алынды. Оның ішінде, құмар ойындарға қатысты 7 адам бар. Бүгінде 5 адам динамикалық, ал 7 адам консультативтік бақылауымызда тұр. Сондай-ақ, Психикалық денсаулық орталығының Павлодардағы филиалында 74 адам құмар ойындардан патологиялық емделу диагнозы бойынша ем қабылдады», – деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Жиынды қорытындылай келе Кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев орталық мемлекеттік органдардың өкілдеріне заң аясында атқарылып жатқан жұмысты күшейтіп, Мемлекет басшысы қол қойған кешенді жоспарды толық орындаудың маңызын жеткізді.

Суреттерді түсірген: Нұрдәулет Болысбек