Биылғы жылу беру маусымы аяқталуға таяп қалды. Алдағы апталарда үш күн бойы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10ºС градус жылылықты көрсетсе Қостанай қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беру тоқтамақ. Бұл туралы дүйсенбілік аппарат жиналысында белгілі болды. 2022-2023 жылдар аралығындағы жылу беру маусымын аяқтау жұмыстары туралы қала әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов баяндады. Биылғы жылыту маусымы 2022 жылдың 29 қыркүйегінде басталып, қазіргі уақытта штатты режимде жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылыту маусымы 27 сәуірде аяқталған болатын. Ал, биыл алдағы апталардың тұрақты ауа райына байланысты сөндірілмек. Жылу беруді тоқтату жұмыстары нормативтерге сәйкес жүзеге асады.
Алмат Исмағұловтың айтуынша, биылдыққа қаладағы жылу құбырларында 181 жарылыс болған. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артуда. Мәселен, 2019-2020 жылдары 81 жарылыс, 2020-2021 жылдары 114, 2021-2022 жылдары 210 жарылыс болған. Мұндай апатты жағдай құбырлар мен жылыту қазандықтарын жаңғырту және жөндеу жұмыстарының аздығы мен қаржыландырудың жетіспеушілігінен туындап отыр.
Қостанай қаласындағы жылумен қамту жұмыстарын “Қостанай жылытуэнергетикалық компаниясы” МКК жүргізеді. Қала нысандарын орталықтандырылған жылумен қамту көрсеткіші 87%-ті құрайды. Жылыту кәсіпорнының құрамына ЖЭО, ЖЭО-2, №3 қазандық, шағын қазандықтар цехы (барлығы 12 қазандық) кіреді. Ал, тұтынушылардың жалпы саны 79 020 адамға жеткен.
– Қалада көп қабатты тұрғын үйлер мен жаңа шағын аудандар көптеп салынуда. Құрылыс көлемі артқан сайын жылыту энергиясын тұтынушылардың саны да көбеюде. Сұранысты өтеу мақсатында қолданыстағы жылу құбырларын үнемі жаңғыртып отыру қажет. Осы жылдың 14 сәуіріндегі жағдай бойынша, халықтың коммуналдық қызметтерге қарызы 449, 8 млн теңгеге тең болды. Осы сәтті пайдалана отырып, қала тұрғындарынан қарызды тез арада өтеу қажеттігін өтінгім келеді, – деді қала әкімінің орынбасары Алмат Исмағұлов.
Қымбат ДОСЖАНОВА