5 июня, 2025
Несібелі Бәсенова: «Балаға бауыр етім деп қараңыз»

Несібелі Бәсенова: «Балаға бауыр етім деп қараңыз»

Бүгінде балалардың құқығы мен мүдделері қалай қорғалып жатыр? Әрине, ата-анадан бөлек, баланың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Қостанай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Бәсеновамен сөйлесіп, «Баласын ұрып жатқан ата-ананы көрсеңіз, не істеу керек?», «Балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салуға бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Несібелі Зариванқызы, мемлекет балалардың құқықтарын қорғау үшін бірқатар шаралар қабылданып, назарға алынғанын білеміз. Жалпы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз.
-Елімізде балалардың құқықтарын қорғау үшін арнайы заңдар бар. Олардың ішінде ең негізгісі — Балалардың құқықтарын қорғау туралы заң. Бұл заңда балалардың құқықтары, оларды қорғау тетіктері және заңды пайдаланудың нақты ережелері көрсетілген. Жақында осы заңға бірқатар өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, барлық өңірлерде балалар құқығын қорғау өкілдері жұмыс істейді. Мысалы, мен екінші жыл осы салада жұмыс істеп жүрмін. Тек заң бұзушылық орын алған жағдайда ғана араласамын. Балаларға қатысты барлық мәселелерге байланысты көптеген бағдарламалар да жүзеге асырылып жатыр.
Балалардың құқықтарын қорғау үшін басты заң бар. Одан басқа соңғы екі-үш жылда өңірлік балалар құқығын қорғау өкілдері пайда болды. Менің міндетім – бала құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Қазіргі уақытта көптеген бағдарламалар бар, бірақ мен тек заң бұзылған жағдайларда ғана араласып, тиісті органдармен тығыз байланыста жұмыс жасаймын. Мысалы, өткен жылы менің қарамағыма 75 арыз, шағым түсті. Бұл арыздарды өзім жеке қараймын. Себебі менде көмекші жоқ және маған еңбекақы төленбейді, сол себепті бұл жұмыс ауыр әрі жауапты.
Балалардың құқығы жиі бұзыла ма?
-Иә, өткен жылы бірнеше күрделі оқиғаларды шешу үшін араласуыма тура келді. Мысалы, жазда бес жасар баланы зорлап кеткен үш жасөспіріммен байланысты іс менің қарамағыма түсті. Өздеріңіз білесіздер, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сонымен қатар, Әулиекөл ауданында мектеп директорының бір оқушы қызға буллинг жасағаны туралы ақпарат тарады. Біз сол оқиғаны шешу үшін бірнеше рет комиссиялар ұйымдастырдық. Жітіқара ауданында болған трагедия, яғни бес баланың өртеніп кетуі, өте ауыр жағдай болды. Сол кезде мен таңертең таңғы жетіде хабар алып, аязға қарамастан оқиға орнына барып, көмек көрсетуге тырыстым. Осындай оқиғалар әртүрлі аудандарда жиі болып тұрады, және әрқайсысымен жеке жұмыс жүргіземін.
2010-2016 жылдары ЮНИСЕФ Қазақстанда зерттеу жүргізіп, ересектердің 75 пайызы баланы ұрып-соғып тәрбиелеуді қолдайтынын анықтады. Баласын ұратын ата-анаға не айтасыз?
– Өкінішке қарай, кей ата-ана баланы осылай тәрбиелеу керек деп есептейді. «Бізді де ұрды, одан өлген жоқпыз» дейді. Бұл – қате пікір. Мұғалімнің балаға осылай қарауын қалыпты көретін ата-ана да бар. Олар мұғалім баланы оқытудың жолын жақсырақ біледі деп ойлайды.
Балаға дөрекілік көрсетіп, күш қолдану шектеулерге, кейін ата-ана құқығынан айыруға апарып соғуы мүмкін. Осы тұста ата-аналарға айтарым бар: «Балаңыздың өміріндегі ең жақын адамсыз. Жалғызілікті ана не әке болсаңыз да, бауыр етіңіз – балаңызбен ақтарылып сөйлесуге уақыт табуға тырысыңыз. Күніңіз қалай өткенін айтып, қуанышыңыз бен қайғыңызды бөлісіңіз. Баланың жанашыр көзбен қарап, сізді қолдап, шабыттандырып, көмектесуге дайын екенін түсінесіз. Ол үшін қорқынышты, бөтен адам емес, қаһарман болыңыз. Баланы ұрған сайын, оны өзіңізден алыстатасыз. Кейін ол да сіздің әрекетіңізді қайталап, басқаларға күш қолданатын болады.
Ата-анасы баласын ұрып-соғып жатқанын көрген куәгерлер не істеуі керек? Қайда хабарласқаны жөн?
– Мұндайға көз жұма қарауға болмайды. Бір адам баласын ұрып жатқанын көрсеңіз, ол адаммен сөйлесіңіз. Сөз тыңдаса, әрине. Көбіне айтқаныңызға құлақ аспайды. Кәмелет жасына толмаған балалар ісі жөніндегі инспекцияға, учаскелік полиция қызметкеріне хабарласыңыз. Көршіңіз болса, сөйлесіп, отбасын бақылауға алады. Қамқоршылық органына, бала құқығын қорғау жөніндегі комитетке, балалар мен жастарға арналған сенім телефонына («150») хабар беруге болады. Бізге де жүгінсеңіз де болады, міндетті түрде көмектесеміз. Әр жағдайға жеке қарап, баланың мүддесін бәрінен жоғары қоюды ұмытпау керек.
Буллинг мәселесі туралы ойыңыз қандай? Алдын алуға үшін қандай жұмыстар жүргізілуі қажет?
-Буллинг мектептерде бұрыннан бар, бірақ қазіргі кезде бұл мәселені ерекше назарда ұстап отырмыз. Менің ойымша, бұл тек мектептердің ғана емес, ата-аналардың да үлкен жауапкершілігі болуы керек. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне қатаң бақылау жасап, интернеттегі қауіпті жағдайларды болдырмау үшін шаралар қабылдауы керек. Буллингтің алдын алу үшін мектептер мен әлеуметтік қызметтер бірігіп жұмыс істеп, балаларды қорғау бойынша кешенді шаралар қолдануы қажет.
-Интернеттің бала қауіпсіздігіне қандай әсері бар?
-Интернет қазіргі уақытта балалар үшін өте қауіпті орынға айналып отыр. Олар түрлі зиянды ақпараттарға тап болуы мүмкін, сондықтан ата-аналардың балаларының интернетте не істеп жүргенін қадағалауы маңызды. Білім беру саласы мен басқа да мемлекеттік органдар осы мәселемен тұрақты түрде жұмыс істеп, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек.
Жалпы, заң саласында көптеген жылдар еңбек етіп келесіз, бала құқықтарын қорғауға қатысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?
-Менің ойымша, балалардың құқықтарын қорғауда ең маңыздысы – мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысын күшейту. Әр ауданда мен сияқты балалардың құқықтарын қорғайтын өкілдер болса, менің жұмысым жеңіл болар еді. Бірақ қазір мен жалғыз жұмыс істеп жатырмын, сол себепті әрбір арызды мұқият қарап, заң бұзушылықтарды болдырмау үшін тиісті органдармен байланыста жұмыс істеймін. Әлеуметтік жағдайларды жақсарту үшін тек заңды ғана емес, қоғамның белсенді қатысуы да қажет. Оқу орындарында психолог, кәмелет жасына толмаған балалармен жұмыс істейтін инспектор және құқық қорғаушылардың қатысуымен түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек.
-Әңгімеңізге рақмет!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Бекзат ӨМІРБЕК,
ҚӨУ студенті