Ғашықтар күні: сіз не дейсіз? фото: naqtygazeti.kz

Ғашықтар күні: сіз не дейсіз?

15-ші сәуірді «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», яғни ғашықтар күні деп білеміз. Ал бұл күнге Қостанай қаласының тұрғындарының ой-пікірі қандай? Арнайы сауалнама жүргізген едік.

Сәуле Мақанова, қала тұрғыны:

– Бұл күнді жастардың бір-біріне деген риясыз сезімін білдіретін күн деп білемін. Бұрын біздің кезімізде бұндай күн болмады. Қазір заман жаңарып, адамның ақыл-ойы жанданған сайын өзіндік өзгешеліктер де болмақ. Ғашықтар күні де заманға сай өзіндік мәнге ие күн.

 

Жасұлан БАЗЕН, қалалық мәслихат әдіскері:

– Ғашықтар күніне бейтарап көзқараспен қараймын. Менің ойымша, жұптардың бірі-біріне деген сезімі жасырын болғаны дұрыс. Арнайы бір күнді белгілеп, сол күнді ғана тойлау және естелік деп әлеуметтік желіге сурет қою қисынсыздау көрінеді. Бұл күнді ерекше күн деп емес, қарапайым күн ретінде санаймын.

Хадиша Хасенова, қала тұрғыны:

– 15 сәуір – керемет күн. Мен, әрине, үлкен жастағы адаммын. Бірақ, бұл күннің жақсы екенін білем. Отбасыда болған кикілжіңдер осы күні оң шешімін тауып жатады. Ер мен әйел айыбын түсінісіп, кешірім сұрайды. Отбасының татулығы ұлт пен ұрпақтың жарқын болашағының көрінісі емес пе?!

Бағлан Нұрланұлы, «Қостанай дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері:

– Ғашықтар күніне деген көзқарасым жақсы. Бізде бұған деген қажеттілік бар. Қоғамдағы жастар сезімін ашық білдіруге тырысады. Соған орай олар арнайы себеп іздейді. Мен де сол жастың бірімін. Осы жылы 15-ші сәуір күні сүйіктімді қуанту үшін арнайы сыйлығым бар.

Мәдина МЕЙІРІМ, студент:

– Сүйген ғашығымды әлі кездестірмегендіктен маған 15 ақпан да, 15 сәуір де күнтізбемде қызылмен боя-
лып тұратындай күн емес. Дегенмен, болашақта адал жарым мәңгі бірге болуға ұсыныс жасаса дәл осы күнде жасағанын қалар едім. Ерекше есте қаларлық сәт болары сөзсіз.

Аружан Берікқызы, студент:

– Ғашықтар күні мен үшін ерекше күндердің бірі. Бұл күні жұптар бірі-біріне деген ыстық сезімі мен махаббатын білдіреді. 15-ші сәуір күні әлем өзгеше, ғажайып күйге енеді. Бірақ тек бір күнді ғана белгілеп тойлау қисынсыз. Себебі, махаббат ол таусылмайтын мәңгілік нәрсе.

 

 Сауалнаманы жүргізген Бибіт МИРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу