Қазақтың қолданбалы қолөнерін жаңғыртқан кәсіпкер

Қазақтың қолданбалы қолөнерін жаңғыртқан кәсіпкер

Былғарыдан түрлі бұйымдар жасайтын Тимур Фазылханов аудан орталығында тұрып, хоббиін табыс көзіне айналдырып отырған жас кәсіпкер. Ол күнделікті тіршілігінен бөлек, қазақтың ұлттық өнерін жаңғыртып, қолдан жасалған бұйымдарымен көпшіліктің назарын аударуда.

Бүгінде ол бұл өнерді әрі қарай дамытпақ ойда. 27 жастағы Тимур Рудныйдағы политехникалық колледжінде «Темір жол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты бақылау» мамандығын бітірген. Алайда, мамандық бойынша жұмыс істемей, жеке кәсіп ашуды жөн көрген.

Ал қолөнерге деген қызығушылығы оған қосымша шабыт беріп, бұл саланы терең зерттеуге итермелеген.  Әуелі интернеттен ізденіп, былғары өңдеу және бұйым жасау әдістерін меңгерген. Кейін отбасына және өзіне қажетті бұйымдарды тіге бастайды. Оның алғашқы қолынан шыққан бұйымы – былғары белбеу.

Бұл туынды көптің көңілінен шығып, жергілікті тұрғындардан тапсырыстар түсе бастаған. Бүгінде Тимур тек белбеу ғана емес, әмиян, шоппер сөмке, карта салғыш және басқа да былғарыдан жасалатын бұйымдардың бірнеше түрін дайындайды. Әр бұйымы ерекше дизайнмен және сапалы материалмен жасалады.

«Қашау, пышақ, түрпі сияқты қарапайым құралдар арқылы жасаған өнімдердің сапасы жоғары әрі қолдан жасалғаны көрініп тұрады», – дейді ол.

Тимур мемлекеттік грантқа қатысып, ұлттық өнерді қолдауға арналған жобасын ұсынған. Алайда, грант қазіргі таңда әлеуметтік әлсіз топтарға бағытталғандықтан, қолдауға ие болмаған. Соған қарамастан, кәсіпкер ұлттық өнерді дамытып, қазақтың мәдени мұрасын жаңғыртуды мақсат тұтып отыр.

«Қолөнер – ата-бабаларымыздан жеткен асыл мұра. Әрбір бұйымда тарихтың, еңбектің ізі жатыр. Сондықтан да бұл өнерді заманауи тұрғыда дамытып, халыққа жеткізу – менің басты мақсатым», – дейді ол.

Әр бұйымның артында еңбек, ынта, жігер мен шеберлік тұр. Сондықтан да Тимурдың қолынан шыққан әрбір өнім оның бойындағы өнер мен шеберлікті, еңбекке деген сүйіспеншілікті айқын көрсетеді. Ол өз кәсіпкерлігін тек табыс көзі ретінде емес, ұлттық мұраны жаңғырту және дамыту жолы ретінде көреді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Әйгерім МҰРАТБЕК,
ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу