Қостанайдағы «КАМЛИТ.КЗ» зауытының алаңында облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына негізделген кеңес өтті. Алқалы басқосуды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде жыл бойы атқарылған ауқымды іс-шараларға кеңірек тоқталды.
«Ең алдымен, өткен жылдың басында Мемлекет басшысы 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың кем дегенде 6% деңгейінде өсуін қамтамасыз ету бойынша алдымызға міндет қойғанын атап өткім келеді. Біз аталған тапсырманы орындап, экономикалық өсуді 6%-тен астам деңгейде қамтамасыз еттік. Мәселен, ауыл шаруашылығында 22,1%-ке, өнеркәсіпте 2,3%-ке, құрылыста 24,9%-ке өсті. Инвестиция тарту 11,7%, сауда 10,9%, көлік құрастыру 6,3%-ке жеткізілді. Жалпы, соңғы екі жылда біз маңызды экономикалық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсімге қол жеткіздік. Облыс бюджеті 1,6 есеге артып, негізгі капиталға тартылған инвестиция 30%-ке ұлғайды», – деп атап көрсетті өңір басшысы.
Өнеркәсіп секторындағы өнім өндіру көлемі 2024 жыл 2,9 трлн теңгеге жеткен. Металлургия, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп салаларында жалпы сомасы 125,8 млрд теңгеге жеті инвестициялық жоба іске асырылып, 1,4 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де едәуір өскені байқалады. Бұл салада екі ірі жоба -«Аруана 2010» диірмен кешені және «МИЛХ» ірімшік өндіру зауыты ел игілігіне айналды. Бұған 10 млрд теңге инвестиция тартылып, 135 жұмыс орны құрылды ашылғаны мәлім.
Жалпы, былтыр астықты өңірде 48 мыңнан астам адам еңбекке тартылған. Соның ішінде он үш мыңы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны 40%-ке төмендеді.
-Тұрғын үй құрылысы саласында 2024 жылы 4,7% өсіммен 500 шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда облыста 47 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар кезекте тұрған әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар үшін 18 млрд теңгеден астам сомаға 940 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,7 есеге артық. Өткен жылы облыста 47 әлеуметтік нысан салынды. Яғни, 2 мектеп, 7 балабақша, 25 ФАП және дәрігерлік амбулатория , 2 емхана, 1 балалар орталығы, 10 спорт нысаны бүгінде қолданысқа енгізілді. Жол және коммуналдық инфрақұрылым саласында үлкен жұмыс жүргізілді. Өңірде 1 300 шақырымнан астам жол, сондай-ақ, облыстың 108 елді мекеніндегі 371 көше, 70-тен астам ауылда кіреберіс жол жөнделді, – деді облыс басшысы.,
Қысқасы, өткен жыл біздің облыс үшін айтарлықтай табысты жыл болды. Өңірдің он алты ауданы мен төрт қаласында бірнеше жоба жүзеге асып, ауылдар абаттандырылды.
Шалғай ауылдардың өзінде жол, ауыз су, көщелерді жарықтандыру, интернет мәселелері шешілді. Облыс әкімінің орынбасарлары Арман Әбенов, Гүлбарам Мұсағазина және Берік Таңжарықовтар әр аудан мен қалалардағы атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, олардың жергілікті тұрғындар үшін маңызы айрықша екендігін атап өтті.
-Көріп отырғандарыңыздай, өңірлердің әрқайсысы облыстың дамуына өз үлесін қосты. Соның арқасында біз экономиканың белгілі бір деңгейде өсуін қамтамасыз еттік. Биыл да бұл жұмыс жалғасатын болады. Осы мақсаттар үшін 2025 жылға арналған бюджет қабылданды. Ол өткен жылдан 6,2%-ке артық. Кейіннен бюджет қаражаты ұлғайтылмақ. Бұл бізге барлық жоспарды іске асыруға мүмкіндік береді, – деді Қ.Ақсақалов.
Толығырақ газеттің жұма күнгі санынан оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ