Күні кеше ғана сайытымызда жазғанымыздай, биыл тұңғыш рет өткелі отырған “Ыбырай оқулары – 2025” обылстық оқушылар байқауына ұлы ағартушының өлеңдері іріктеліп алынған болатын. Арнаулы кеңес мүшелерінің талқысынан өтіп, түпнұсқаға сай өңдеріп, бірізділендірілген, байқау қатысушыларына ұсынылатын өлеңдерді назарларыңызға ұсынамыз.
Азған елдің хандары
Азған елдің хандары,
Тақ үстінде отырғандары.
Жарлыдан алып байларға,
Сыйлар берсе керек-ті.
* * *
Азған елдің қожасы,
Қыдырып келер есікке.
«Бұл үйде кім бар екен?» деп,
Көзін салар тесікке.
Балаларын бастырып,
Қатындарын састырып,
Төрге қарай ұмтылып,
Тамақ үшін қылғынып,
Дуа қылса керек-ті.
* * *
Азған елдің молдасы,
Үлкен болар сәлдесі.
Аса бауыр қылмаңыз,
Оның рас емес олдасы.
Көрмей – білмей біреуге,
Куәлік берсе керек – ті.
* * *
Азған елдің билерінің,
Барар болсаң алдына,
Алым берсең тамағына,
Қарар ма ол сенің әліңе?
Қорадағы малыңа,
Төре берсе керек-ті.
* * *
Азған елдің байлары,
Ұлық тұтар басын -ай.
Қайда дәулетті адам болса,
Берер соған асын- ай.
Көзін сүзіп бір кәріп,
Төгіп келсе жасын-ай,
Бермек түгіл, бейшараны
Масқара қылса керек – ті.
* * *
Азған елдің адамына
Айтсаң тіліңді алмағай.
Кетсе шарлап жия алмағай,
Бір Тәңірден ұялмағай,
«Бүгін тоба қылайын.
Ертең тоба қылайын
Қашан тоба қылғанымша.
Үзіп-жұлқып алайын», – деп,
Өлшеп берген өмірін
Зая қылса керек-ті…
Ей, достарым
Ей, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма!
Қолыңнан келсе қыл қайыр,
Кісіден алушы болма.
Жақсының жүзі жәндетті,
Бір көруің қанібетті,
Жаманның ісі міндетті,
Зар берсе алушы болма!
Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа.
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа.
Күндердің күні болғанда,
Ол жаман айғақ болар басыңа.
Бар күшіңді сынаспай,
Балуандарменен күреспе.
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың көлемге.
Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
Дұшпаныңнан бір сақтан!
Сырты майда, іші қан,
Ел ішінде жар-жора,
Достарыңнан бір сақтанғанда мың сақтан!
Ей, жігіттер
Ей, жігіттер, үлгі алмаңыз
Азған елдің ішінен.
Алыс-алыс қашыңыздар
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзден салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар.
Өзі болған ерлердің
Аяғынан алмаңыздар.
Әр елге, әр жұртқа алтын сақа табылмас.
Бас ауырса бақсыларды
Алып келіп бақтырарсың.
Жазықсыз жануарды сойып,
Өкпеменен қақтырарсың.
Жын-бәлекет қашады деп,
Тұмар алып тақтырарсың.
Білмес надан еткен істен
Ешбір қайыр табылмас.
Алған жарың жаман болса,
Бір Тәңірге көп налырсың.
«Жарым сондай болса екен» деп,
Көрінгенге көз саларсың.
Әзелде маңдайыңа нені жазса соны аларсың.
Бәріңізге қасы қара, қызыл жүзді табылмас.
Катының өлсе, қарыс ұрып қаларсың.
Аны – мұны қармалап,
Жаңа біреуді аларсың.
Бір кеткен соң қамқор әке – шешең табылмас.
Кел, балалар, оқылық
Бір құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық.
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры
Бастасаңыз Алдалап.
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Мал дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы,
Күннен күнге көп болар
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Сиса көйлек үстіңде
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер-білім – бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Надандықтын белгісі –
Еш ақылға жарымас.
Жайылып жүрген айуандай
Ақ, қараны танымас.
Аяңшыл ат арымас,
Білім деген қарымас.
Жөн білмеген наданға
Қыдыр ата дарымас.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу деген шыны-ды,
Тұрған сайын шыныққан.
Оқу білген адамдар
Май тамызған қылыштан.
Білмегенді білуге
Есті бала тырысқан,
Есер бала ұрысқан.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Әлпештеген ата-ана
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата-анаң қартайса,
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса,
Сүйеу болар бұл оқу!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды,
Танымаған құдайды
Не қылғанда ұнайды?
Шырағым адам болгай деп,
Ата–анаң жылайды,
Баладан қайыр болмаса,
Баланы неге сұрайды
Қой, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Өзен
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Көңілің суын ішсең ашылады,
Денеңде бар дертінді қашырады.
Өксіген оттай жанып жануарлар
Өзеннен рақат тауып басылады.
Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары
Шуылдап желмен бірге бас ұрады…
Он мың мал айдап өтсең, лай қалмайды,
Тасыса, су бармаған сай қалмайды.
Тасыған өзен судың қуатымен
Көк шығып шөп бітпеген жай қалмайды.
Ел қыстап күн көреді жаныбында,
Дәм болар алуан – алуан балығында…
Тас таста, алтын таста сынамаққа,
Сонда да аққан өзен қалыбында.
Құдіретін құдайымның көресің бе?
Не нәжіс тоқтар өзен денесінде…
Арыстан демалуға суға кірсе,
Балықтар шымшып ойнар терісінде…
Өнер-білім бар жұрттар
Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып – жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды.
Мың шақырым жерлерге,
Аты жоқ құр арбаны
Күн жарымда барғызды.
Адамды құстай ұшырды;
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді;
Отынсыз тамақ пісірді,
Сусыздан сусын ішірді.
Теңізде жүзді балықтай,
Дүниені кезді жалықпай.
Білгендерге осылар
Бәрі-дағы анықтай,
Білмегенге танықтай;
Біз де бекер жатпалық,
Осыларға таныспай;
Ат өнері білінбес
Бәйгеге түсіп жарыспай;
Желкілдеп шыққан көк шөптей
Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
«Өнер – жігіт көркі» деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ, сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды.
Жаз
Сәуірде көтерілер рақмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы…
Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.
Жақындар Құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.
Аспаннан рақымменен күн төнгенде,
Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
Шапақтан бұлт шығар мұнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер тұманданып.
Адамзат нұр ауасын судай жұтар,
Шөл тартқан айуандарша құмарланып.
Жетпеген үлкендікке жас балалар
Жүгірер ойдан-қырға жұмарланып…
Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,
Нөсердің қуатымен жер шөбі өсер.
Көкорай дүние жүзі шалғын болып…
Жын, айуан, адамизат бауырын төсер.
Жан-жәндік рахат тауып тұру үшін
Ұшпақтан хош иісті желдер есер.
Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,
Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен.
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ел шығады алуан-алуан.
Күлісіп, құшақтасып әзіл етер,
Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған…
Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар күліп кел деп мұнда.
Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна
Адамзат сайран етер көңілі жай,
Секіріп ойын салар құлын мен тай.
Қой маңырап, сиыр мөңіреп шат болады,
Тасиды күркіресіп өзен мен сай.
Аяғын алшақ басып түйе шығар,
Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай
Кеш болса, күн қонады таудан асып,
Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып
Аһ ұрып шүкірлікпен құшақтасар
Рақатпен кеш уақытында неше асық…
Боз үйден таң алдында күйеу шықса,
Артынан қарар жары жүзін басып.
Құдайға шүкір айтар жас пен кәрі,
Бердің деп жанға рақат мұндай дәрі
Жын-айуан, адамизат, құрт-құмырсқа.
Разылық бір құдайға асар зары
Қырда орман, жер жүзінде бәйшешектер,
Шуылдап шүкір етер мұның бәрі
Бұл кім?
Береке кеткен елдерде
Күн қысқарса керек-ті.
Алатаудай атаға
Ұл қышқырса керек-ті.
«Бала, бала, бала!»деп,
Түндешошыпоянған.
Түнұйқысынтөртбөліп,
Түндебесіктаянған.
Аялықолдаталпынтқан,
Қаймақтысүттейқалқытқан,
Суықболса, жөргегін
Қорғасыноқтайбалқытқан.
Айналасына ас қойып,
Айдындыкөлдейшалқытқан.
Қолынқаттытигізбей,
Кірлікөйлеккигізбей,
Иісінжұпар аңқытқан.
Сондай сорлы анаға
Қыз қышқырса керек -ті.
ӨСИЕТ ӨЛЕҢДЕР
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын,
Бәріміз бір Адамның баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барарсыңыз.
Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен,
Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен.
«Отыз ұлым бар ғой» деп көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен…
Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің пенде екенін сонда біліп.
Мұнан соң тақ Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып.
Ескендір патша болып дүниені алған,
Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.
Жалғыз-ақ өлмеске айла табамын деп,
Ізденіп мәңгі суын, соған барған.
Мәңгіден су ішкенге өлім болмас,
Ескендір мұны сұрап білген, рас.
«Су әпкел» деп жіберді уәзірлерін,
Уәзірі қасындағы Қыдыр Ілияс.
Екеуі барды суға, судан ішті,
Бір кесе патша үшін және алысты.
Енді қайтып жүрелік деп тұрғанда,
Бір адамға сол жерде көзі түсті.
Сұрасты мұнда отырған неткен жансыз,
Қарасақ келбетіңе мұсылмансыз?
Сонда ол кісі өз жайын баян етті:
«Мен – дағы бір патша едім еш күмәнсіз.
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен,
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп.
«Ах» енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді құдай тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім.
«Ах», деді Қыдыр Ильяс қайтып келді,
Сонда да кеседегі суын берді.
Ішейін деп Ескендір ұмтылғанда,
Су Ескендір аузына бармады енді.
Тағында тақ Сүлеймен нағылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Нушеруан діні кәпір әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзбаңыз әділдікті пұл-мал үшін,
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылған үшін?
Аюбты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек-бөлек соның дені…
Мал-жаннан, ру, туған – бәрі безіп ,
Далада жалғыз жатып «Алда» деді.
Малды алды, баланы алды, сабыр етті,
Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.
«Разымын не берсең де Құдайым» деп,
Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті.
Қорлама кем адамды, болсаң дана,
Кәріпті құдай сүйсе не еді шара?
Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба,
Пір болды түйешіден Ойсылқара.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды.
Мекенін білемісіз, қайда қалды,
Жомарттық қылған үшін Атымтайдың?
Иманды ер құдайынан ұялады,
Ұялып иесінен сый алады…
Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,
Кәріп көңілі бір сыңғақ биялады…
* * *
Араз бол, кедей болсаң, ұрлықпенен,
Кете бар, кессе басың, шындықпенен.
Қорек тап, бейнеттен де, тәңіріңжәрдем,
Телмірмебірадамғамұңдықпенен.
Адамға бір өзіңдей көзің сүзбе,
Бір әділ қазнасы кең патшаңды ізде.
Қорексіз еш пендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе.
. * * *
Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,
Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.
Іске аспай бақ дәулеттің қалуы оңай,
Басыңнан бағың тайған шағыңызда.
Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,
Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.
Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,
Тұрмаған ажар ара ажалына.
* * *
Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған…
Меңзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүниеде еш нәрседен тына алмаған.
* * *
Арық мал жан жолатпас бір жалданса,
Пенде ойлар кемімен деп бір малданса.
Қадамы әзіз ердің ұзамайды,
Жігітке бақыт шіркін сырт айналса.
Ағайын жат болады, алысболса,
Боладыжат та жақын, танысболса.
Достарыңдұшпантүгілтабалайды,
Аяғыңбірнәрседеншалысболса.
Асылы залымдардың лайланды,
Дүниені маған десең шыр айналдыр.
Ит үрер жақсыға да,жаманға да,
Қылмағы бірақ залал Құдайдан -ды.
Балғожа бидің баласына жазған хаты
Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жәрдем берсін ҚұдайТағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп, сәлем жазады бүгін саған.
Атаңды сағындым деп асығарсың,
Сабаққа көңіл берсең, басыларсың.
Ата-анаңды, өнер білсең, асырарсың,
Надан боп білмей қалсаң, аһ ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең, нетер едің?
Қолыңа құрық алып кетер едің.
Тентіреп екі ауылдың арасында
Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!
Балғожа бидің баласына айтқан ақылы
Қарағым, көзім нұры, көңіл гүлім,
Сөзімді ілтипатпен тыңдап ұғын.
Айрылма мұсылмандық тұтқасынан,
Өлім хақ, өмір өтер, тұрмас бір күн.
Барасың қамап тұрған қалың жауға,
Бола гөр өзіңе-өзің тым-ақ мығым.
Дау-жанжал, карта, арақ, нәпсіге еру,
Папирос дедім жау деп бәрін мұның.
«Ойын-күлкі мәжіліске жолама» деп,
Насихат көп айтқанмын бұдан бұрын.
Ата хақын кешер деп үміт етпе,
Әгәрда хилап етсең бірде-бірін.
Әуес қып балалықпен әр нәрсені,
Ысырапқа пұлыңды қылма шығын.
Қажыма, өзіңді өзің сақ, бағып қара,
Жүрмеймін мен жаныңда, жарықтығым.
Ылжасыз оқытамын, қаупыф қатты,
Бұл сөзім, Аллаға аян барлық мінім.
Ақ жолда әділдікпен жүргендер бар,
Адамға бұл сықылды болма қырын.
Шамаң келсе, нашардың жағында бол,
Еш жанның ренжітіп тартпа түгін.
Нәсіп болып жете алсаң мақсұтыңа,
Ұлтыңа қызмет істе, бұл бір сырым.
Кейін айтар сырымды бүгін айттым,
Өмірдің мағұлымсыз біліп түрін.
Үмітпен мақсат етіп хатқа жаздым,
Шағбаздың шөбересі едің жұғын.
Балалықпен қатарынан кем қалмас деп,
Тауқыметпен іздеп жалғыз ғылым.
Талабыңды талмай біл, кәміл ойлап,
Мәңгі емес, көріп тұрсың, мынау түрім,
Сөзімді осыменен тоқтатайын,
Бір хатқа сыйып бітпес барлық мұңым.
Бар болып әнбие, асқап әулиелер,
Басшы боп Қызыр Ілияс тұтсын қолың.
Көзімде жасымды іркіп сұрап тұрмын,
Әлемге тегіс жеткен Хақтың нұрын!
Әуестеп бір теңгені пайда қылма,
Көп ілім, мың теңгені айла қылма,
Қағаздан оқып ұқсын деген осым,
Болады өтірік – қас, шындық – досың.
«Қараңғы жер шайтансыз болмас» деген,
Әрқашан жасырындау істен шошын.
* * *
Аласы ағайынның алаңдатты,
Көре алмай көп ішінен жамандатты.
«Шоқынды, кірес тақты, кәпір болды» деп,
Келгенін ауызына айтып бақты.
Надандық қандай қызық, қарап тұрсаң,
Көңілі соқыр көрмейді көзге ұрсаң.
Бабын қалай табасың бұл қазақтың,
Басқа тебеді, жаныңды құрбан қылсаң.
Бар айыбым – баласын оқытқаным,
Орыстың біліміне тоқытқаным.
«Орыссыз кеңімейді өрісің» деп,
Айтқанымнан атандым «кәпір-залым».
Қарға мен түлкі
Ашығып түлкі жүрді жапандарда,
Тамақ іздеп, жол шекті сапарларға.
Еш нәрсені көре алмай келе жатса,
Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Жүгіріп түлкі соған жетіп келді,
Қарға ағаштың басында мұны көрді.
Тістегені аузында тәтті ірімшік,
Оны көріп түлкі-екең сөйлей берді:
“Қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын,
Сырттан тілеу тілейді барша халқың.
“Қарға әніндей дүниеде әуез жоқ” деп,
Осылайша шығады сыртқа даңқың.
Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім,
Жүзіңді бір көруге келіп едім,
Даусыңды бір шығар, шаттанайын,
Сырттан асық болғаннан өліп едім».
Басын салып, құйрығын бұлғаңдатып,
Екі көзін қарғаға қылмаңдатып:
«Қарға тақсыр, көз жасын көріңіз»,- деп,
Жыламсырап сөйлейді жылмаңдатып.
Насаттанып бұл қарға сілкінеді,
Ішін тартып, миықтан бір күледі.
«Арып-ашып алыстан келген шығар,
Көңілі тынып кетсінші, шіркін», – деді.
Мақтау сөзге семіріп, судай тасып,
Пәрменінше «қарқ» етті аузын ашып.
Қарқ еткенде ірімшік жерге түсіп,
Оны кетті түлкі-екең алып қашып.
Әділдік көрмегені үшін бір төреге айтылған сөз
“Тақсыр-тақсыр” дегізіп тамсандырдың,
Сөйтіп жүріп аяққа қан салғыздың.
Жан жүрмейтін ісіме жан алғыздың,
Ақырында малымнан құр қалғыздың!
Оразаның түбіне мақсым жетер,
Азған елдің түбіне тақсыр жетер.
Әділдіктен хан тайса, наным кетер,
Жылай-жылай жарлының малы кетер.
Ай, тақсыр, бұл дүние өтер-кетер,
Мал иесі де артыңнан қуып жетер.
Жарлылар да бір табар әділ қазы,
Таразылы күн болса арыз етер!