Жуырда Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов аудандық мәслихат депутаттары және аудан ақсақалдарымен дөңгелек үстел өткізді. Күн тәртібінде Жітіқара-Қостанай-Көкшетау-Астана бағытында тікелей теміржол қатынасын ашу мәселесі қаралды. Бұл мәселені әуелде «Ақсақал кеңесі» қоғамдық бірлестігі көтерген еді. Себебі, теміржол бағытын іске қосу қажеттілігі бұрыннан бері келе жатқан өзекті жәй еді. Былтыр жазда аталған ұйым белсенділері бұл мәселені шешу үшін 2 мыңнан астам қол жинаған.
Жиын барысындағы талқылау нәтижесінде депутаттар Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне үндеу жолдау туралы шешім қабылдады. Оған негіз болып отырған – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елді аумақтық кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасын бекіту туралы» жарлығы.
Бәсекелестік алға қойылып отырған қоғамдағы артықшылықтар мен болашақтағы жоспарлар ескеріле отырып, облыстар мен қалаларды, ауылдық және шекаралас аймақтарды дамыту – басты міндеттердің бірі. Жергілікті атқарушы биліктің қолдауына ие болған депутаттардың айтуынша, Жітіқара-Қостанай-Көкшетау-Астана бағытының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Өңірлер, қалалар және ауылдар арасында да әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымға қол жеткізудегі теңсіздік азаяды. Жітіқара арқылы өтетін жолаушылар қатынасын орнату мәселесін талдау негізінде «Ақсақал кеңесі» үкіметтік емес ұйымы да Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осындай сұраныспен хат жолдады.
Құрметті оқырмандар, сіздер де бізбен пікірлеріңізді бөлісе отырыңыздар. Жітіқара-Қостанай-Көкшетау-Астана теміржол бағыттарын ашу қаншалықты маңызға ие деп ойлайсыздар?