Мемлекеттік басқару академиясына құжаттарды қабылдау маусымға дейін жалғасады

Мемлекеттік басқару академиясына құжаттарды қабылдау маусымға дейін жалғасады

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантураға арнайы бағдарламалар бойынша оқуға түсуге болады. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау 3 сәуірде басталды және 29 маусымға дейін жалғасады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ақерке Бекахметова баяндап берді.

– Мемлекеттік қызметкерлерді, сондай-ақ квазимемлекеттік және жеке сектордан үміткерлерді конкурсқа қатысып, Академиямыздың мүшесі болуға шақырамыз. Биыл 6 магистрлік, 3 докторлық бағдарлама бойынша және өндірістен қол үзбей оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама бойынша үміткерлерді қабылдау жүргізіледі. Күндізгі оқу бөліміне бір жылдық магистратураға «Мемлекеттік басқару», «Адами ресурстарды басқару», «Өңірлік даму» және екі жылдық оқуға «Мемлекеттік саясат», «Экономика», «Халықаралық қатынастар» бағдарламалары бойынша қабылдау жүргізіледі. «Мемлекеттік басқару», «Халықаралық қатынастар» және «Экономика» докторантура бағдарламаларының оқу мерзімі 3 жыл, – деді А. Бекахметова.

Осы жылы мемлекеттік қызметкерлерді даярлауға Үкіметтен магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінді.

Бағдарлама шеңберінде магистратураға оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл еңбек өтілі керек болса, докторантураға 5 жылдан кем болмауы қажет.

Шетелдік азаматтарды қоспағанда, үміткерлерде мемлекеттік тілді білу деңгейі В1-ден төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс.

 

Жаңалықтармен бөлісу