Қазақ тілінде ұқсас болғанымен, екі түрлі мәнде қолданылатын сөздер бар. Сондай-ақ, күрделі есімдерді жаппай қосып жазу әдеті пайда болды. Оның сыртында, кіріккен сөздердің орфографиялық заңдылығы көп жағдайда сақтала бермейді. Бүгін «ТүзеТілді» айдарында осы олқылықтарды сөз етпекпіз.
«Іс-шара» мен «шара». Осы екі сөзді бірінің орнына бірін қолдана беретін болдық. Негізінде, екеуінің мәні екі басқа. Іс-шара өтеді, ұйымдастырылады. Ол көпшілік жиын, мереке, концерт, ойын-сауық және т.б. оқиғалар болуы мүмкін. Ал «шара» қандай да бір жағдайға байланысты қабылданатын шешім, әлдекімге немесе әлденеге қарсы қолданылатын амал. Орысшалап түсіндіргенде, «іс-шара» дегеніміз – мероприятие, ал «шара» дегенің – мера. Мысал: «Мәдениет үйінде Тәуелсіздік күніне арналған іс-шара өтті», «Браконьерлерге қарсы шара қолданылды».
«Биылғы жыл», «былтырғы жыл», «бүгінгі күн». Бұлар – қате жазылып, ағат айтылып жүрген тіркестер. Өйткені «биыл» (бұл+жыл), «былтыр» (бір+жыл+дүр) және «бүгін» (бұл+күн) кіріккен сөздер саналады. Сондықтан олардың қасына «жыл», «күн» сөздерін тіркеп қолдану – үлкен қателік. Айта кетейік, кіріккен сөз дегеніміз – сыңарлары дыбыстық құрамын толық сақтамай немесе түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырау арқылы бір-бірімен мағына жағынан ғана емес, дыбыстық құрамы жағынан да кірігіп, ықшамдалып, біртұтас сөзге айналған сөздер. Сондай-ақ, «ағымдағы жыл», «үстіміздегі жыл» деген тіркестерді қолданудан да аулақ болған жөн.
«Ауыл шаруашылығы» мен «ауылшаруашылық». Не омоним, не синоним деуге келмейтін, бір мағына берсе де, екі жерде екі түрлі жазыла беретін ұғымдардың бірі осы. Шындығында, «ауылшаруашылық» дейтін «жарымжан» сөз болмауы керек. Ол орыстың «селхозының» бірге жазылуына еліктеуден шыққан ба дейміз. Қай кезде де «ауыл шаруашылығы» тіркесі қолданылуға тиісті. Әйтпесе «өсімдік шаруашылығы» емес, «өсімдікшаруашылық», «мал шаруашылығы» емес, «малшаруашылық» деген «жаңа» сөзжасамдар тұтынысқа енуге сұранып тұрар ма еді? Мысал: Ауыл шаруашылығы министрлігі, ауыл шаруашылығы техникасы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, т.б.
«Елдімекен», «ықшамаудан», «көпбалалы». Соңғы екі тіркесті орыстың «микрорайоны» мен «многодетныйына» қарап қосып жібердік делік. Ал «населенный пунктін» неліктен «елдімекен» деп қосып жазуды әдетке айналдырып барамыз? «Қандай мекен?» деп сұрақ қойып көріңізші. Алғашқы сөздің бөлек сұраққа жауап беретінін аңғарасыз ғой. Ол аз болса, елсіз қалған мекенді қалай біріктіріп жазатыныңызды ойлап көріңізші. «Ықшам аудан» (әлде «мөлек аудан» немесе «шағын аудан») да бөлек жазылуы тиіс. Қала ішіндегі ауданның бір түрі ғой («спальный район» деген де бар). Дәл осы секілді сапалық сын мен қатыстық сын есімнің тіркесуі арқылы жасалатын «көп балалы», «көп қабатты» және басқа тіркестер де бөлек жазылады. Оған көз жеткізу үшін күрделі сын есімдердің жасалу жолдарын қайталап оқуға кеңес берер едік.
«Өкінішке орай», «өкінішке қарай». Бұл қыстырма сөздер де аз талқыға түскен жоқ. «Өкінішке орай» деуге болмайды» деп қанша ескерту айтылғанымен, көп жазарманның осы қателіктен бас тартар түрі жоқ. Негізі, «орай» жақсы, жағымды мәні бар сөздерге жалғанып, айтылып-жазылуы керек. Дұрысы – «өкінішке қарай». Тіпті болмаса, «бір өкініштісі» деген нұсқаны пайдалансақ жөн болады.
«Мереке» мен «мейрам». Осы екі сөз синоним болғанымен, әрқайсысының қолданылу жөні бөлек. Мереке дегеніміз – мемлекеттік, ресми түрде бекітілген салтанатты оқиғалар. Ал мейрам – жалпыхалықтық сипаттағы қалыптасқан әрі дәстүрге айналған салтанат, той-думан. Мысал: Халықаралық әйелдер мерекесі, Тілдер мерекесі, Балалар күні мерекесі; Наурыз мейрамы, Құрбан айт мейрамы.