«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мақалды тек келеңсіз жәйіттерге ғана қолданамыз. Неге? Әлде ертеден санамызға қалыптасқандықтан ба? Дәл осы халық даналығын жақсы әрі игілікті істерге неге қолданбасқа? Мәселен, өнер саласына қарай бағыттап көрейік. Өнерлі адам көпшіліктің ортасынан бойында талабы бар дарынды баланы байқайды делік. Яғни, мың адамның ішінен бір адамды өнерлі деп таныды. Енді балама түрде өрбітіп көрейік, өсіп тұрған жүз ағаштың ішінен бір ағаш желдің ырқына көніп, олай-бұлай тербеле берсе, демек, ол жас шыбық ағаш екенін аңғарасыз. Егер жел тұрмаса көп ағаштың арасынан сіз оны жас ағаш екенін білмейтін едіңіз. Сондықтан қай нәрсені болса да жақсылыққа теңеген жөн. Айтайын дегенім, топ ішінен көрінбей жүрген талантты балаларды таңдап жүріп, олардың өнерлерін шыңдайды. Киелі сахнаға шығарып, есімдерін насихаттап, жалпақ жұртқа тыныстырып жүрген – ауданымыздағы өнер мектебінің ұжымы. Турасын айтайын, қатарда жүрген шаруашылық қызметкерлерінде сахнаға бейімдеп өнерлі адамдардың қатарына қосып жібереді. Себебі, ұжымның ауызбіршілігі бекем. Өнерге шын жаны ашитын машықты мамандар. Бір ғана мысал. Өнерге еш қатысы жоқ мектеп кітапханашысы өзінің ізденісінің арқасында кітапхана оқырмандарынан шағын театр құрып алды. Ал, қазіргі таңда сол театр республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, талай мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Өткен жолы «Сиқырлы театр» ұжымы мен бейнелеу өнері бөлімінің оқушылары өздері жасаған қуыршақтарымен Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және орыс халқының «Бауырсақ» ертегісін сахналады. Аудандық мәдениет үйінде бастауыш сынып оқушыларының және «Балдырған» балабақшасының кішкентай бүлдіршіндерінің назарына ұсынды. Қойылым сәтті болды. Кішкентай көрермендер шынайы ертегінің ортасында жүргендей сезімде болды.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ