Жаңа жылдық ертеңгіліктер басталды

Жаңа жылдық ертеңгіліктер басталды

Арқалық қазақ жасөспірімдер театры Жаңа жылдық ертеңгілік қойылымдарын бастады. Көңілді шырша кешіне қала мекемелері мен ұжымдарынан, мектеп-балабақшалардан балақайлар ағылып келуде.

Шырша кеші көңілді. Қызылды-жасылды безендірулермен құрсанған театр іші бейне бір ертегілер еліндей. Кіреберіс фоейсінен бастап Жаңа жылдық леп береді. «Суретке түсу алаңы да» жақсы үйлесімділікпен құрылған.

Баспалдақ сатыларына дейін әсем гирляндтармен безендіріліп, екінші қабатында орнатылған зәулім шырша маңайы қызық думанға толы. Ол жерде ертегі кейіпкерлері, «ескі жыл», «жаңа жыл», «Аяз ата», «Ақша қар» балалармен қолұстасып «шырша әнін» салуда. Балақайлармен түрлі ойындар ойнатылып, Аяз Ата қоржынынан сыйлықтар берілуде.

«Биыл театрымыз үшін жақсы жетістіктер көп болды. Жыл басынан қазақ әдебиетінің заңғары, жерлесіміз Б. Майлиннің 130 жылдығына орай Алматыдан арнайы театр сыншылары шақыртылды. Еліміздің өнер тарланы Жалынбек Аханов бауырымыз келіп «сахна сайысы» деген үрдісті жандандырды. Қостанайға гастролдік сапармен барып келдік. Балаларға арналған бірнеше қойылымдар қойылды. Жан жақты болу үшін «Қуыршақ өнерін» де игеріп жатырмыз. Жаңа жылға деген үлкен жоспарларымыз бар. Алаш ардақтысы М.Дулатовтың 140 жылдығына тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ, жылдағыдай театрымызға жаңадан режиссерлар шақырып, тың қойылымдар сахналаймыз. Байқап қарасақ, театрымыздың репертуарында комедия аз екен. Осы жанрды көбейтсек деген ойдамыз. Ол әртістеріміздің өсуіне де жақсы. Бүгін театрымызда балаларға арналған Жаңа жылдық ертеңгіліктер басталып жатыр. «Жаңа жыл – жаңа нұр» атты ертеңгілік қойылымды тамашалап және көрермендер залында Аяз Атаның сыйлығы ретінде «Балапан қаз» ертегісін көреді. Келе жатқан Жаңа жылымыз құтты, қайырлы жыл болсын. Еліміз өркендеп, бай-қуатты болсын. Бұл бір аптаға созылатын үлкен дүбірлі той. Келіңіздер, көріңіздер!», – дейді театрдың бас режиссері Ербол Ермекұлы.

 

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу