Тәуелсіздік мерекесіне орай аудан көлемінде алғаш ұйымдастырылған мәдени-рухани іс-шараға Түйемойнақ елін мекендейтін түрлі этнос өкілдері атсалысты.
Фестивальге қатысушылар қазақ әндері қалықтатып,қалың көрермен ықыласына кенелді. Приреченка ауылынан келген Алена Бовтун «Атамекен» әнін шырқады. Ал Комаров елді мекенінің тумасы Сергей Шартон «Суйгенім бол» әнімен әлеумет көңілін серпілтті.
Неміс қызы Кэтрин Майер «Қазағым» әнін орындады.Оныншы сынып оқушысы қазақ мектебінде оқиды.Қазақшаға судай. Фрунзенское ауылының таланты Любовь Скрыльникова «Алтын бесік» әнін айтып,көрермен көңіліне жол тапты.Ауданның түкпір-түкпірінен келген таланттар қазақ әнін орындап, қалың қауымға ой салды.
Олардың өнері аудан көлеміндегі халықтар достығын,ұлыстар арасындағы татулықты нығайтуға алтын көпір болды.Игі шараға қатысқандар алғыс хатпен марапатталып,ақшалай сыйлық табысталды. Фестиваль аясында ауданның қоғамдық ісіне, әсіресе мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға белсенді атсалысып жүрген жандар марапатталды. №3 Денисов жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Кэтрин Майерге, аудандық орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Ирина Сафроноваға, аудандық орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Ақнұр Жақыповаға, аудандық орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Маргарита Николаенкоға аудан әкімінің алғыс хаты мен “Тіл жанашыры” статуэткасы берілді.
«Тіл – достық көпірі» шығармашылық байқауы «Патриотизм өзіңнен басталады» жобасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырылды.