БИПЫЛ
Бипыл жаман жігіт емес. Сәл аңғалдығы бар. Бірақ, жер бетіндегі біраз адамдар тәрізді өзін өте ақылды санайды. Тек жолы болмай жүргендердің қатарына жатқызады.
Қиыншылықтар да болып жатады. Оған берілер Бекең жоқ.
Әуелі “тілдің қорғаны” болып көргісі келіп еді. Жасы жетпісті баяғыда еңсерген бір ақын оны отыз жылдан бері иемденіп алған тәрізді көрінді.
Тіл десе, одан басқа бірнеше адам еске түседі.
Ұлтшыл болғысы келіп бір ойланды.
Өзін солай жарнамалап жүрген жиырма-отыз пысық жігіт бар секілді. Демек, болмайды.
Өзіне визитка жасатып алды.
“Би-Пұл Салпаңбайұлы”-деп масаттана оқыды да астына “Ойшыл, тапқыр, ақылгөй, дана”-деп жаздырды.
Визиткаларын салған қалтасын сипалап шығып келе жатыр еді. Қасындағы мешітке кіре салуды жөн санады. Оның үстіне жұма.
Биекең келіп, бос жерге отырды. Имам уағыз айтып жатыр.
“Исламда ең жаман адам мұнафық. Ол сатқын мен базбұзардан да төмен саналады. Себебі екіжүзді.”-деп сөзін жалғады. “Мұнафықтың үш үлкен белгісі бар. Бірінші өтірік айтады. Екінші уәдесінде тұрмайды. Үшінші аманатқа қиянат жасайды”-деп жалғастырды.
Мешіттен шыға сала, Биекеңнің басына ой келді. “Тіл жоқшысы бола алмадым. Ұлтшылдарда қаптап жүр. Адамзаттың жаманы мұнафықпен күресетін адам жоқ. Демек-ол мен болам!”-деп оң қолын кеудесіне апарды.
Базарға барып, керектінің бәрін сатып алды.
Ұзын ақ мата мен әр түрлі бояуды да ұмытпады.
Келген соң бірнеше плакат жазды.
Түнімен ойға шомып, дегбіршіп шықты.
Таң ата үйіне жақын, көшелер қиылысындағы ағаштарға жетті.
“Коррупция, мафиямен күрескіш” бір ақ киімді ақсақал үйіне жақын көшеге өз плакаттарын ілетін . Бұлда солай етпек.
Бір жерге “Мұнафықтар құрып кетсін!”-деген плакатын ілді.
Екінші ағашқа “Еліміздің бас мұнафығына қарсымын!”-деген жазуы барын ілді. Әсіресе, осы плакаты алыстан жақсы көрінеді. Ақ матаға қызыл бояумен жазылған.
Ағаштан секіріп төмен түсіп, өз еңбегіне қызыға қарады.
Сол кезде көшеден кешегі имам өтіп бара жатыр екен. Екеуі сәлемдесті.
—Молдеке, мені құдай айдап, кеше мешітке барғаным қандай жақсы болған.
—Алхамдуллах!
—Кеше уағызыңыз өте жақсы болды. Адамның ең жаманы мунафықтар екенін білдім.
—Дұрыс.
—Енді олармен күресуім керек.
—Өте жақсы. Мұнафық дегендер адамның азғыны ғой.
—Ұқтым. Сондықтан күресті бастадым.
—Жақсы.
—Енді жолымнан қайтпаймын. Күресті бастап жібердім,-деп жоғарыны нұсқады.
Имам көз жіберді де “Еліміздің бас мұнафықығына қарсымын!”-деген жазуды оқып шошып кетті.
—Өй, қой! Мені көрдім деп айтушы болма! Біз бірімізді танымаймыз-деді де, “Астапраллаһ”-деп жүгіре жөнелді.
Биекең имамның неге өңі қашып кеткенін түсінбеді.
Жоғарыға тағы бір қарады да, өз ісіне разы болды.
Үйіне келіп, шәй ішті.
Сәлден соң, қаламыздағы ерекше плакаттар суретін сайттар жариялай бастады. Оны көрген соң, Биекең көңілдене түсті. “Еңбектің жана бастағаны осы!”-деп қойды.
Өзіне ыстық көше қиылысына келді. Біреулер мұның еңбегін жұлып жатыр. Бұл аң-таң. “Плакат ілуге рұқсат алу керек шығар?!”-деген ой қылаң берді.
Жазба Биекеңдікі екенін білген бойда, қара бетперде киген СОБР-лар бұған жабылып, төрт жағынан көтеріп машинаға мінгізді. Бұның аузын да ашқызбады.
Қалалық ішкі істер бөліміне келе сала, бір бөлмеге кіргізді. Ішінде бір подполковник пен майор төрде отыр.
Мұны дедектетіп сонда кіргізді.
“Мынау не масқара!”-деп плакатты көрсетті.
— Конституцияда жазылған еңбек етуге және өз пікірімді білдіруге құқым бар! Мен заң бұзған жоқпын!
—Сен заң бұздың!
—Қандай?
—Конституциядан кем тұрмайтын 1-президент туралы заң бар. Сен соған бағынбай елбасыға тіл тигіздің!-деп “Мен еліміздің бас мұнафығына қарсымын!”-деген плакатты көрсетті.
Сонда ғана Биекең байқамай не бүлдіргенін сезіне бастады.
ҒАЛАМАТ ЕСКЕРТКІШ
Бипыл Салпаңбайұлы ой үстінде. Бірнеше сәтсіздігі оған әсер еткен жоқ. Өзін ақылдың кені деп тегін санамайды.
Бір кезде тапқандай болды.
Фейсбукке ойын жариялап жіберді. “Дүние жүзінде кездеспейтін Ғаламат ескерткіштің жобасын жасадым. Қалталылар хабарласыңыздар!”-деп қысқа қайырды.
Не туралы екенін сұрағандарға, “құпия”-деп қысқаша жауап берді.
Бірнеше күннен соң әкімнің орынбасары осы мәселемен шақырып жатқандығы жөнінде көмекшісі хабарласты.
Айтылған уақытта маңғаз кейіппен Бипекең кіріп барды.
Амандық сұрасқан соң, әкім орынбасары:
—Бипыл Салпаңбайұлы , ескерткіш -жобаңыз туралы айтсаңыз?!
—Ескерткіш дегенде бала күнімде ең ұнайтыны екі адамның қол ұстасып түскен ескерткіші. Бірінің қолында орақ, екіншісінде балға. Тіпті, бала күнімізде кино көрсекте , әуелі осы ескерткіш, содан соң “Мосфильм”-деген жазу шығатын.
—Есімде.
—Ол ескеткіште қол ұстасып тұрған болса, менің жобамда екеуі ой ұстасып тұрған болады.
—Сонда қалай?
— Алшақ тұрған екі тұлғаның ескерткіші және орталарында бірнеше сөзден тұратын ортақ ойлары. Міне, ғаламат ескерткіш жобасы.
—Сіздің пікіріңізше, ескерткіште кімдер болмақ?
—Елімізде ескерткішке лайық негізі бір адам ғой. Соны қоямыз.
—Түсіндім. Екіншісі кім?
—Біздің елде о тұлғамен ешкімді қатар қоюға болмайды.
—Дұрыс.
—Сондықтан солтүстік көршімізден қою керек. Ең дұрысы Путин. Олда президент.
—Жақсы. Сонда ескерткіште ол екеуінің қай ойын қойған жөн?
—Так!… Екеуі де “Қазақта мемлекет болмаған”-деген ғой. Сол сөзін алайық.
—Болмайды.
—Путин болмаса Жириновскийді алайық. Олда дәл солай айтқан.
—Қойыңыз!
—Енді қойғанда…қоятын жер …Алматыдан батысқа баратын үлкен жолдың бойында…Қаскелеңнің тұсына қойса болады ескерткішті…
—Тоқтатыңыз!
Бипекең не болғанын түсінбей, басы салбырап, төмен қарады.
Туиистибанк
Менде қарап жүрмей жаңғырып жатырмын. Коуч, тренерлердің онлайн сабағынан да, офлайн кездесуінен де қалмаймын.
Тіпті, ұйықтар алдын ритуалым бар.
Коуч ханым айтқалы бері көк түсті пижама киіп жатам.
Төсегіме қонжиған соң афримацияларды бастаймын.
“Мен баймын. Ақша маған өзен болып құйылып жатыр. Құйылып жатыр. Тенге, доллар, евро бәрі құйылып жатыр.
Мен ақша құятын көлмін! Жоқ, теңізбін!…
Ақшаны тартып алатын магнитпін….”.
Осылай афримацияның түрін жасаймын ғой.
Содан соң подсознание, түпсанамды біраз ретке келтірем.
Одан кейін коучтар айтқан визуалициямен жұмыс істеймін.
“Алматыдағы коттеджімнің алдында ягуар, инфинити, ломбаржини көліктерім тізіліп тұр.
Өзім үнді мұхитында су жаңа яхтамда кетіп барам.
Қасымда екі жас тоқалым…”. Осылай күнде арман дәптерімде жазылып тұрғанды, визуализация жасап шығам.
Қызып кетіп, визуализацияныда қатырған болуым керек. Таңға жуық көзім ілініп кетіпті.
Түс көріп жатырмын. ” Африкадан қайырымдылық қорынан біреу ақша сұрап келіп тұр. Ойланып отырмын. Ақша деген шотыма да, үйіме де құйылып жатыр. Екі жігіт сандықты зорға көтеріп келді. Іші толған алтынның слиткалары. ” Шетін ұстап көрсем бола ма?, -дейді біреу мөлиіп. “Жоқ.Өзімдікін өзім ғана ұстаймын”-деп ұст-а-а-п-п отырмын…”
Бір кезде телефоным шыр етті.
Ұйқылы-ояу көтерген болдым.
Ар жақтағы дауыс аты-жөнімді атады. “Иә”-деп қоямын паңданып.
—Вы нарушили закон!-дейді.
—Ақша өзімдікі. Заң бұзатын мен мемлекеттік қызметкер емеспін-дедім, ұйқылы-ояу.
— Оны олсызда білеміз. Біз Туиистибанктен хабарласып тұрмыз. 23000 тенге кредит алғансыз. Бүгін сегізінші күн кешіктіріп жатсыз.
Сағат екіге дейін пениясымен 24000 тенгені төлеп тастаңыз!-деді нығарланған үнмін.
“Е…е… түсім бе десем. Өңім екен ғой. Осы Туийстибанк-ақ ылғи сағат тоғыз болса болды, ұйқының тәтті жерінен оятып жіберді…”.
—Үндемейсіз ғой. Сағат екіде кредитіңіз төленетін болсын! Ұқтыңыз ба?!
—Ақша болыңқырамай тұрғаны.
—Олай болмайды. Договорға қол қойдыңыз. Сол кезде қайда қарадыңыз?
—Келісім-шартты ұсынған қызметкер қыз қараторының әдемісі екен. Соған қарадым.
—Ештеңе білмеймін. Бүгін екіге дейін төлеп тастаңыз.
—Қарындасым-ау, үш күннен соң төлесем бола ма?
—Болмайды. Бүгін төлеңіз. Бүгін төлемесеңіз шоттарыңыздың бәрін жауып тастаймыз.
—Кешіріңіз, бес күн бұрын басқа қызметкеріңіз қоңырау соғып, “шотыңызды жауып жатырмыз”-деген еді. Әлі жаппағансыңдар ма?
—Ішінде “копейка” жоқ, счетіңізді жапқаннан не шығады?. Бүгін төлемесеңіз, жұмыс орныңызға , бастығыңызға хат жібереміз.
—Жақсы болды ғой. Жұмыста жоқпын. Тауып беріңізде , хатты қарша бората беріңіз.
—Ештеңе білмеймін. Біреуден қарыз алыңыз.
—Қарыз алатындай ешкім болмай тұрғаны.
—Сонда достарыңыз жоқ па?
—Бұрын көп еді. Ақша таусылғалы азайып кетті. Кейбірі мені көрсе қашады.
Қарызын қайтара алмай жүргендерін көрсем мен қашам.
—Жұртпен жасырынбақ ойнайтын қу екенсіз.
—Енді лажсыздықтан ғой. Тек сіздерден қаша алмаймын. Телефон көтермесем, ағайын-туыстың мазасын аласыздар.Содан сіздер қоңырау шалғанда бірден көтерем.
Кейбірің үсті-үстіне бастырмалатсаңдарда, түсіндіріп бағам..
Менен түк шықпасын білді ме, арғы жағынан телефонды қоя салды.
Содан соң, ұйқы қайда, ұшып тұрдым. Осы Туиистибанк бар ғой көрден де тұрғызатын шығар.
Өйткені, бірде басымды көтере алмай жедел жәрдеммен бара жатсам, Туийстибанк қызметкері звондап қалды. Жағдайды түсіндіріп жатырмын. “Ең болмаса жүре алатын болған соң төлермін. Күте тұрыңыз”.
Арғы жағында қағынған біреу болу керек. “Ничего не знаю. Қазір төлеңіз. Сіз ана жаққа кетіп қалсаңыз, кім төлейді”-дейді.
Бұл Туийстибанктің біз сияқты кешіктеріп төлегендермен, жұмыс жасайтын бірнеше жүз қызметкері бар-ау дедім.Көбісі қыздар.
Себебі қаншама жылдан бері бір қызметкері қайта звондаған емес.
Сөзге түсінетіндері де бар, қуып кететіндері де жетерлік. Көбісі бұйырып сөйлейді.
Туийстибанктің осы бөліміне полицияға кіре алмай қалғандар орналасатын сияқты.
Оның үстіне сол мезетте төлеткенге беретін проценті болу керек. “Ертең төлейін”-дегенге көнбейтіндері көп.
Солардың сөзінен соң, “Осы кредитті толық жапсам, енді қарыз алмаспын”-дейсің ғой сан рет.
Қайда? Біраздан соң, сүмірейіп, галстукті тағып, Туийстибанкке қайта барасың.
Мен сияқты біраз адамдар Туийстибанктің ғашығы тәрізді.
Оларсыз өмір сүре алмайсың. Үйреніп кетесің. Кредит алмай жүрсең, өздері қоңырау соғады. “Сізге бәлен тенге беруге болады екен”-деп.Қоңырау шалса, қуанып қаласың. “Мені де іздейтін адам бар екен-ау”-деп. Девиздері де тамаша! “Сіз үшін енді не істей аламыз?!”.
Біраздан соң, қарызданып жүріп, бұл кредитті толық жаптым.
Рахаттанып, инстаграмды қарап отырсам, бір коучтың “екі айлық аламан курсы” туралы айтып жатыр екен.
Афримациямды жасап алайын. Одан соң визуализация.
Таңертең тұра сала, Туиистибанкке барам.
“Екі жүз мың тенге тауып, тренерлердің аламан курсына қатысуым керек”.
ЕСКЕРТКІШ
Президентіміз коронавируспен күрескендерге елордаға ескерткіш орнату туралы айтты.
Мұны талқылай, өз пікірін айтқандар көп болды. Солардың кейбіріне құлақ түрейік!
Сәбиін емізіп отырған ана: “Бала-шағаммен бірге инфекциялық ауруханада істейтін күйеуімді қаншама ай көрмедім.
Ескерткіштің бір шетіне “отбасы сағынышы” деген бөлігімен толтырса жақсы болар еді”-деп күрсінді .
“Мен жүріп жүрген қызымның симптомсыз вирус жұқтырғанын естіп, қаламаса да, үйіне жасырынып барып, сүйіп алдым. Өзіме де індет жұқты. Ескерткішті карантинге қарамай, бір-біріне ұмтылған ғашықтарға қою керек”-деді жас жігіт.
“Кейбіреулер тек теледидардың айтқанына сенеді. Мен жұрттың жан-жақты ойлауын қаладым. Сондықтан, әр түрлі мәлімет естіп, өздері ойланып үйренуі үшін , ылғи “Короновирус өтірік”-деп әдейі жазып, айтып жүрдім. Менікі, қулық болды.
Сондықтан, ойланған бастың ескерткішін қоюды ұсынамын”-деді күлкіге қалған күмпілдек.
“Індеттің тоқтауына блок-посттың көп ықпалы болды. Сондықтан, тапжылмай блок-постта тұрған полицейге ескерткіш қойғаны жөн “-деп ойға шомыпты аңғалдау формалы жігіт.
“Жұмыс тоқтаған. Көшеге шығуға болмайды. Сол кезде шотыма 42500 теңге түскен. Елдің біразы сонымен жан сақтады ғой. Сондықтан, ескерткішті 42500 теңгеге орнату керек!”-депті ақ көңіл кісі.
“Күйеуім үйде тұрмаушы еді. Апталап , іссапарда жүретін. Тамағымды да ұнатпайтын. Көңілдесі әлде тоқалы барлығына сезіктене бастағам. Ажырасқым келіп жүрген болатын. Карантинге байланысты үш ай үйден шықпай, күйеуім өзіме көңіл бөлді . Тамағымды да мақтайды. Сүйіктім қасымда. Маған вирустің өзіне ескерткіш қойса да қарсы емеспін”-деді орта жастағы әйел.
Мамыр туған соң, кәсіпорындар жұмысын қайта бастауға СЭСтен рұхсат алды. Мен көбіне рұхсат қойып берген мөрге де рақмет айтып, монументтің бір жеріне бізді қосып жіберсе”-деді бір маман.
“Карантинге байланысты кәсіпорындар бірнеше ай жұмысын тоқтатты.Кейін есігімізді қайта ашқанмен, елдің көңіл күйі түсіп, көпшіліктің сатып алу қабілеттілігі азайған соң, біраз фирмалар банкротқа ұшырады.
Маңдайы терлеп, қиналған кәсіпкерге ескерткіш қойғаны жөн еді. Біз сияқтылар банкрот болсақ та, ең болмаса ескерткіш қалатын”-деді бұрынғы бизнесмен.
“Көктем құлпыру, өсу кезеңі. Шабыт айы. Махаббат күшейетін кезең. Күнде теледидардан “Үйден шықпа!”-дегені біз ақындарға қиын болды. Муза тумады.
Сондықтан, ескерткішті өмірінің бір көктемін жоғалтқан сезімтал ақынға қою керек!”-деді аңғалдау ақын.
“Қаламыздың ауасы қалай тазарды. Түтін кетті. Ылғи экологияны ойлап, дұға қылушы едім. Тілегім орындалды. Ескерткіштің не керегі бар.”-деді діндар эколог.
“Халқым!”, “қазағым!”, -деп ылғи жүгіріп жүретін біз әншілер ғой. Сондықтан, “қиындыққа қарамай, палаткада ән айтып тұрған, әншінің ескерткішін орнатқаны жақсы еді”-деді ақылғөй әнші.