Арқалықта “Дін мен дәстүр” конференциясы басталды

Арқалықта “Дін мен дәстүр” конференциясы басталды

Қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің ұйымдастыруымен қолға алынған іс-шара  ысырапшылдықтың алдын алуға бағытталған.

Еске сала кетсек, таяуда ғана осындай ауқымды іс – шара облыс орталығында ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігі «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде де өткен болатын.

Келелі жиынға қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанбеков, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин қатысып, ысырапшылдықтың зияны мен салдарларын тілге тиек етті.

“Дін мен дәстүр адам өмірінің мәнін түсініп, рухани және әлеуметтік даму жолында адамзат үшін айрықша маңызды рөл атқарады. Алқалы жиында арқалықтықтар да халық арасында кездесетін ысырапшылдыққа байланысты мәселелердің шешу жолдарын, рухани және материалдық залалдарын талқылап жатыр. Бүгінгі қаралып жатқан мәселеның көптен бері шешімі табылмай жүрген еді. Облыста өткен жиынның жалғасы ретінде қаламыздыңел ағалары, ақсақалдарымыз бар, ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдерінің назарына ұсынып отырмыз. Мұны бір ізге келтіру керек”, – деп атап өтті қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай.

Мәселелер өте көп. Соның бірі – қайтқан адамның жаназасынан бұрын қонақасысын беру. Біз қай кезде де дәстүрімізді, дінімізді құрметтеген елміз. Мына беріліп жатқан қонақасы осы құндылықтарымызға қайшы келеді.

“Дәмханаға 200-300 адамға дейін халық жиналады. Бұл деген қаралы үйге үлкен ауыртпалық. Жылдық асында шәй беріледі. Оның да өзіндік мөлшерлері қойылды. Нан, бауырсақ, су, кәмпит және сорпа сияқты тағамдар іріктеліп, біраз жеңілдіктер қарастырылды”,–деді бас имам.

Тақырыпты талқылауда сөз алған Марат қажы Сұлтанбековте қазіргі ел арасында кездесіп жүрген астатөк ысырапшылдықты ауыздықтау қажеттігін алға тартты.

Дәмхана иесі Әлмұрат Нұрғалиев бұл мәселенің өте орынды көтеріліп отырғанын, өзінің қолдайтынын және қарамағындағыларға айтатынын жеткізді. Сондай – ақ, ол қалада дәмханалардан бөлек ас берумен айналысатын жеке тұрғын үйлердің де қарасы қалыңдап келе жатқанын, жалпыға бірдей талаптан олардың да шет қалмауын ұсынды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу