САЙЛАУДЫ АСЫҒА ТОСЫП ОТЫР
«Қатын ашуланса қазан қайнатады» деген мақал ескірген-ау? Оған көзім әбден жетті. Қатыным қазанды ғана емес, миымды қоса қайнатып жүр…Мен көресіні (қатын дегенді жұқалап айтайыншы) әйелден көрдім. Кәдімгі өзімнің «жекеменшік» әйелімнен. Таңның атысынан күннің батысына шейін теледидардың алдында бітпейтін сериалдарды көріп мөлиіп отыратын қатыным өнер шығарды. Бірдеңеден ұшынды ма, әлде бірдеңеден шошынды ма деп сұрағыңыз келіп тұр-ау. Жоға, желік бітті. Желік бітіп еді, барлығынан жеріп кетті. Дүкенге барса – түңіліп келеді, базарға барса – жүгіріп келеді. Қолына доллар ұстап көрмеседе қарғайды, қымбатшылық – қымбатшылық деп сарнайды. Үкіметке өкпелейді, жерді тепкілейді. «Нағыз өмір – депутат болған деп, тіршілігіңе, кәсібіңе қорған», – деп миымды жейді. Үнді мен кәрістің киносын көргенде ғана сәл сызылады, артынан айрандай бұзылады. Парламент мәжілісі тарайды дегелі – бірдеңеден дәмелі…
Сенерсіз, сенбессіз, сайлауға түсемін деп өзеуреп жүр, ол жақты да өзім деп жүр. Мәслихат сайлауы болса бір жөн ғой, Мәжілістен дәмесі бар, бір жан ғой. Күндіз ас батпайды деп көлгірсиді, түнде ұйықтай алмай дөңбекшиді.
– «Әй», – дедім кеше «тілім» шығып, «бұғаудағы» тілімнің бізін сұғып:
– Осы сен алжығаннан саумысың? Айтып жүргенің қай сайлау?
– Парламенттің мәжілісі, Сайлаулардың ең ірісі.
- Сен өзі партияда барсың ба?
- Жоқпын,
- Онда ортасында қалдың ғой оттың,
- Байғұс-ау, баяғыдай жеке дара шаба алмайсың,
Құр босқа бажылдайсың,
Сенетін тірегің де жоқ,
Мәжіліске баратын іреңің де жоқ,
Қалтаңда тиының да жоқ,
қолыңда бұйымың да жоқ,
Жарнаға төлейтін бәленбай мың түгілі,
Соқыр тиының да жоқ,
Не сөзіңді сөйлейтін
ол жақта жеңгең де жоқ,
Осы сені қай түлен түртіп жүрген,
деп кеше күңкілдегем…
Қатыным сасатын емес,
Бетін ұялып басатын емес,
– Тіркелген партиялардың біріне тізілемін,
Көздеріне түсіп сүзілемін,
Халыққа уәдені үйіп төгемін,
Өзімді керек жерінде аямай сөгемін,
Мәжіліске сайланатын 98 депутаттан нем кем,
Шалжиып отырамын менде ертең,
Содан кейін үнсіз тіршілігім басталады,
(Сенің де жағдайың жақсарады).
Әйелдердің зейнет жасын соза түсемін,
Бұрынғылардан оза түсемін,
Депутаттық сауал жолдап шаршамаймын,
Халықтың жағдайын айтып жар салмаймын
Үкіметтің миын жеп қақсамаймын
Өзімді тоқ санаймын,
Бас деген кнопканы басып қаламын,
Аш деген жерін ашып қаламын,
Сенімдеріне кірсем болды,
Айбақтатып қоя саламын қолды – деп бөсіп отыр,
Өзі алдағы сайлауды асыға тосып отыр.
МАҚАЛДАСУ
– Ассалаумағалейкум ағасы. Сәлем сөздің атасы. «Әкең өлседе, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген бар. Алдыңызға кеп жүгініп тұрған Болмастың баласы, Толмас.
– Уағалейкумассалам. «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық» деген рас – ау. Бұйымтайыңды айта отыр балам.
– «Сүт сұрай келіп шелегіңді жасырма» демекші, ойымды ашық айтайын. «Сай – сайға, бай – байға» құяды. Арманым «жоғарыға жорғалап барып, дорбалап» қайту еді.
– Әп, бәрекелді. «Жылан жымын білдірмес», Әкең мешкей еді. «Сараңнан бермес, Соқырдан көрмес» туар деген осы – ау.
– «Әке көрген оқ жонар» дегенді қайда қоясыз. Әкемнің «Жұтқан жұтамас» деген мәтелін бой тұмардай қастерлеймін ағасы.
– Жарайды. «Жұмыс қолдың кірі». «Береген қолым алаған» дегендей… Өзіңде білесің бала,«құрғақ қасық ауыз жыртады». Бұлбұлдың да жемсауы бар екенін есіңнен шығарма.
– «Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүрер. Кедей мен кедей құда болса ортасында дорба жүрер». «Ымды білмеген дымды білмейді». Бәрін қатырамын. «Сауда сақал сипағанша» .
– «Болар бала боғынан». Жарадың. Қазір кадрден қадір кетіп тұр. Жұмысқа қабілетің қалай өзі?
– Ол жағынан қам жемеңіз. «Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргенді ұнатамын. «Текені жезде, ешкіні апа» қылу қолдан келеді.
– «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасуға» қалайсың?
– «Жалғыздың – жары құдай». «Көппен көрген – ұлы той» деген миыма кірмейді.
– «Қарның ашса қаралы үйге шап» демекші, өлім – жітім, той – томалаққа белсенділігің қалай?
– «Өлім – бардың малын, жоқтың – артын ашады». Беті аулақ. Тойды жақсы көрем. «Той десе – қу бас домалайды». Бірақ «Тойға барсаң тойып бармен» келіспеймін.
– Сен әкеңнен асып түскен «өзі тойсада көзі тоймайтын» пәтшағар болдың-ау. Күн ертең «жылқыны түгімен, түйені жүгімен» жұтып, шетелге қашып кетіп жүрме антұрған.
– «Балапанды күзде санайды». «Тәрбие тал бесіктен» деген бар. «Қасқырды қанша асырасаңда орманға қарап ұлиды» аға.
– «Болар бала 15 – де баспын дер, болмас бала 30 – да жаспын дер». «Ат тұяғын тай басар». Қызметіңмен құттықтаймын балам.
ШҰБАР МЫСЫҚТЫҢ «МИЯУЫ» НЕСІ?
«Үкімет пен Парламент жұмысын тек қазақша жүргізсін» деген пәрменді бұйрық шыққан күннің ертесіне далаға шықсам, жалқау итім «Гап-гап» деп үріп тұр. Бұрындары «ауп-ауп» дейтін. «Е, қайтсін байғұс, интернет заманы емес пе, жақсы хабар бұған да жеткен екен ғой» деп ішімнен шүкірлік етудемін. «Гап» дегені, «қап» дегені ғой. Кәдімгі иттей қап, осы мүмкіндікті жіберіп алма дегенді меңзегені. Қазақтарға жаны ашып, жағынған түрін-ай» деп аяп кетіп, түннен қалған соғым етін табағымен алдына қоя салдым. Қуанған адам не істемейді. Жайшылықта «қыт-қыттайтын» тауықтарымның, «құт-құт» деп жүгіріп жүргендерін көріп жүрегім жарылып кете жаздасын. Қалай қуанбайсың, «енді елімізге құт келеді. Қуан, қазақ!» деп жатыр емес пе, шіркіндер. Жалма-жан сарайға бұрылып, айналдырған он шақты тауыққа бір шелек таза бидайды төге салдым. «Ақ түйенің қарны жарылып жатқанда» сараңдық көрсеткенім жарамас, тәйірі! Адам көрсе, жем іздеп маңырай жөнелетін қой – ешкілерім, маған таңырқай қарайды. Қызыға қарайды. Арагідік «мә-ә-ә-ә» десіп, жағымды жаңалыққа таңданыстарын жасырмайды тіпті. Жануар ғой, «мә-ә-әәә» дегендері, қуаныштарың «мәңгі болсын» деген лебіздері деп ұқтым. Дәтім шыдамады, сары майдай сақтап жүрген ұн-кебектің бір қабын қақ жарып орталарына тастай салдым. Менің жомарттығыма риза болғандары сондай, бәрі жамырап «Мә-ә-ә-ә-ә» деп шығарып салды.
Қораны айнала бергенімде «қарасан келгір» сиырларымның «мөңіреудің» орнына «еңіреп» тұрғандарын көрдім. Кәдімгідей көздерінен жас парлап, сала құлаш тілдерімен бірінің мойынын бірі жалап қояды. Қуанған түрлері, қайтсын енді. Ортасында тұрған әйелім мәз. Әр сиырдың астына қойған шелектерге «қуаныштан» иіген желіндер, «сырт-сырт» етудің орнына «ғұрып – ғұрып» деп төгіп жатыр. Демек, тілің дұрысталса, ғұрпыңда оңалады деген «намек» тәрізді. Бұларға да көк шөптен молырақ салдым. Жесін! Қазақтың дүниесін кім жемей жатыр.
Үйге келіп теледидарды қоссам, Үкімет отырысы жүріп жатыр екен. Бір түрлі жанға жайлы жиын. Бәрі қазақша бұлбұлша сайрамаса да, қарға құсап «қарқ-қарқ» етіп қояды. Қазақшаңды қақпайтын министрлердің жағдайы тіпті қиын. Баяндамаларын бастауыш сыныптың баласындай ежелеп оқып, ұстаздарына жағынған кейіпті аңғартады. Аянышты кескіндер… Байлаулы тілдер…. «Сендерге сол керек. Тоқпағы мықты болса темір қазық жерге кіреді» деп масайрап мен отырмын. Кенет дәл қасымда жатқан шұбар мысығым, орнынан дүр сілкініп тұрды да, көзіме тіке қарап, «Мияу» демесі бар ма? Шалқамнан түсе жаздадым. Бар жылы жұмсағымды жеп, жылы пештің түбінде жататын мысықтан мен мұны күтпеген едім. Менің қуанышыма ортақтасудың орнына, маған «Сен мияусың, мыжымасың, қыртсың! Көрерміз қуаныштарыңның қаншаға созылғанын» деп тұрғандай көрінді. Тұрпаты – біздің қоғамдағы мысық-тілеу адамдардың кейпі. Ашуланғаным сондай, шұбар мысықты желкесінен бүріп ұстап далаға лақтырып жібердім.
ҚАЛАЙ ӘКІМ АТАНДЫМ?
-1-
Үйдегі қара телефон «шар» ете қалғанда, қара қатынымның «баж» ете қалатын әдеті. Неге «баж» етеді, оны өзінен басқа тірі жан білмейді. Күндегісі сол. Қара телефон күндесі секілді. Күн бермейді. Кейде сырласып «шай ішіп» отырғандай әсерге бөлегенімен, соңғы жағында қалшылдап, дірілдеп «еш кінәсі жоқ» телефон тұтқасын дүрс еткізіп ұяшығына қоя салады. Дыз етпе мінезі бар демесең, қоғамдағы «ауа райын» тез аңғарып қалатын қасиетке ие. Көмейде бүлкілдеген түлкі-емеуірінді, ауыз-апаннан шыға бере тұзаққа түсіретін аңшыдай әккі. Байқағыштығы – қыран бүркіттей жылдам. Қиырдағыны қырғидай қағып тастайтыны – өткірлігі. Аты мен заты да соған сай келуін қарасай. Аңғаргүл Байқағышқызы.
Күндегі әдеті бойынша «бейкүнә» нәресте-телефон шар ете қалғаны сол, ұялы телефонын шұқылап отырған әйелім шоқ басып алғандай «баж» етіп жетіп барды. Екпіні шаштан алып сабайтын адамның кейпі. Долданып барып тұтқаны көтеріп, сілейіп қатты да қалды. Жай тұрмай телефон тұтқасына сүлікше жабысып, екі қолымен қапсырып тастай қысып алғаны маған ұнамады. Көзі алақ-жұлақ. Шыдай алмай әйеліме көмекке ұмтылдым. Бір жағы еркек емеспін бе, телефон тұтқасының төменгі иегі «шүртиген ерін» секілді көзіме елестеп, ішімді қызғаныштың қызыл иті талап, жанымды шығарып барады. Тап сол «иек тұстан» бір ұрып, күрек тісін күлпарша етер ме еді деп қоям. Алайда ол жерге жұдырық «сүйкенсе» кейін өзімнің да денсаулығыма «қиянат» жасап алам ба деген қорқыныш сап-сап дейді. Мұның бәрі қас-қағым сәтте ми қыртысында болып жатқан арпалыс қой. («Кім келіп, кім кетпейді бұл жалғанға» дегендей, не келіп не кетпейді бұл қазан басқа! ).
Осылайша жағадан алған күдікті оймен жағаласып қатыныма жетсем, ол байғұстың екі қолы телефон тұтқасына қарысып қалыпты. Әрең ажыратып алып, құлағымды тоссам, жоғарыдан хабарласып тұрған қыз екен.
– Сіз, АрызБек СыншыБайұлысыз ба?
– «Иә» – дедім, дауысым қарлығып. (Жайшылықта шіңк –шіңк ететін үнім жүні жығылып басылып қалыпты).
– «Билікті бит басса, әкімнен сірке ізде» деген мақаланы сіз жаздыңыз ба?
– Иә.
– Сол мақалаңыз «Көк төбеде» біраз шу туғызды. Көгеріп келе жатқан, көктеп келе жатқан біраз кадр көктей солды. Шеф ешкімді аяған жоқ…
– ???
– Сіз, өзіңіз қан-жоса етіп сынаған «Кері кеткен» ауылына әкім болып сайландыңыз?
– Ол ауылдың әкімі бар ғой?…
– Ондағы әкім қызметінен алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалғалы жатыр.
– Сонда мен?…
– Мен ештеңе білмеймін. Сізге жоғарының шешімін жеткіздім. Қызметіңізбен құттықтаймын! Сау болыңыз!
– Гук-гук-гук…
Талықсып жатқан қатынның бетіне бір шелек суды шашып жіберіп әрең есін жиғыздым. Сонда да былқ-сылқ. Өң мен түстің арасындағы бір халді кешіп жатыр. Тұла бойы дел-сал екені көріні тұр.
- «Жаңағы естігенім рас па?» дейді маған аянышты кейіпте.
– Иә, арманың әкімнің әйелі болу еді ғой, жеттің ол арманыңа – дедім құдіретті әтештей қоқиланып .
-2-
Атағы «алысқа» кеткен «Кері кеткен» ауылына әкім болып сайланғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Ат шаптырым кең кабинетте шалқып отырмын. Көңілім тоқ. Уайым жоқ. Күнде ет жегесін бе, әлде асқазаны түскір бұрын- соңды мұнша көп «заказды» «оптом» қабылдап үйренбеген бе, нақты айту қиын, әйтеуір мазасы қашып, «артық құйылып жатқан дүниені» жатырқап, анда-санда қыжылдап сигнал беріп әлек…
Оған қазір көңіл аударуға мұрша аз. Жұмыс шаш етектен. Сіңбіруге мұрша жоқ сенсеңіз. Жөнделмеген шұрқ-тесік жол… ауыл ішіне тартылмаған ауыз су… кірпішін мұражайға жіберетін ескі мектеп… кеңестік дәуірден «мұраға қалған» көнерген клуб… осылай кете береді.
Айтпақшы, бәлесі жұғар деп АрызБек СыншыБайұлы деген әкем азан шақырып қойған ныспыдан келе сала құтылдым. Құтылуыма қатыным көп күш жұмсады. «Құлаққа түрпідей тиеді екен біртүрлі… Бұрын қалай жүргенсің… ұяттағы…. Бұл сенің келешекте өсуіңе кедергі келтіреді. Мұның алдын алу керек» деп, «отыз күн ойланып, қырық күн толғанып», саған «Көнгішбек» деген ат лайық деп ЦОН-ға барып құжатымды жаңалады. «Ыңқ» демедім. Күшіне әбден мінген әйелім онымен тоқтамай, «Әкеңнің де есіме «не то». Мен көргенде басын шұлғып отыратын еді ғой» деп «Оны» да жаңалап жіберді. «Бүлк» етпедім. Сөйтіп ойламаған жерден Көнгішбек БасШұлғығышұлы болып шыға келдім. Әкемнің аты жаңылытпаш секілді құлаққа жағымсыз естілгенімен, бұрыңғыдан көп жақсы. Өзіме осы есім-сой қатты ұнап жүр.
Жасырмаймын көптің арасында менің бұрынғы атымды еске салып, қыжыртып, соқтығып өтетіндер кездесті басында. Олардың «сыбағасын беру үшін», жақын-жұрағатын іздеп тапқызып әлеуметтік көмектен «қағып» тастағанмын баяғыда… Содан бері тиісетіндер, ыңғайы келсе келекелейтіндер қарасы азайды.
Әкім болып сайланғалы ең үлкен жеңісім, осы күнге дейін ешкімге дес бермей келген арызқой Жазғышбек ЖауІздегіш шалды астыртын үйге шақырып, бас тартып, үстіне шапан, астына ат мінгізіп «шалқасынан» түсіргенмін. Қазір ол шал маған арыз жазбақ түгілі, үстеме шыбын қонса мазасы қашатын жағдай да…
Ал Әкиматтың алдына шығып «бунт» ұйымдастыруға құштар төрт-бес әйелдің «шаруасын» әйелім өзі тындыра салды. Осылайша «Кері кеткен» ауылы қазір «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда». Мұғалімдерге қорғаныш болғысы келіп қиқаңдаған мектеп директорының да жынын қағып алдым өткенде. Қазір байғұс алдымда құрдай жорғалайды.
Несін айтасың, әкім болған керемет екен ғой. Бәрі алдыңда именіп, басын иіп «сәлем салып» тұрады. Өзіңді жарты әлемнің құдайы сезінеді екенсің. Кейде ескі жыным қозғанда аппаратты кабинетіме жинап алып, «ит терілерін бастарына қаптап», халықпен жұмыс істемей жатырсыңдар – деп соғып-соғып аламын. Бишаралардың бірі бетіме тура қарай алмайды. Айыпты адамдай жерден көздерін алмай міңгірлегендерін көріп айызым қана түседі. Бас көтермек болған бір-екеуін тентіретіп жібердім. Көрсін. Әкімнің күш-қуатын сезінсін!
Әкім болып келгелі бітірген, өзім мақтанышпен айтар бір іс, «Әкімге қарсы келу – әкеңе қарсы келумен бірдей» деген ас ішіп отырғанда көкейге келген қанатты сөзді әкиматтың алдына афоризмге балап плакатқа жаздырып ілгізіп қойғаным.
Екінші тындырған ісім, аз уақытта ең жеңіл салмақтан «қарғып» өтіп, абсалютті әкім атанғаным.
Өй, рахат өмір кешіп жатырмын..
МЕН ҚАЛАЙ КЕҢЕСШІ БОЛДЫМ
Сөтівиім шылдыр ете қалса, тұла бойым «сылдыр» ете қалатын әдеті. Бұл жолы да тап солай болды. Шала туған баладай шалажансар сөтівіймнің «шыңғырғанда» ересек адамдай дауысы зорайып, дірілдеп – қалшылдап кеткені. Шабыт құшағында балқып отырғанда кәйіпті бұзып жіберетінін қарапайым жұрт қайдан білсін бұл неменің…
Өлең сөзді әрең жазып, шабыт-кенін күнде қазып, ән шығарып азып – қажып жүрген адам да бір – қария секілді ғой. Сәл нәрсеге көңілі көтеріліп, сәл нәрсеге өмірі шегеріліп қалады. Бірнеше күн толғатқан жүрегімнен жақсы бір әннің дүниеге келіп жатқан кезі еді, бүгін. Әннің ырғағына қарап отырып МС Сайлаубек есіме түсіп, көңілім босап кеткені де рас. Шиқылдаған ән нотасы сол айтса деп сұранып тұрғандай. Әйтседе әні мен сөзін өзім жазатын болғандықтан, «орындаушысы да өзің болсаң» деген қызғаныш-саусақ бүйірімнен түртіп қояды.
Сөтівійім емшек сұраған нәрістедей безілдеп әлі тұр. Қояр емес. Жылай-жылай сілікпесі шыққан баланы қолға алғандай, сөткімді еріне қолыма алдым.
- Әлло-әлло? Тыңдап тұрмын?
- Сәләмәтсіз бе? Сіз Даңғазабек Ақынсымақұлы Әншібековсіз бе?
Үлбіреген нәзік үн жаныма жайдай жағып барады. Сызылған қыз баланың дауысы қандай…?
- Иә, дәл төбесінен түстіңіз, қарындас!
- Қылжақтамаңыз, Сіз Даңғазабек Ақынсымақұлы Әншібековсіз бе?
- Айналайын-ау, егер сол пақырды іздесеңіз тап соның өзімін.
- Сөзді көп созбайын. Сізді мазалап тұрған жаңадан құрылған «Кәкір-шүкір, алысқа түкір» министрлігінің баспасөзі.
- Ойбай, құлдық, не бүлдіріп қойдық?
- Ештеңе бүлдірген жоқсыз. Сүйінші хабарым бар, соны Сізге жеткізуге асықпын.
- Сүйіншіңізге – бір ән. Азырқансаңыз екі ән атаймын. Әрі кетсе бір сағат күтесіз.
- Онда бопты. Уәдеңізде тұрыңыз. Айтайын дегенім, Сіз қазірден бастап «Кәкір-шүкір, алысқа түкір» министрі Жәйкелген Шендібекұлы Ақылыазовтың штаттан тыс көмекшісісіз!
- Ойбай не дейді? Ол жақта маған не бар?
- Даңғазабек Ақынсымақұлы, сасқалақтамаңыз, сөзге құлақ түріңіз, Сізге уже бұйрық шығып қойды. «Шегінерге жол жоқ, артымызда Москва» дегенді білетін шығарсыз?
- Білгенде қандай айналайын-ау. Бірақ мен министрге кеңесші болмақ түгілі, ауыл әкіміне орынбасар болып көрмеген адаммын ғой. Қалай болар екен? Оның сыртында әнші-сазгер, ақын деген атақ-абыройым бар…
- Біздің шефке де керегі осы. Ол кісіде жұмыс көп… Шаршайды… Күйзеледі… Ностроениесі түседі…. Сондай да қасында болып әніңізбен емдеп, жырыңызбен демеп жіберсеңіз жетіп жатыр…
- Оның жарасы жеңіл ғой. Менің жұмысым сол ғой негізі. Мен ел мәселесін шешуге кеңес сұрап жатыр ма деп шошып кетсем.
- Жоға, министрлік толы бюджеттен қаржы алып отырған мамандар. Кеңесшілік олардан артыла қоймас. Сіз пияр-менеджер болуға әбден лайықсыз? Сізді халық таниды. Әсіресе жастар әніңізге мас болып, қала көшелерінің шамдарын сындырып кетіп жүр. Елді тарту үшін телеарналар халықтың алдына әншілерді шығарып әлек. Содан кейін біздің министр Жәйкелген Ақылыазов та ойлана келе, Сізге «құда түсіп» отыр. Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Хош сау болыңыз!
- Гук-гук-гук…
Қуаныштан жүрегім барабандай дүрсілдеп, сезімдерім сыбызғыдай сызылып, аяқтарым гармондай жиырылып отыра кеттім…
ҮЙДЕН ШЫҚҚАН «БҮЛІК»
Үйімнен бүлік шықты!
Қайтейін,
қатынымның құлағы түрік шықты.
Бірде жылап,
бірде бөлмесінен күліп шықты.
Енді бірде,
екі білегін түріп шықты.
Айтатыны:
Дамыған жұрттың тұрмысымен қанығыпты,
Соларша өмір сүруді… сағыныпты…
Түк түсінсем бұйырмасын!
Қатыным қайтадан құйындасын!
Бұрын «құдайындай» сеніп келген,
Ендігісі мынау?
Кім болды екен желіктірген?
Болса да атақ мықты!
Шаңырағымнан шатақ шықты!
Қатыным бастап,
балаларым қостап,
жағама жармасып,
барлық түймелерімді отап шықты.
Шегініп барып жарға тірелдім,
Патшасы едім ғой отбасы дейтін «бір елдің!».
Сөзімді тыңдаудан кетіп қалыпты,
Температулары 40 – қа жетіп қалыпты.
Қан қысымдары «шарықтап» тұр,
Талаптары – қыран құстай қалықтап жүр!
Бірінің қолында көсеу,
Бірінің қолында ожау,
Болашағымның не болатынын қиын болып тұр болжау!
Бұған дейін естігенім – алғыс еді,
Ендігі айтатындары қарғысқа айналды!
Қатыным мысық еді –
Барысқа айналды!….
Сөздің турасы,
Тілі кере құлаш «алтыным»
Ара болып шақты,
Қолына ала салып,
Ұннан босаған ала қапшықты,
менің барлық кемшілігімді атап – атап шықты.
Сөйтсем,
«Мен отбасымды қанаған екем,
оларды түк сезбейтін мақұлыққа балаған екем.
Барлық ақшаны өзім ұстап санаған екем.
Әділетсіздік орнатып,
аямай тонаған екем.
Картопты ұрлап сатқан екем,
Қой-ешкіні оңаша баққан екем!
Жиһаздың бәрін сыртқа асырыппын,
Кілем-төсенішті құдыққа жасырыппын!
Түсім мен пайданы бөліспеппін,
Жалғыз өзім өрістеппін!
Несиеге көміп қойыппын,
Жылт еткен табыстарын көріп қойыппын!
Ешкімге ештеңе татырмаппын,
Мақтанға елітіп – жарқылдаппын!!
Өзім ғана жұта беріппін,
…барлығын ұта беріппін!
Ол аз десеңіз,
бау-бақшаны көршіге сатқан екенмін,
сөйтіп рахатқа батқан екенмін.
Қораны жалға берген екенмін,
Сырттағы жұртқа сенген екенмін.
Бір кездері…
…ауланы сатарда тұтылған екенмін,
Уәде беріп әупіріммен құтылған екенмін!
Билікті бермей – тасып кетіппін,
белгілеген межеден асып кетіппін.
Ауылдың бәріне қарыз екенмін,
Қарыз алудан жалғыз екенмін!
Малдың бәрін туысқа беріппін,
Сауда – саттықта танысқа сеніппін.
Қонақты үйге көп шақырыппын,
Балаға қимағанды соларға шашыппын!
«Келешек жарқын» деп уәде беріппін…
Уәдемді орындамай жүре беріппін.
Қарсы келгенді – ұрыппын,
Үлкен мафия құрыппын.
Сөздің ақыры,
отбасыма қарамаппын…
… жүректерін жаралаппын!
Қатынымның жаппаған жаласы жоқ,
Бірақ, бір сөзіне таласым жоқ….
…Екі аяқтан дәрмен кетіп құлай бердім,
Дүниеңді қайтейін…
Бір жұтым су сұрай бердім…
Астана қаласы