Ұлы ағартушының құрметіне ғылыми конференция өтті

Ұлы ағартушының құрметіне ғылыми конференция өтті

Қазақ мектептерінің қара шаңырағы саналатын Торғайдағы Ыбырай ашқан мектепке биыл 160 жыл толып отыр. Сонымен қатар, биыл 1884 жылдың 1 қыркүйегінде екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің ашылғанына да 140 жыл толды.

Жалпы Ұлы ағартушы қаншама оқу орындарының ашылуына мұрындық болды. Бұл Ыбырай Алтынсариннің өзіне жүктелген міндетті және мүмкіндікті қалай ұтымды пайдалануға болатындығының үлгісін көрсетті десе болады.

Тарих адамның қолымен емес, жасампаз жолмен жасалады. Бұл күнде жылдар қойнауына кеткен Ыбырай бабамыздың салдырған мектебі қазір қаншама шәкірттерді дайындап ұшырды. Осы атаулы даталарға орай «Ы.Алтынсарин мұрасы: дәстүр мен инновация сабақтастығы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Тағылымды іс-шара облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалидың құттықтауымен ашылды.

– Алғаш болып білімнің шырағын жағып, халқымыздың өркениет әлеміне түбегейлі бетбұрыс жасауына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаның жүрегіміздің төрінен алады. Сол себепті Тобыл-Торғай өңірінде ұстаз мұрасы ерекше қамқорлыққа алынған. Ұлы ағартушының туған жері Алтынсарин ауданында орналасқан «Омар құдығы» және Қостанай ауданындағы кесенесі Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енгізілген. Екі нысанда да ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізілді. Әсіресе ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған ағартушының кесенесі қайта жаңғыртылып, жаңа сәулетті орынға айналды. Қазіргі уақытта облысқа ат басын бұратын көптеген қонақтарымыз, студент жастар мен оқушылар осы киелі нысандарға арнайы барып, ұлы тұлғаның өмірімен, қызметімен танысып, тағзым жасайды. Ағартушының мерейтойы аясында облыс орталығында сәулетті ескерткіш орнатылды. Ы.Алтынсарин есімі берілген елді мекендер мен көшелер абаттандырылып, жолдар жөнделіп, үйлер жаңартылды, –  деп атап өтті Ринат Зәкиұлы.

Пленарлық отырыста баяндама жасаған ғалымдар мен баяндамашылар ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер келтіріп, педагогикалық идеяларын кеңінен насихаттады.

Бұдан былай аталған мектеп өткізіп келе жатқан Ыбырай оқуларының ережесі жетілдіріліп, биылдан бастап жаңа форматта өткізу жоспарланған. Жеңімпаз балаларға тиісті сыйақы тағайындалатын болады. Және бұл сайысты облыстық білім және мәдениет басқармалары бірлесіп жүзеге асырмақ. Яғни, Ыбырай оқуларын облыстық дәрежеге көтере отырып, ұлт ұстазының бізге қалдырған құнды мұрасын жастар арасында кеңінен насихаттайтын боламыз, деген ой тастады конференцияға қатысушылар.

Конференцияға қатысқан ұстаздардың да пікірі ерекше. Алдағы уақытта осындай жиындар жиі ұйымдастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.

– Ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Білім беру жүйесінде жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеу барысында көркем әдеби тілдің тазалығы үшін күресуші, халқымыздың біртуар төл перзенті, дарынды жазушы Ы.Алтынсариннің шығармаларының халықтық идеялық өміршеңдігі үлкен сипатқа ие. Ұлы ұстаздың ізгі ойлары мен педагогикалық идеялары арқылы оқушыларды рухани жағынан ой-өрісі дамыған, өнегелі азамат етіп тәрбиелеу барша ұстаздар қауымының міндеті деп ойлаймын, –  дейді Қостанай қаласы Ғ.Қайырбеков атындағы №9 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Ләззат Мәженова.

Өңірде ұстаз есімін иеленген Арқалық мемлекеттік педагогика институты, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, бес білім ошағы ұрпақ тәрбиесінің озық тәжірибелерін іске асырып отыр. Осы білім ордаларының басшылығының өз білім ордаларының қабырғасынан түлеп шыққан әр білім алушы ұлт ұстазының өмірлік ұстанымын, қалдырған мұрасының негізгі ойларын бойларына сіңдіру керек деген пікірлер де айтылды.

Пленарлық отырыстан соң аға буын өкілдері ұлы ағартушының кесенесіне тағзым етіп, рухына құран бағыштаса, шығармашыл ұстаздар қауымы секциялық отырыстарда баяндама жасап, өзара тәжірибе алмасты.

Тағылымы мол іс-шара Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық мемориалдық музейінде жалғасты. Ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді көпшіліктің назарына ұсынып насихаттаған облыстық мемориалдық музей қызметкерлері мен Арқалық педагогикалық ұжымы жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ, Бахыт ИСИМБАЕВА,

Суреттерді түсірген Ерасыл ТАЛҒАТОВ.

Жаңалықтармен бөлісу