Республика күні қарсаңында «Қостанай таңы» оқырман қауым арасында екінші мәрте онлайн ұтыс ойынын ұйымдастырды. Оған руханиятқа жанашыр азаматтар мен газеттің тұрақты демеушілері сыйлықтың сан-алуан түрін тағайындаған еді. Облыстық онлайн-ұтыста 20 өңірден 60-қа тарта тұрғын сыйлыққа кенелді. Редакция төрінде сыйлық иегерлері салтанатты түрде марапатталды.
Бұл, шын мәнінде, газет пен оқырман арасындағы байланысты бекіте түскен іс-шаралардың бірі де бірегейі десек, қателеспес едік. Оқырмандар арасындағы ұтыс ойынына қолдау-демеу көрсеткен атымтай жомарт азаматтар, ұйым-мекемелер, кәсіпорындар, серіктестеріміз аз болған жоқ. Атап айтсақ, бас демеушіміз – «Сосновый бор» шипажайы. Сондай-ақ «Тобыл» футбол клубы, «Аллюр» компаниялар тобы, «Аманат», «Ауыл» партиялары, «Еуразиялық банк» АҚ, «Емшан» сауда кешені және өңіріміздің басқа да атымтай жомарт азаматтары көмек көрсетті. «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, жобаның бастамашысы Кенжеш Оразғалиқызы демеушілер мен оқырман қауымға алғысын білдірді.
«Қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұсынұлының қозғап кеткен ұлт мүддесін әлі жырлап келе жатырмыз. Осы үшін қатты ұяламыз. Бұл кінәмізді мойындап, газет бетінде барынша тартуға ұмытыламыз. Жүз жылдан астам тарихы бар қазақ газетін қолдап, мәдениетімізді ұмыт қалдырмау жолында үлес қосып келе жатқан сіздерге алғысымыз шексіз. Инстаграм мен сайтта жастарымыз көрсін деп бұл тақырыпқа жиі көңіл бөліп келеміз. Жүрген жерлеріңізде айта жүріңіздер. Жастарымыздың болашағы жарқын. Олардың арасында өз тілімен бірге тарихын ұмытпай әлемге танытып жүргендер баршылық», – деді Кенжеш Оразғалиқызы.
Қарт басылымның тұрақты оқырманына айналып, нәтижесінде ұтыскер атанып отырған жүлде иелерін марапаттады.
Ата басылымның осы жолғы ұтыс ойынында да ақшалай сыйлықтар аз ойнатылған жоқ. Демеуші азаматтар қалтасынан қосқан қаржылай сыйлық ұтыс қорын толықтыра түсті. Ақшалай сыйлықтардың бірін рудныйлық Айгүл Әбдірова иеленді.
Айгүл Тұрсынбайқызы кеншілер қаласындағы жалпы білім беретін мектепте бастауыш сынып мұғалімі. 2005 жылдан бергі газетіміздің тұрақты оқырманы мектепте директордың орынбасары қызметін қоса атқарып келе жатыр.
«Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болғандықтан, отбасымызбен жаздырып аламыз. Газеттен үнемі жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Республика күніне орай ұйымдастырылған онлайн ұтыс ойынында ақшалай сыйлыққа ие болдым. Ұйымдастырған газет ұжымына алғысымыз шексіз. Газеттің жазылымы артып, оқырмандары көбейе берсін», – дейді оқырман.
Мұның сыртында, өзге де көптеген сыйлықтар ойнатылғанын айта кеткіміз келеді. Атап айтқанда, әртүрлі электронды құрылғылар, аксессуарлар, ыдыс-аяқ, бағалы бұйымдар және басқалары ұтысқа тігіліп, барлығы дерлік өз иелерін тапты.
Облыстың барлық өңірін қамтыған ұтыс ойынында сыйлықтан құр қол қалған аймақ болған жоқ. Сәттілік серігі болып, зор олжаға кенелген ұтыскерлерге «Сосновый бор» шипажайына үш күндік жолдама табыс етілді.
Шипажай басшылығы ұсынған тамаша мүмкіндікті бес бірдей оқырманымыз иеленді. Бір жолдама Арқалық қаласының тұрғыны Айтуған Ахметовке тиесілі. Аманкелді ауданындағы оқырманымыз Эльзада Қабиболла да осындай сыйлыққа ие болды. Науырзымдық Айгүл Баймұханованы да бір жолдама күтіп тұр. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік әртүрлі себептерге байланысты бүгінгі іс-шараға келе алмады. Бірақ кім-кімге де лайықты сыйлықтары міндетті түрде табысталатынын тағы да ескерте кетейік.
Жанкелдин ауданының тұрғыны Рауан Ғабдырахманұлының жүлдесін алуға арнайы атасы келді.
«Әуелден бірге келе жатқан газетіміздің тарихы тереңде жатыр. Облыстың барлық тыныс-тіршілігі, болып жатқан оқиғаларымен танысатын қазақ тілінді әр оқырманның жалғыз басылымы. Алдағы уақытта әр нөмірін асыға күтіп отыратын болайық. Осыған байланысты шығармашылық табыс тілеймін. Ұтыс ойнату дегеннің өзі жақсы жаңалық. Газеттің беделі бар екенін, демеушілері көп екенін көрсетеді. Бұл оқырман қауымды тартады деп есептеймін», – дейді Рауанның атасы Мәлік Ысқақов
Тағы бір жолдама иесі – Қарабалық ауданынан келген Гүлсім Сұлтанова.
Ұтысқа тігілген бағалы сыйлықтардың бірі – «Тобыл» футбол клубы ұсынған смарт теледидар.
Ол Қостанай қаласының тұрғыны Галия Дәулетқалиеваға бұйырды. «Еуразиялық банк» АҚ ұсынған жылы жамылғы мен термокүрішке ұтыс иегері Алима Айтжанованың апасы Ғалия Сатыбалдықызына табыс етілді.
Тобыл-Торғай өңіріндегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газеті ғасырдан астам оқырмандарының мүддесі жолында қызмет етіп келеді. Халықпен арадағы алтын арқау, тығыз байланысты бекіте түсу жолында сан түрлі жобаның тұсауы кесілуде. Сондай игі бастамалардың бірі – осы ұтыс ойыны болғаны сөзсіз. Ендеше, дәйім сүйікті газеттеріңіздің жанашыры болғайсыздар, ата басылым әрқашан төрлеріңізден табылсын!
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев