Ақмола облысында көпсалалы инновациялық колледжінің базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері арасында ұйымдастырылған I республикалық «AgroSkills-2024» байқауынан Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің өндірістік оқыту шебері Марат Құрмамбаев үшінші орынды иемденді.
Нарықтық экономиканың қазіргі талаптарына сай келетін кадрларлы шыңдау, оларды саралау, еңбектерін бағалауға бағытталған байқауға еліміздің 16 облысынан шеберлер қатысқан.
Көкшетауда өткен байқау төрт модульді қамтыды. Олардың әрқайсысы қатысушылардың шеберліктерін бағалады. Әрбір модуль қатысушыларға заманауи ауылшаруашылық техникасымен жұмыс істеуде өз білімдері мен кәсбиліктерін көрсетуге мүмкіндік берді. Байқау мұғалімдер арасында озық тәжірибе алмасуға жол аша түссе керек. Қатысушылар таңдаған мамандығы бойынша өздерін танытып, тың шешімдер тауып, өз білімдерін іс жүзінде көрсете білді.
«Байқау мұғалімдердің біліктілігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлаудың инновациялық тәсілдерін дамытуға да ықпалы зор болды. Бүгінгі ауылшаруашылығы саласына заманауи техниканың тілін меңгерген жастар қажет. Қазір техника қарыштап дамып жатқан заманда ілесе біліп, оның біле алмасаң көш соңында қалуың да мүмкін. Сондықтан бәсекелестерден қалыспас үшін дайындалдық, ол үшін біздің колледжде барлық оқу құралдары, техника түрлері бар. Келешекте бұдан да биік белестерден көрінеміз деп ойлаймын», – дейді колледжінің өндірістік оқыту шебері Марат Құрмамбаев.
Марат Дисембайұлы облыстық кәсіптік шеберлік байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері. Дайындаған шәкірттері студенттер арасындағы «Әлем шеберлігі» чемпионатына тамаша нәтижелер көрсетіп жүрген маман. Өзі осы оқу орнын бітірген еді. Енді, міне, ұстаз-шебер болып, шәкірт тәрбиелеп жүр.
«Мен өзім осы колледждің түлегі едім. Қазір өзім білім алған ошаққа қайта оралып, ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша өндірістік оқыту шеберімін. Студент кезімде облыстық байқауға қатысып, “Үздік механизатор” атанып, 1 орын алғаным маған шабыт берді. Соның арқасында Анапа қаласындағы Артек лагеріне жолдамамен марапатталғанымды әлі күнге мақтана айтамын. Менің студенттерім «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» бағыты бойынша облыстық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Шәкірттерімді жан-жақты дайындап, бағыт беріп, кәсіби маман болып шыққанша шыңдай түсемін. Ол үшін біздің оқу орнында барлық жағдай жасалған», – дейді Марат Дисембайұлы.
Жалпы Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжі өңірдегі жұмысшы мамандарды дайындайтын, базасы мықты оқу орны. Колледж директоры Альмира Жансүгірованың айтуынша, қазіргі күні заман талабына сай кәсіби-техникалық мамандықтарды игерген жастарға сұраныс та жоғары. Жас түлектердің шеберлік мектебіне айналған аталмыш білім ордасын тәмамдағандар жұмыссыз қалмайтын көрінеді. Себебі, колледж басшылығы аудандағы әлеуметтік сала орындарымен, іргелі серіктестіктермен, шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіпкерлермен келісім-шартқа отырып, сол бойынша студенттер тәжірибеден өтеді. Торлығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Әулиекөл ауданы