Облыста жеке басын куәландыратын құжаты жоқ және азаматтығы белгісіз тұлғаларға қол ұшын созуға бағытталған ауқымды науқан жалғасуда. Бұл бастама қиын жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге, олардың құқықтарын қорғауға және елдегі заңды мәртебесін қамтамасыз етуге арналған.
Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан азаматтығына жататынын дәлелдей отырып, 71 адамды ресми құжаттармен қамтамасыз етті. Алайда, азаматтығы жоқ адамдардың мәртебесін рәсімдеу күрделі және әрбір адамға жеке көзқарасты қажет ететін процесс.
Осындай жағдайдың жарқын үлгісі – Рудный қаласының тұрғыны, 1962 жылы туған азамат М. есімді кісі. Ол соңғы отыз жылдан бері жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүріп келген. Жергілікті көші-қон қызметіне жүгінгеннен кейін, қызметкерлердің белсенді араласуымен оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі табысталды. Кәсібилігі мен шұғыл әрекеті үшін полицейлерге өз ризашылығын білдірген қала тұрғыны осылайша өміріндегі күрделі мәселелердің бірін шешті.
“Бұл жағдай құжатсыз қалған адамдардың құқықтық қорғалуында көші-қон қызметінің маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Азаматтығы жоқ жандарға арналған көмек науқаны әлі де жалғасуда, әрі құжатсыз адамдарға тегін құқықтық кеңес пен көмек ұсынылады”, – делінге ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетсек, кеңес пен көмек алу үшін азаматтар Қостанай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасына, Қостанай қаласы Баймағамбетов көшесі, 197 мекенжайына жүгіне алады немесе +7 (7142) 52-62-01 телефонына хабарласуына болады.