Әуесқой шахматшылар Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың жүлдесін сарапқа салды

Әуесқой шахматшылар Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың жүлдесін сарапқа салды

Меңдіқара ауданының Харьков ауылында Республика күні мерекесіне орай Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановтың жүлдесі үшін шахматтан облыстық ашық турнир  ұйымдастырылды.

Жарысқа Қостанай қаласы мен Қарасу, Сарыкөл, Б.Майлин,  Меңдіқара, Қостанай аудандарынан келген алпысқа тарта шаршы тақта шебері күш сынасты.  Олардың арасында ең жасы – Аңсар Демесін сегіз жаста, ал ең егде қатысушы Асхат Зәкіровтың жасы биыл сексен алтыға қарайды.

Айтпақшы, Меңдіқара топырағында тұңғыш рет өткен жарысқа аттары жер-жаһанға мәшһүр гроссмейстерлер – астаналық Петр Костенко мен Нұрлан Ибраевтың қатысуы турнирдің бәсін арттыра түсті.

Жарыстың ашылу салтанатында Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары Айдос Қаратаев турнирге қатысушыларды  құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде аудан орталығында шахмат әуесқойлары үшін жеке үйірмеге арналған  орын тауып беруге уәде етті. Мына өткен турнир осындай игілікті қадамның бастауындай  болды.  Облыс деңгейіндегі мұндай ауқымды турнир Харьков ауылында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Ол биыл ұйымдастырылған Сенат Кубогының қорытындысы іспетті.. Оған Сайран Балкенұлы да қатысқанын көзі қарақты спорт сүйер жұртшылық жақсы біледі. Шаршы тақта өнерін жанындай жақсы көретін танымал қоғам қайраткері көп ұзамай жарысты өз ауылында ұйымдастыруды ұйғарыпты. Несі бар, өте құптауға тұрарлық бастама! Өйткені, дарынды спортшылардың дені ауылдан шығатыны жасырын емес. Оларды кішкентайынан спортқа баулыса, болашақта сол жеткіншектердің арасынан ел намысын жыртар талантты азаматтар өсіп шықпасына кім кепіл?!

Турнирді өткізуге Сайран Балкенұлы 2 млн 500 мың теңге бөлді. Яғни, жарыс жүлделері де қомақты. Мәселен, қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, тоғыз мүмкіндектен сегіз ұпайдан жинаған гроссмейстер Нұрлан Ибраев пен Шыңғысхан Саржанов алға суырылып шықты. Дегенмен, бас жүлде Нұрланға бұйырды, ол 500 мың теңгені қанжығасына бөктерді. Қосымша көрсеткіш бойынша Шыңғысхан екінші орынды жеңіп алды. Үшінші жүлделі орын Петр Костенконың еншісіне тиді.  Ардагер шахматшылар арасында 200 мың теңге мен кіші Кубокты Владимир Ещенко иеленді.  Егде ойыншылар арасында жүлделі екінші орынды Валерий Николев иеленсе, үздік үштікті Валерий Пилипенко түйіндеді. Ал  төртінші, бесінші орын алған үшін тавғайындалған ынталандыру жүлделері  Павел  Дубровинге,  Алмат Серғазинге,  бұйырды.Қыздар  арасында Сәуле СаркинаСәулежеңіске жетті.12жасқадейінгі балғын шахматшылар арасында Иман Набиев,РодионФилиппов  және  Әлазиз Смағұлов, 18жасқа дейінгі шахматшыларарасында Жанәлі Ізбасар, Аян Өмірқанов, Бағдат Тқкатовжеңіс тұғырына көтерілді.Сондай-ақ, Меңдіқара ауданының үздік үш жас шахматшысы және Меңдіқара ауданының үздік шахматшысы ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Мәселен,  Меңдіқара ауданының әуесқой шахматшыларының ішінде үздік нәтиже көрсеткен Қуаныш Байғазинов 50 мың теңге жүлдені еншілесе, өыздар арасында Махаббат Есіловаға тең келер қарсылас табылмады. Ол 100 мың теңгемен марапатталды.  Сайран Балкенұлының немересі – Қуаныш Бұқанов та 50 мың теңге жүлденінің иесі атанды. Ал Медина Молдахметова 30 мың теңгені жеңіп алды.

Турнирге қатысушылар жарыстың ұйымдастырылуын өте жоғары ьағалап қана қоймай, мұны алдағы уақытта жиі өткізіп тұрса, географиялық ауқымын кеңейте түссе  деген тілектерін айтты. Жалпы, спортшылардың бұл ойы  шахматты ауылдық жерлерде дамыту жөніндегі облыстық федерацияның тұжырымдасына қайшы емес. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов бұл турнирді енді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұруға уәде етті.

-Жарысты ұйымдастырушы тараптар облыстың барлық ауданына шақырту жіберген. Өкінішке қарай, бес-алты ауданның өкілдерінен басқа өңірлерден бір адам келген жоқ. Мұны мен салғырттық деп есептеймін. Осындай турнирлер арқылы жас спортшылардың талабын ұштап, олардың болашағын бүгіннен қалыптастырмаса жергілікті жерлердегі спорт бөлімдерінің басшылары не істеп отыр? Мен осыған түсінбеймін! Талантты жастардың бәрі ауыл-ауылда жүр. Оларды бүгін қолдамасаң, ертең кеш болады,-деген қынжылысын айтты Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу