Өңірдің соңғы жаңалықтар – “Тобыл-Торғай тынысында”

Өңірдің соңғы жаңалықтар – “Тобыл-Торғай тынысында”

Облыстағы аудан-қалалардың хабар-ошарын “Тобыл-Торғай тынысы” айдарынан оқи аласыздар.

Кедергілер жойылып, құқықтары қорғалады

Облыста. «Бизнеске жол» жобасының аясында кәсіпкерлерді қабылдау жалғасып жатыр. Бизнес өкілдері кездестіретін кедергілер, құжат рәсімдеу кезіндегі қиындықтар және басқа да мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдану үстінде. Жоба басталғалы кәсіпкерлердің 114 шағымы қаралған. Олардың көбі толық шешілген.

 

Дәрігерлердің қолы ұзара түсті

Рудный. «Қазақстан халқына» қоры қалалық ауруханаға офтальмологиялық құрылғы сыйға тартты. Бұл шала туған балалардағы ретинопатияға скрининг жасауға арналған. Ретинопатия – көздің ауыр науқасы. Соңғы үш жылда облыста мұндай ем-дом жасайтын құрылғы да, маман да болмаған. Осы олқылықты көрген жергілікті дәрігер Анастасия Ким екі жыл бұрын осы бағытта біліктілігін арттырған. Әлемге кең тараған кеселмен күресуге толық мүмкіндік туды.

 

Көңілді тапқырлар сайысы

Б.Майлин. Аудан әкімінің кубогы үшін «Жайдарман» ойындары өтті. Оқушы және жұмысшы жастардан жасақталған жеті команда сайысқа түсті. Үш айналымда бәрі де бар мүмкіндіктерін салды. 1-орын Әйет ауылының «Майлин бұрылысы» тобына бұйырды. 2-орынға елизаветиндік «Нағыз жігіттер» командасы ие болды. 3-орын мәдениет үйінің «Мәдени жігіттер» тобы еншісінде. Жүлдегерлер медаль-грамотамен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.

 

Балықтар неден қырылды?

Қостанай а. Мамандар Озерный ауылы маңынан қырылып жатқан 25 келі көлтабанды тапты. Алдын ала болжам бойынша, бұған көл бетінің қайта қатуы себеп болуы мүмкін. Тереңдігі 1,5 метрлік суайдында балықтардың әлі де қырылуы ғажап емес. Қазір сараптама жұмыстары басиалды. Осындай оқиға Заречный кентінде де тіркелді. Су сынамасының сараптамасы алдағы аптада белгілі болмақ.

Сақтанған сақ жүреді

Қарабалық. Ауданда «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Мұндағы мақсат – барымташылықпен айналысатын күдіктілерді анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту. Тәртіп сақшылары аудан көлемінде тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, сақтық шараларын түсіндіруде. Оларға жапа шеккен жағдайда 102 нөміріне хабарласуға кеңес берілді. Әзірге ұрлық дерегі тіркелген жоқ.

 

Есірткі тасымалдаушы ұсталды

Қостанай. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 29 жастағы тұрғынды қолға түсірді. Тінту кезінде күдіктіден a-PvP психотроптық есірткі затының 1 zip пакеті тәркіленді. Сондай-ақ, оның үйінен изолентаға оралған 74 zip пакеті және ұнтақ заты бар 5 zip пакеті табылды. Жалпы салмағы – 30,62 грамм. Ол қамауға алынып, тергеу амалдары басталды.

 

Адасқанның айыбы жоқ…

Сарыкөл. Ауданда жазасын өтеп шыққан және пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтарды оңалдыру жобасы алғаш рет қолға алынды. Бұл жобаны «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырмақ. Қор құрылғалы осы бағытта жұмыс істеп келеді. Бүгінде ауданда тіркеуде 23 жазасын өтеуші тіркеуде тұр. Қор өкілдері олардың әрқайсымен кездесіп, жан-жақты қолдау көрсетуді көздеп отыр.

Жаңалықтармен бөлісу