Арқалықта Әлеуметтік сала қызметкерлері күні аталып өтілді. Мереке иелерін қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Тәшімов құттықтап, бірқатар маманға марапат табыс етті.
Елімізде Президент Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Осыған орай “Жас-Ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталығында мерекелік салтанатты жиын өтті.
Әлеуметтік сала көмекке мұқтаж отбасылардың сенімді тірегі болып табылады. Дүние есігін ашқан нәрестеден еңкейген қарияға дейін қамқорлық көрсетіп өз міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан жандардың қатарында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Құсайынов, аталған бөлімнің бас мамандары Лидия Төлебаева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Гүлсім Әнуәрбек облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының “Құрмет грамотасымен” марапатталды. Өз ісіне адал әрі тиянақты еңбек етіп жүрген мамандарға қала әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы да көптеп тапсырылды.
Өңірде жауапты да сауапты салада 300-ден астам адам еңбек етеді. Аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарайласары жоқ қарт кісілерге, өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді таратуда олардың әрқайсының қызметін құрметпен атап өтуге болады.
Салтанатты іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор