Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жыл басынан бері 68 адамға қатысты 66 іс қаралған.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен жиырма пайызға көп.
“Істер санының өсуі істер санының ұлғайуымен байланысты. Үкім шығарумен барлығы ҚР ҚК 139-бабы бойынша 45 іс қаралды. Сотталғандарға қоғамдық жұмыстар және бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Ал екі іс бойынша қайта қылмыстық жауапкершілікке тарту, нақты бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Сот кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғуға байланысты сегіз істі аяқтады. Оның ішінде 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау дерегі бойынша бес іс қаралды”, – дейді Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Қарлығаш Шармұхаметова.
Қазіргі уақытта сот төрелігін бес судья жүзеге асырып отыр. Бір сотқа орташа айлық жүктеме шамамен 42 істен келеді екен. Мұнда ең көбі азаматтық істер, 1690 іс. Оның 784-іне шешім шықса, татуласуға байланысты 95 іс тоқтатылған.
“Қаралған істердің дені некені бұзу туралы. Бас-аяғы 653 іс тіркеліп, 477 іс бойынша некені бұзу туралы шешім шығарылды. 148 іс қараусыз қалса, 144 іс бойынша тараптар қайта татуласты. Ал ата-ана құқығынан айыру бойынша жүзден аса іс қаралып, 90 іс қанағаттанырылды. Он алты талап-арыз қараусыз қалдырылып, 13 іс қайтарылды. Жалпы, сот жұмысы кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, отбасы мен отбасылық құндылықтарды сақтауға бағытталған. Бұл бағытта сот азаматтармен отбасын сақтауға, жанжалды жағдайларды реттеуге үлес қосады. Яғни, татуластыру рәсімдеріне көп көңіл бөлінеді”, – дейді төрайым.
Сот шатында азаматтарға психологиялық көмек көрсететін маман бар. Сондай-ақ, сот жеке психологтармен, медиаторлармен және “Отбасыхелп” ҮЕҰ-мен жұмыс істейді. Мамандандырылған ауданаралық сот 2019 жылдан бері ішімдікке тәуелділіктен зардап шегетін әйелдерді тегін емдеу үшін Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығымен келісімге отырған.
“Отбасылық жанжалдарды шешуге бағытталған Үкіметтік емес ұйымдардың көп болғаны дұрыс. Өйткені көптеген жастар бірден сотқа жүгінеді. Егер татуластыратын ұйымдардан нәтижие болмаса ғана сотқа жүгіне керек деп айтар едім. Айтатын уәждері, мінездерінің қайшылығы, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен сыйластықтың жоғалуы. Мұның сыртында ішімдікке тәуелділік те отбасының күйреуіне әкеліп соғып жатыр”, – дейді Қарлығаш Шармұхаметова.
Төрайымның сөзінше соңғы жылдары құмар ойындар да қоғамның айқпас дертіне айналып барады. Отбасының барлық табысын ойынға салып жіберетін еркектердің қатары артқан. Шыдамы таусылған әйелдер некені бұзуға сотқа жүгінеді екен.
Сералы МЫРЗАБАЙ