Реформалардың нәтижесін көре бастадық

Реформалардың нәтижесін көре бастадық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мәслихат депутаттарының форумында қоғамдағы біраз қордалы мәселе айтылды. Әсіресе, халықтың қарыз жүктемесін азайту көптің көкейінде жүрген сөздің бірі еді. Оны Мемлекет басшысы Жолдауында да атап өткен. «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» «Ауыл аманаты» сияқты жобаларының ауқымы кеңейетін болды.

Қазір ысырапшылдық деген белең алып тұр. Несиені мақсатсыз ала беретін адамдар бар. Сол үшін де елдің қаржыны игеру сауатын жақсарта беруіміз керек. Ондай сауаты бар адам алаяқтарға да алдана қоймайды. Оңай ақша еш жерде жоқ. Адал еңбегімен-ақ жетістікке жеткен, сол табысымен үйін асырап, елдің батасына кенеліп жатқан жандар қаншама. Соларды үлгі ету үшін келе жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын білеміз.

Ауыл мәселесі әрқашан назарда. Ауыл халқымен тығыз жұмыс істейтін әріптестерім оны жақсы біледі. Форумда да айтылды. Ел ішіндегі кейбір түйткілдердің оңтайлы шешіліп, халықтың көңілі толып, жергілікті билікпен жақсы түсінісіп жатқанын көріп жүрміз. Бұл дегеніңіз – кейінгі реформалардың жемісі. Әкімдер тікелей сайлау арқылы лауазымға тағайындалып жатыр. Яғни, халық алдында жүрген, олардың тілін, мәселесін жақсы білетін азаматтар билікке баруда. Президент бұл өзгеріс елдегі сайлау мәдениетін арттырып, саяси институттарды нығайтады деді. Осындай нәтижені әлі алда көретініміз анық.

«Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады», – деді Президент.

«Қос тіректің» үйлесімді жұмысын көріп, еліміз табысқа кенеле берсін дейміз.

Марал ДОСЫМОВ,
Аманкелді аудандық мәслихатының 8-ші шақырлым депутаты

Жаңалықтармен бөлісу