Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумына Арқалық қалалық мәслихатының өкілдері де болды.
Іс-шараны биліктің орталық және аймақтық деңгейдегі барлық тармағының өзара іс-қимылының жаңа формасы деуге болады.
Бұл – маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде тұтас қоғамның қатысуының жарқын үлгісі.
Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын іске асыру аясында өңірлерді дамытудың өзекті мәселелері, Әділетті Қазақстанды құру қадамдары, сондай-ақ АЭС салу жөніндегі алдағы референдум талқыланды.
Мемлекет басшысының ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын, жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастағанын атап өткені – елдегі демократияның жемісі екені айқын.
«Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай – ақ, Президент бүгінгі қоғамда белең алып келе жатқан кейбір келеңсіз жайттардың да бетін ашып, ел дамуының сара жолында азаматтардың алауыздыққа салынбай халықтың тұрмыс деңгейінің, әл-ауқатының артуы басты кезекте тұруын қамтамасыз ету қажеттігін алға тартты.
Әкімдерді сайлау – біздің қаламызда да елдегі демократия талаптарына сай жүргізілуде. Соңғы жылдары қалаға қарасты ауыл және ауылдық округ әкімдері халықтың өз таңдауын жасауымен жүзеге асуда. Қолынан іс келетін бастамашыл, білімді жастарымыз билік тізгінін ұстауда. Олай болса, әкімдерді тікелей сайлау – еліміздің жаңашыл жолмен дамуының дұрыс бағытта екендігін көрсетері кәміл.
Сабыржан Тасмағанбет,
«АМАНАТ» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы.