Ұстаздар күні қазан айының алғашқы жексенбісі болып бекітілгенімен, мұғалімге деген құрметіміз әрдайым биік тұратыны анық. Күздің мамыражай күндеріндегі шуақты мереке қарсаңында қызығы мен шыжығы қатар мамандық иелерінің жұмыс барысымен тағы бір мәрте жақын танысудың сәті түсті. Соның бірі – жаңашыл ұстаз, әрі жас маман Ақбота Әбеуғали.
Бүгінде ол Қостанай қаласы №7 жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Осыдан төрт жыл бұрын жас педагогтер арасында өткен «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» қалалық конкурсында бас жүлдені, кейін жас педагогтер арасында өткен «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» облыстық конкурсында 1 орынды иеленген.
Кейіпкеріміз білім беру жүйесінде қазіргі уақытта жаңа технологияларды белсенді қолданады. Өзін «смарт ұстазбын» деп есептейді. Оқушыларға сабақты қызықты өткізу үшін wordwall, learning apps, PowerPoint, Kahoot, triventy, Canva платформаларды қолданады.
– Біз бұл платформалар арқылы не істейміз? Біріншіден, уақытты үнемдейміз. Берілген 45 минут бойы алдымыздағы оқушыдан кәдімгідей ауызекі тілде кері байланыс орнатамыз. Бұрынғыдай мұғалім тақтаның алдында сөйлеуге міндетті емес, балалар да, мұғалім сияқты тез жұмыс істеп, уақытты тиімді пайдаланып, кері байланыс жасайды. Алдымызда отырған оқушылардың деңгейі төмен, орташа, жоғары болсын, бөлінбей, барлығы жұмылып жұмыс істейді. Себебі, барлық оқушыда интеллект бар. Гаджеттерге, платформаларға негізделеді. Біздің мектеп түгел интерактивті тақтамен, басқа да технологиялармен жабдықталған. Сондықтан бізде заманауи білім беру жағынан ешқандай проблема жоқ. Осы платформалар арқылы мұғалім де, оқушы да, бір-бірімізге жақындай түсеміз. Оқушылар бұл платформаларды жақсы қабылдап жатыр. Солармен бірге, бір деңгейде дұрыс тәрбие, озық технологиялар арқылы дұрыс тәрбие беру, – дейді Ақбота Әбеуғали.
Заманауи оқушылар жаңа технологияларды меңгерген, сондықтан мұғалімдер де осы даму деңгейіне сай білім беруі тиіс. Ұстаздың пікірінше, интерактивті платформалар мен гаджеттер сабақ барысында оқушылармен тиімді коммуникация орнатуға мүмкіндік береді. Шәкірттердің деңгейіне қарамастан, әрқайсысы бұл платформалар арқылы өз білімдерін шыңдай алады. Мұғалім ретінде, оның міндеті – оқушыларға бағыт-бағдар беру, ал білім алу процесі олардың өздігінен ізденуіне негізделуі тиіс.
Смарт ұстаздардың бірі ретінде, Ақбота Әбеуғали ұлттық мәдениетті дәріптеуге де үлкен мән береді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектепте өткізілетін ұлттық киімдер күні – оқушылардың қазақ мәдениетін ұғыну мен қадірлеуінің бір бөлігі. Мұндай іс-шаралар оқушылардың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ұстаздың жетістіктері оның кәсіби шеберлігін дәлелдейді. Олимпиадалар мен конкурстарда оқушыларының жүлделі орындар алуы – бұл мұғалімнің сапалы білім беруінің нәтижесі. Мектепте алған білімін болашақта пайдалана алатын, білімге құштар оқушыларды тәрбиелеу – ұстаздың басты мақсаты.
2019 жылы «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конкурстың облыстық кезеңінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған. Сонымен қатар, 2019 жылы «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өзге ұлт оқушылары арасында өткен «Тіл шамшырақтары» облыстық конкурс-байқауының жеңімпазын сапалы дайындағаны үшін Алғыс хатпен, 2020 жылы облыстық Жансүгіров оқуларының жүлдегерлерін дайындағаны үшін Алғыс хаттармен марапатталған.
Ақботаның ұстаздық жолды таңдауындағы басты себеп – отбасының ықпалы. Анасының, әпкесінің де педагог болып жұмыс істеуі, ұстаздық мамандыққа деген ынтасын арттыра түсіпті.
– Заманауи мұғалім ең алдымен білікті әрі сауатты болуы қажет. Шәкіртке тәрбие бере отырып, білім нәрімен сусындату ең маңызды дүниенің бірі. Еш нәрседен қорықпай, тек тәуекел етіп, өз пәніңізді жетік меңгеріп, оқушыға деген сүйіспеншіліктің болуы қажет. Ең бастысы – өз біліміңе сену. Ұстаз адами қасиеті мол, басқаға қайырын тигізуден шаршамайтын, өмірінің әр шақтарын қиып, ұрпағының ертеңіне жол ашатын, шуағы мол шапағат иесі. Бұл мамандықты таңдауыма – өз анам себепші болды. Анамның арқасында ең алғаш қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығым оянды, – дейді ұстаз.
Ақботаның әкесі көлік жүргізушісі. Анасы Алмагүл Тайшығарақызы Қостанай қаласы білім бөлімінің №30 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, педагог-зерттеуші, 35 жылдық жұмыс өтілі бар.
Үлкен әпкесі – Әйгерім Байшева Қостанай қаласы №11 жалпы білім беретін мектебінің география пәнінен сабақ береді.
– Өзімнен кейінгі інім Қостанайдағы №29 жалпы білім беретін мектебінің дене шынықтыру мұғалімі. Кенже екі сіңілім бар. Олар да біздің соңымыздан еріп, ұстаздық жолға өздері дайындалып жүр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтіп, екеуі де Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің грант иегерлері атанды. Біреуі ағылшын пәні, екіншісі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Кейде біз басымыз қосылғанда бір мектеп ашып алуға болады деп әзілдейміз, – дейді жас маман.
Ұстаздар мерекесінің қарсаңында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған мұғалімдерді, ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтаймыз.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ