Бокстан КСРО және Қазақ ССР еңбек сіңірген жаттықтырушыларын еске алуға арналған халықаралық жарыста Рудный бокс мектебінің шәкірттері үздік өнер көрсетті.
Он тоғыз жасар Жәнібек Шербаев Павлодардан келген Әлихан Ақпанбаевқа еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Осылайша жарыстың чемпионы атанды.
“Бұл жарысқа екі ай бойы дайындалдық. Басында жаттығу жиынына шақыртылдық. Аллаға шүкір, бүгін соның жемісін көріп отырмын. Екі жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеттім. Баспкерлерге алғыс айтамын”, – дейді Жәнібек Шербаев.
Жарыстың 80 келідегі чемпионы атанған рудныйлық Артём Пчеляков жалпы бокске хоккейден келген. Өмір бойы қысқы спорт түрімен айналысып, он жеті жасында рингке шығуды ұйғарыпты.
Оң жақпен тура соққы жасау оның әдеттегі сүйікті әдісі. Көбіне қарсыласының сол жақ бүйірін көздейді. Артём осы бір құйтырқылығының арқасында Астанадан келген Ислам Бетаевтан басым түсті.
“Жарысқа, әсіресе, финалға жақсы дайындықпен шықтым. Ойымда бір ғана мақсат болды. Ол – қарсыласты қалайда ұту. Жан-жақтан қолдау көрсеткен, бапкерлердің кеңесі де жақсы көмектесті”, – дейді Артём.
Осы жерде айта кетейік, бұл жарыста Исламның бауыры Ибрагим Бетаев та өнер көрсетіп, чемпион атанды.
Ибрагим халықаралық додада Өзбекстан, Германия елінің өкілдерімен болған жекпе-жектерде басымдық танытқан болатын.
Рудный бокс мектебінің шәкірті Илья Медяник пен Ақмола облысының өкілі Мейірбек Мұхтаровтың арасындағы тартыс жерлесіміздің пайдасына шешілді.
Сөйтіп кеншілер қаласының үш бірдей былғары қолғап шеберлері жарыс чемпиондары болды. Бұл да болса Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Янның маңдай терімен келген нәтиже десек қателеспейміз.
“Белгілі бір жүйе бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл соның нәтижесі деп ойлаймын. Қолдан келгенше тырыстық”, – дейді Рудный бокс мектебінің бапкері өзіне тән қарапайымдылық қалпымен.
Бұл турнирге көрермен ретінде Азия чемпионы Антон Пенчук те келді.
Қостанайдың бокс спортына ағайынды Әйтеновтерден бөлек, кеңес кезінен үлес қосқан жеті бапкер бар.
Тобыл-Торғай жұртшылығы Мүрсал Тажмақиннен бастап, Сергей Скрипник, Антон Ким, Виталий Левшин, Асылхан Бусырманов, Вадим Гравицкий, Валерий Никулиндердің есімдерін ешқашан ұмытпайды.
Төрт жылдан бері осы бапкерлердің құрметіне әлемдік деңдейде турнир өтіп келеді.
Бұл жолғы жарыста Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан республикасының өкілдері мен Қазақстанның сегіз облысынан жетпіс былғары қолғап шеберлері қатысып, 12 салмақ дәрежесі бойынша мықтыларды анықтады.
“Қостанай боксының дамуына үлес қосып қана қоймай, Кеңес одағына еңбектері сіңген бапкерлерді еске алып жатырмыз. Осы кісілердің бастауымен кезінде Қостанайдан олимпиада чемпионы мен жүлдегерлері шықты. Бүгінгі жарыста да өз елдерінің чемпиондары мен әлемнің жүлдегерлері сынға түсті. Бұл сайыс бір жағы жасөспірімдерге үлкен тәжірибе береді. Бастамамызға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жыл сайын қолдау көрсетіп келеді”, – дейді жарыстың бас төрешісі Өзбек Қазин.
Дей тұрғанмен, қостанайлық ағайынды Әйтеновтер бокс мектебінің аға бапкері Николай Когачко биылғы жарысқа қатысушылардың аз келгенін айтып отыр.
“Қатысушылар саны аздау. Себебі біздің жарыспен қатар Ақтау мен Шымкентте де жасөспірімдер арасында біріншіліктер өтіп жатыр. Соған қарамастан Қостанайға спорт шеберлері жиналды. Әсіресе, Германия, Өзбекстаннан келген қонақтар жақсы өнер көрсетті. Қостанай облысынан бес бала финалда өнер көрсетті”, – дейді кәнігі бапкер.
Осы жарыста финалда өнер көрсеткен Әлихан Жақыповты ол бала жасынан ерте дайындаған. Сегіз жасында боксқа келіп, Николай Когачконың қол астында 17 жасына дейін тер төкті.
Әлиханның финалдағы жұдырықтасуына ардагерлер мен жиналған өзге де көрермендер тәнті болғанымен, төрешілер жеңісті өзбекстандық қарсыласы Бахром Давуровқа берді. Қостанайлық Арман Тоқмағамбетов те ақтық бәсекеде павлодарлық Ислам Мәшкентаевқа жол берді.
Сөйтіп КСРО және Қазақ ССР еңбек сіңірген жаттықтырушыларын еске алуға арналған халықаралық турнирдің күміс жүлдесін қанағат тұтты.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған Орал, Қорған Әйтеновтер атындағы
бокс спорт мектебі