Нева өзенінің жағасындағы тотықұстай таранған Санкт-Петербург қаласы орыс жұртының «әруақ қонып, нар шөккен» әулие жерінің бірі. 1703 жылы шәркейлі шаруалар сүйегінің үстіне салынған осы қала империя тарихының бастан-аяқ куәсіндей. «Европаға терезе ашылып», сәулет, құрылыс өнері келді.
Оқу орындары, ғылыми мекемелер, театр, музей, саябақ, сәнді құрылыстар секілді білім мен мәдениет ошақтары осы қалада дамыды. Орыс шаруаларының беліне түскен сақалын балтамен шапқан император Бірінші Петр Еуропа елдерінен көрген озық тәжірибе, дүниенің бәрін Ресейге әкелгені тарихтан белгілі.
Патша кітаптар, өнер туындыларын, қару және табиғатта сирек кездесетін, жалпы қызықты, көрген жанның жағы түсетіндей заттардың бәрін жинап, оларды сақтайтын орынды – «сирек заттар кабинетін» салдырған. Империя астанасын Мәскеуден Санкт-Петербургке көшіргенде Бірінші Петр «Сирек заттар кабинетін» де Санкт-Петербургке әкелуге бұйрық береді. Бұл 1714 жыл болса керек. Ресей ғылым академиясының І Петр атындағы антропология және этнография музейі Кунсткамераның – Ресейдегі алғашқы музейдің негізі осылай қаланады. Орыс империясынан қазақ даласының көрген құқайы аз емес, ол көпке белгілі де. Бірақ мәдениет пен ғылымның, өнердің ұйысқан қаласында өзіміздің аталарымыздың, Алаш қайраткерлерінің ізі қалғандықтан Нева жағалауын әр қазақтың көңілі тартып тұрады. Санкт-Петербургте қазақ халқының дәстүр-салтына, тарихына қатысты жәдігерлер Эрмитаждан бастап, бірнеше музейлерде сақталған. Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінде тұрған тарих жәдігері ғана емес, ұлттық құндылығымыз, құтымыз, намысымыз – Тайқазанның да озбырлықпен Эрмитажға әкетіліп, ғасырға жуық уақыттан кейін өзімізге қайта бұйырғаны елдің есінен шықпайды.
Питерге дүниенің төрт бұрышынан ағылып келгендер түрлі елдердің дәстүр-салты мен өнерін, тарихын сақтаған Кунсткамера музейінен қазақ халқының ұлттық киім үлгісін, тұтынған бұйымдарын көріп танысады, таңданады. Музей мамандарының айтуынша, соның ішінде қазақ келіні киіп отырған сәукеленің жөні бөлек екен. Ал оның ХІХ ғасырдың соңында сол кездегі Қостанай уезі мен Ақтөбе уезіненжиналған топтамамен барғаны әр қазақты, әр қостанайлықты елең еткізеді.
Ресей империясы қазақ даласына көз салғаннан-ақ, мұнда мазмұны бөлек, түпкі мақсаты бір түрлі экспедициялар келе бастаған. Челябілік жас зерттеуші Анна Закированың жазуынша, Ресей ғылым академиясының 1 Петр атындағы антропология және этнография музейі Кунсткамераның қорына 1716 жылдан бастап даланың әр шалғайынан сол экспедициялармен барған тұрмыстық заттар аз болмаған көрінеді. Қазір музей қорында дала тұрмысына, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысты мыңға жуық жәдігер бар деп айтылады. Бірақ оның бәрі бірдей сақталғанына, қандай күйде екеніне көзіміз жетпейді. Кунсткамераның Орталық Азия бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Инга Стасевичтің берген мәліметі бойынша, 1891 жылы қазақ халқы мәдениетіне қатысты елеулі жәдігерлер жинағын ірі ғалым, халқымыздың рухани бәйтерегінің бірі Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс Уәлиханов тапсырған екен. Бірақ содан бүгінге пышақтың металл пластинкалармен өрнектелген қыны ғана жетіпті.
«Ол жинақтан жалғыз сақталған пышақ қынының этикеткасында: «Ақмола облысы, Көкшетау уезіндегі полковник Шыңғыс Уәлихановтың пышағы. Құны 5 рубль» деген әрең оқылатын жазу бар. Шамасы пышақтың қынымен қоса бағасы осындай болса керек», – дейді Инга Стасевич.
Ал енді қазақ келіні киген сәукеле Кунсткамераға қалай барды деңіз. 1897 жылы Санкт-Петербургке барған Торғай облыстық губернаторының ерекше тапсырмалар жөніндегі штаттан тыс шенеунігі Дербісәлі Беркімбаевтың ұлы Лайықжан Беркімбаев пен атақты Құдайбергенұлы Иманбай байдың немересі Хасен Иманбаевтың аталған музейге жолы түседі. Оларға Кунсткамерадағы қазақ даласынан апарған жәдігерлер өте құнық көрінеді. Өңірге аты мәлім дәулетті адамдардың бағландары мына көрініске шамырқанып қалады. Жігіттер «қазақ халқының тұрмысы мұндай жұпыны емес, дәстүріміз де, тұрмысымыз да ешкімнен кем соқпайды, өзі де, көркі де бай» деп, осы сөзінің растығын көрсетуге белбайлап қайтады. Олар қазақтың тұрмыс-салтын бейнелейтін біраз зат жинайды да, 1899 жылы Торғай облыстық басқармасының аға кеңесшісі И.Кафт пен дәрігер И.А.Белиловскийден Кунсткамераға оңар емес жүк беріп жібереді. Ондағы заттар Ақтөбе уезіне қарасты Торғай болысынан және басым бөлігі Қостанай уезінің Сарыой болысындағы №4 ауылдан жиналады. Апарған жәдігерлердің біразы бірден музей экспозициясынан орын алады. Сол кездегі музей басшылығы Лайықжан Беркімбаевты Станиславский лентасымен мойынға ілетін «За усердие» күміс медалімен марапаттайды, Хасен Иманбаевқа Алғыс хат беріледі.
Жолымыз түсіп, Санкт-Петербургте болғанымызда Кунсткамераға соғуды мақсат еткенбіз. Оған питерлік құрбым Нүрзия Әлімованың «сәукеле бұрынғыдай бетін бұлғауыштай етіп, мақтамен түйе салған манекенде тұрған жоқ. Қазір оны қазақтың қызы «киіп» отыр. Сәукелені манекеннен шешіп, нағыз қазақтың қызына «кигізуге» питерлік қазақтар атсалыстық» деген сөзі қамшы болды. Кунсткамераға барғанда, алдымыздан басында төбесі шошақ, түлкі терісінен тігіліп, батсайы жібекпен қапталған, қызыл баулы тымақ, шапан, кеңбалақ шалбар, тұмсығы қайқы етік киіп, домбыра «тартып» отырған «сері жігіт» пен басында қоңыр қызыл барқытқа асыл-ақық тастар қадалып, күміс тінмен, алтын зермен зерленген, артында қызыл барқытқа ою кестелеп, үстіне ақ жібек жапқан жамылғылы сәукеле, етегі кестелі қызыл мауыты көйлек киіп, күмістен алқа таққан «жас келін» көзімізге оттай басылды. Бір-екі жыл бұрын Кунсткамера мамандары осындағы түрлі ұлттардың киім үлгісін киіндірген манекендердің бет әлпетіне сол ұлттың түрін бейнелеуді мақсат тұтыпты. Қазақ «келіні» мен қазақтың «сері жігітін» табуға Санкт-Петербург қаласындағы «Атамекен» қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» аймақтық қоғамдық ұйымының мүшелері атсалысыпты. Оның бел ортасында қырық жылдан бері Санкт-Петербургте тұрған қостанайлық құрбым Нүрзия Әлімова да бар.
«2022 жылы музей қызметкерлері манекенді қазақ бейнесіне келтірмекші болғанда, «Атамекен» қазақ-ұлттық мәдени автономиясының мүшесі Құспанова Фатима Рашханқызының ұйымдастыруымен біраз шаруа жүргізілді. Олар үлкен қаладан іздестіріп, қазақ жастарын ұсынды. Музей мамандары бес жігіттің арасынан Ресей Сбербанкіндегі «Технология» блогын басқаратын Арсен Тілеуқабыловты сері жігіт бейнесіне және сәукелелі жас келінге Санкт-Петербург балет академиясының бірінші курс студенті Амира Болатты таңдап алды. Олардың мүсінін кәсіби мүсіншілер өзінен аудырмай жасап, музейдегі қазақтың ұлттық киімдерін кигізді. Күніне миллиондаған адам келіп-кетіп жататын үлкен қаладағы қазақтар елдің, ұлттың мерейі үшін осындай игілікті іске үлесін қосты», – дейді Нүрзия Ғабдоллақызы.
Кунсткамерадағы Орта Азия мен қазақ даласынан барған жәдігерлердің білгіріне айналған Инга Стасевичтің айтуынша, музейде өзен суындай ағылатын туристерді тұсына тоқтатпай жібермейтін сәукеленің өз заманындағы құны 600 рубль тұрған көрінеді. Бұл сол кездегі мөлшермен 60 жылқының құны болса керек. Салмағы үш килограмм тартатын сәукелеге барқыт, жібек, шыт, мауыты маталар, киіз, кәмшат терісі, алтынмен апталған жібек жіп, күміс оқалар, ақық, меруерт, маржан тастар, шыны, күміс тін пайдаланылған. Талайды таңдандырған сәукеле қазіргі Қостанай облысы өңірінен жеткізілгеніне музейдің ғылыми қызметкері айтқандай, «заттардың басым бөлігі Қостанай уезіндегі Сарыой болысының №4 аулынан алынғаны» кепіл. Әттең, Кунсткамераға апарған бұйымдардың нақты кімдерден алынғаны белгісіз. Осындай қымбат, салтанатты киім мыңдап жылқы айдаған байлардың қызы тұрғанда, қараша кедейдің қызына арман ғана болған шығар. Кім де болса, сәукеле дәулетті адамдардың қолынан алынған деп білеміз.
Кунсткамераға ХІХ ғасырдың соңында, яғни 1898 жылы Торғай облысының Қостанай уезіндегі «аудандық болыс» деп аталған төрт болыстың бірі – Сарыой болысы Қостанай уезінің солтүстік батысында орналасты. Бұл қазіргі Ресейдің Челябі облысына қарайтын Чесменский, Троицк және өзіміздің Қостанай облысындағы Қарабалық аудандарының аумағы болып саналады. Негізі жер бөлінісіне байланысты Сарыой секілді аудандық болыстардың аумағы 1901 жылға дейін өзгеріп отырды. Сарыой болысына алты ауыл қарады. Жиналған заттарды Кунсткамераға беріп жіберген Хасен Иманбаевтың әкесі Ешмұхамед Иманбаевтың қыстағы Сарыой болысының №4 ауылына қарасты Үй өзенінің жағасында болған. Бүгінгі Қарабалық ауданы мен Троицк қаласын осы шағын өзен бөліп жатыр. Осы 4-ші ауылға Иманбаевтан басқа Бекмұхаммед Бөлекбай, Жантемір Күлтай, Фазылбек Төлен әулеттері отырған Үлкен Қарасу, Ысқақ Жиеншораның Шолақсай, Қазыбек Адай мен Оразбай Мыңбай жайлаған Қараадыр, Төкеш Қалабайдың қыстағы Ақсай, Досжан Мәтен мен Маусымбай Қарасарт мекен еткен Үшөзек (Басқұдық), Жиенбек Дәулетбай иелік еткен Үшөзек, Жұмабай Момынбай әулеті отырған Қарашілік қыстақтары қараған. Қыстақтарауыл деп есептелген. Осы ауылдарға басшылық еткен кісілердің барлығы да дәулеті өзіне жетерлік адамдар болғаны рас. Хасен Иманбаев пен Лайықжан Беркімбаев Санкт-Петербургке жөнелткен қазақтың тұрмыс-салтында қолданылып жүрген киіз үйдің ағашы мен киіз туырлығы, бау-шулары, әйелдің оюлап тігілген шегірен етігі, қалыңдық мінетін аттың жабуы, қыз баланың оқалап, маржандап тіккен үкілі тақиясы, ер жігіттің оқалап, ақық таспен бедерлеп, алтынмен аптаған және бір шетіне араб харпімен Қадырбай деген кісі аты және 1869 жылы жасалғаны жазылған кісе белбеуі, ақ киізден тігіліп, алтын жіппен зерленген, сырғалыққа ілінген әшекейлермен, майда және ірі домалақ түймелер тағылған ер адамның қалпағы, ағаштан ойылған оқшантай, ер адамның тері шалбары, торсық секілді тағы басқа қымбат заттар туырлығы тесік қараша үйлерден емес, осы ауылдарға иелік еткен және Ақтөбе уезіндегі дәулеттілерден шыққаны кәміл. Осы жәдігерлер жиынтығы туралы Кунсткамерада жасалған есепте: «Қазақтардың ата-бабасынан қалған байлығын бейнелейтін бұл бұйымдар далада өте құнды боп саналады және олар мұны ешқандай ақшаға айырбастамайды» деп көрсеткен. Дегенмен, ұзатылатын қызының, түсірген келіннің сәукелесі үшін алпыс жылқы санап беретін байдың тұрмысы да, тұлғасы да бөлектеу болар деп ойлаймыз. Зерттеуші Анна Закирова Троицк қаласында үйлері, сауда кәсіпорындары бар, балаларын қаладағы татар-қазақ мектептерінде, тіпті одан тыс жерлерге жіберіп оқытқан қолы ұзын байлар – Иманбаевтар, Жаманшаловтар және Алдияровтар әулеттерін бөле-жара атайды. Бұлар Қыпшақ руының Қарабалық Ұста тайпасынан екенін айта келіп, «олардың туыстығымен қатар, саяси көзқарасы жақын болған адамдар» екенін тілге тиек ете кетеді. 1912 жылы 84 жасында қайтыс болған Иманбай байдың сүйегі Челябі облысының Чесменский ауданындағы үлкен «Екі ағаш» мұсылман қорығында, «Иманбай зиратында» жатыр. Зираттың бұлай аталуы да оның осында жерленуімен байланысты болған. Ол өз заманында айналасына ықпалы бар, Сарыой болысының басқару құрамында болған кісі. Ал оның ұлы Ешмұхамбет ұзақ жылдар алдымен Сарыой болысындағы, кейін жаңа шекара белгіленгенде Шұбар болысындағы ауылды басқарған, Қостанай және Ақтөбе уездеріндегі бастауыш білім беру жөніндегі Қамқоршылық қоғамдарының мүшесі, халықтық судья болып, елге қызметі сіңген. Ол Троицкіде баспа жұмысымен айналысқан, «Айқап» журналын шығаруға да атсалысқан. Кеңес үкіметі қуғындап, барын қақшып алғанша, атадан жалғасқан дәулеті де ортаймаған еді.
Троицк төңірегінде Смайыл Жаманшаловтың есімі жиі аталады. Ақын Ақылбек Шаяхметовтың «Каскалар мен маскалар» кітабындағы ел аузынан, құймақұлақ ақсақалдардан жазып алған деректер негізінде жазған «Ел есіндегі ел ағалары» дегенмақаласында айтылғандай, әкесі Жаманшалға «кесенеден қазып алған көмбеден тосынбіткен дәулет» Смайылдың малын көбейтсе де, кедей-кепшікке қарасып, жұртына шапағаты тиетіндей деңгейін көтермеген сыңайлы. Осы мақалада автор Смайыл Жаманшаловтың Троицк қаласына өнер көрсетуге келген жас балуан Мұқан Мұңайтпасовқа қажылыққа ниет еткен өзінің анасын некелеп, қаржысын көтеріп, Меккеге жібергені туралы ХХ ғасырдың басынан бергі өзінің көргені мен өзінен бұрынғылардан естігенін құлағына құйып, көкірегіне түйген зиялы, ақын Өтеміс Қалабаевтың берген мәліметін келтіреді. Қажылық сапардан қайтқан соң, байдың анасы қажы ана, жас балуан Қажымұқан атанады. Заманында өзінің малы мен мансабы үшін айналасымен алысып өткен Смайылдың байлығынан қалған бір игі іс осы болса керек.
Ұзатылған қызына немесе «бай байға, сай сайға құяды» дегендей, дәулетті жерден алған келініне сәнді-сәулетті сәукеле кигізуге осы аталған дәулеті мол екі әулеттің де, басқа байлардың дасақа айғырдың үш үйірін санап беруге шамасы жетпей қалмаған шығар. Намыс пен мақтан қазақты қашан шабылдырмаған… Дегенмен Сарыой болысындағы есімі ерекше аталатын тағы бір бай – Алдияровтар туралы әңгіме болғанда, сәукеле киген ару қыз немесе ару келін байдың он екі қанат ақ ордасының есігін ашқандай елес береді. Байлық пен билік Алдияровтар әулетінде атадан жалғасып келген. Бермұхамед Алдияров ұзақ жылдар бойы Сарыой, Шұбар болыстарын басқарған. Белгілі тарихшы ғалым МәмбетҚойгелдиевтің 2016 жылы 26 тамызда «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан «Ұстанымы биік зиялы» деген мақаласында: «Айқап» журналы, мәселен, «Сарыой болысының управителі Алдияров Бермұхамедтің қол астындағы пақырларына» ет, бидай, ұн үлестіргені туралы жазды… Осы «Айқап» журналы тағы да бір санында Романовтар әулетінің үш жүз жылдығына байланысты орайластырылып атқарылмақшы шаралардың қатарында Қостанай уезіндегі Сарыой болыстығының тұрғындары басы «волостной управитель Бермұхамед Қауменұғлы Алдияров болып, осы ғинуар жұлдызының 5 күні жиылып, кеңес-мәслихат етіп» ауызбірлік жасап қаржы жинастырып, Сарыой болыстығының «орталық жерінен бір мешіт һәм мешіт жанынан бір мектеп салуға, ол мектепте оқу төрт жыл болып, әуелгі екі жылын мұсылманша оқуға, соңғы жылдарына орысша оқуды қоспаққа һәм бір мұғалім, бір учитель қазақтан болмаққа» келісті деп жазды» деп, Бермұхамед Алдияровтың тек дәулетті адам ғана емес, көзі ашық, қоғамда белсенді тұлға екенін көрсете кетеді. Ол 1913 жылы Романовтардың патша тағына отыруының 300 жылдық тойына облыстан қатысқан топты бастап барып, орыс тілінде сөз сөйлеп, ІІ Николай патшаның қолынан алтын медаль мен сый-сияпат алған.Балаларын орыс-қазақ мектептеріне берген, білім алуға мүмкіндік жасаған, заманның ағымын да түсінген, Торғай өңіріне аса белгілі тұлға болды. Бермұхамедтің ұлы Әубәкір Ы.Алтынсарин мектебінде оқығаны, кемеңгер ұстаздың алғашқы шәкірттерінің бірі болғаны, одан кейін Орынбордағы ерлер гимназиясында 8 жыл білім алып, латын, неміс, француз тілдерін игеріп, сәтті бітіріп шыққан. Әубәкір Қазан императорлық университетінің Медицина факультетін бітіреді. Ол қазақтан шыққан алғашқы білімді, білікті дәрігерлердің бірі ғана емес, Алаш көсемдері мен қайраткерлерінің идеяларын қолдаған, саяси сауатты адам еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстағы майданның қара жұмысына 1916 жылы алынған қазақ жастары Белоруссияның Пин деген батпақты аймағындағы сызды жерде окоптар қазып, арып-ашып, қырылып жатқанда Міржақыптың шақыруына қазақ даласынан үн қатқан, білек сыбанып шыққан дәрігер Әубәкір еді. Бұл туралы Міржақып Дулатовтың өзі «Қазақ» газетінде:«…Қыстыгүні майдандағы жігіттер аурудан жудеп жадап жатқанда газетте неше қабат иғлан қылынып, тұс тұсқа телеграмм беріп, хат жазып шақырылғанда, алты миллион қазақтан табылған жазылған доктор Әбубәкір Алдияров еді. Себептері бар шығар, онан басқа бір филдшер бір доктор табылған жоқ еді. Енді жұрт Әбубәкірге алғыс айтудың орнына «бұл монархист, жауыз адам деп» қарғыс айтпаса екен дейміз»деп жазды. Осыдан-ақ, әкеден зиялы тәрбие алған Әубәкірдің қандай тұлға екені көрінеді. Иә, сол «қарғыс айтқандар» халқының болашағын ойлаған алаштық көзқарасы үшін оның басын жазықсыз оққа байлады…
Халқымыздың намысын ойлаған жас жігіт Хасен Иманбаев Санкт-Петербургтегі музейге жіберуге көрнекі бұйымдар жинағанда, дәулетімен ғана емес, парасат-пайымымен де аты алысқа жеткен зиялы Алдияровтар отбасы бұл игі істен қалайша тыс қалуы мүмкін? Алдымен, дәулеті атадан балаға жалғасқан әулетте мұндай сән-салтанат, сәулетті тұрмыс қашан да болған. Оған Алдияровтар әулетінің сол кездегі тоғыз жолдың торабы болған, күн құрғатпай керуендер келіп жататын ірі саяси-экономикалық, сауда және мәдени орталық болған Троицк қаласына жақын ауылда тұрғаны, оның тұрғыны болғаны, кәсіпорындар ұстағаны да себеп. Әубәкір Алдияровты тереңдей зерттеп жүрген жас зерттеуші Жауынбай Жылқыбайұлы «Алаштың ескерусіз қалған дәрігері» атты мақаласында Алдияровтардың жалған жаламен негізсіз қуғын-сүргін көргенін жазады. 1928 жылы «контрреволюциялық» ұйым Алашордаға материалдық және моральдық қолдау көрсетті» деген жаламен 82 жастағы Бермұхамед Алдияровты түрмеге жабады. Қостанай округтік соты РСФСР Қылмыс Кодексінің 58.10 және 169.2 баптары бойынша әкелі-балалы Бермұхамед пен Әбубәкір Алдияровтардың ісін қарады,дүние-мүлкі тәркіледі. Жауынбай Жылқыбайұлы архивтен тапқан мәліметін: «Алдияровтың үйін тінткенде екі жатын төсек, алтын, күміс медальдары, құйма алтындары, қымбат мүліктері, киімдері, құрал-саймандары түгел тәркіленді» деп көрсетеді. Тәркіленген бағалы заттардың бірсыпырасы ВКП(б) Қостанай Губкомы арқылы Қостанай облыстық музейіне тапсырылады. Солардан қазір күміс тінмен кестеленген әйел камзолы, парша матадан тігілген ерлер шапаны, ерлердің бас киімі мұрақ, күміспен, былғарымен қапталып, ақық тастармен әшекейленген әйелдер ері сақталған.
Осы заттардың арасында әлгі ақ киізден тігіліп, алтынмен зерленген ерлер бас киімі – қалпақ – мұрақ ерекше назар аудартып ғана қоймай, Санкт-Петербургтегі сәукелені еске салады. Белгілі журналист, этнограф Бекен Қайратұлы «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылы тамыздың 7-і күнгі санындағы «Алтынмен зерленген мұрақ» атты алақандай ғана мақаласында ұмытылып кеткен мұрақтың не екенін анықтап береді. Ертеде бұл төре тұқымынан шыққан хандар мен сұлтандарға ғана тиесілі бас киім болған. Кейін ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, оны қазақтың билері де салтанатты жиын, той-томалаққа киген. Халық ер адамның мансабын басына киген мұрақтан таныр болған. Тұрмыстың өзгеріп, қоғамның дамуына қарайкиім киісінде де әр заманның өз бояуы, сән-салтанаты қалыптасады. Бекең мақаласында келтірген, қазақ даласындағы қоғамның әлеуметтік сипатын бір ауыз сөзге сыйдырған «Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты» деген мәтелдің бүгінде естілмейтіні былай тұрсын, оны түсінетін жан да сирек-ау. Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі осы мұрақ пен сонау Кунсткамерадағы сәукеле дәл ұқсап қалмаса да, көзге де, көңілге де жылы бір жақындық сезілгендей болады. Әрине, екеуі де бас киім болғанымен, бірі әйелдің, екіншісі ер адамның киімі. Екеуін алған мерзімде уақыт керіктігі бар. Сәукеле Кунсткамераға 1899 жылы жеткізілген, мұрақ 1928 жылы тәркіленген. Алайда, ол уақыт қазіргідей күн де технологиялық жаңалықтар шығып, интернет арқылы минут сайын тарап жатқан жылдамдық заманы емес. Ал шеберлік анадан қызына, енеден келінге, атадан балаға беріліп, жалғасып отырған. Сәукеленің де, мұрақтың да қашан тігілгені, иелерінің қай анасынан, қай атасынан қалғаны өз дәуіріне сіңіп, бізге жетпеді. Қазақтың жартылай көшпелі уақытында оларды бүлдірмей, өңін түсірмей сақтау да алдияровтардай дәулеттің еңбекпен қатар ұқыптылықпен, ыждағаттылықпен келетінін бағалайтын, қадірлейтін зиялы әулеттің тұрмысына тән қасиет. Мұрақтың етегіне салған тоқ қызылбарқыт пен сәукеленің төбесін, орта тұсын қаптаған, артына жапқан жамылғысын жасаған барқыттың түсі де, ісі де бірдей. Мұрақ ақ киізден жасалса, сәукеленің де формасын ұстау үшін сондай киіз қолданған. Бас киімнің екеуінде зерлеп, кестелеген алтын зері бірдей. Ал сәукеленің ақық тастары алдияровтар үйінен тәркіленген әйел ер тоқымында да пайдаланылған.(Қазір әшекей бұйымдарында мұндай ақық (сердолик) тастар ерекше өңделіп қолданылады).
Инга Стасевичтің мәліметінше, Кунсткамерада Қазақстанның әр шалғайынан барған төрт сәукеле бар көрінеді. Соның ішінде музейге алғаш жеткізілгені және ерекше көркемі де біз әңгімелеген,ХІХ ғасырдың соңғы жылында Торғай облысының Қостанай уезінен, яғни бүгінгі Қостанай облысынан жеткізілген сәукеле екен. Айтпақшы, осы жәдігерлерді жинап берген қос жігіттің бірі Лайықжан Беркімбаевтың кейінгі өмірі мен тағдыры туралы дерек кездестірмедік. Ал Хасен Троицкіде гимназия бітірген соң, Қазан императорлық университетінде оқыған. Университетте жүргенде археология, этнография, тарих әуесқойларының қоғамына қатысады. Елге келген соң, халқымыздың фольклорын жинаумен, фотограф әкеліп,қазақтар тұрмысын суретке түсірумен айналысады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, Троицкідегі белгілі адамдармен, соның ішінде татардың ірі ақыны Ғабдолла Тоқаймен араласып тұрған. (өкпе ауруына шалдыққан Ғ.Тоқай Троицкіге қымыз ішіп емделуге келеді). Білімді жас Алаш қозғалысының бағытын қолдайды. 1928 жылы басталған саяси қуғын, тәркілеу Иманбаевтар әулетін де айналып өтпеді. Ол Хасеннің тағдырын азапты арнаға бұрып жібереді. 1932 жылы Хасен алдымен Арал теңізіне жер аударылады, одан кейін КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) еңбекпен түзеу лагерьлері бас басқармасына (ГУЛАГ) қарасты Қарағанды лагерінде біраз жыл отырады. Одан 1930 жылдардың аяғында, (А.Закированың жазуынша, тіпті 1947 жылы болуы да мүмкін) босап, Магнитогор металлургия комбинатына қарайтын Боскөл кеніші басқармасына жіберіледі. Көп жылғы азапты өмір қажытқан, ауру меңдеген Хасен мұнда жеңіл-желпі жұмыстарға ғана жарайды. Жатақ секілді үйден алған бір бөлмеде тұрып, 1955 жылдың басында мүсәпір халде қайтыс болады. Бейіті Челябі облысының Чесменский ауданындағы аталарының қорымында жатыр.
Санкт-Петербургтегі сәукеле туралы әңгімені қайыра келе айтарымыз, осыдан 125 жыл бұрын кімнің сандығында қастерлеп ұстаған қимас бұйымы болса да, ол кең даланы еркін жайлаған халқымыздың өзге жұрт қызығарлықтай дәстүр-салт, өнербайлығының кепілі еді. Біздікі бір жәдігер арқылы ұлттың ұлылығына мысқалдай болса да өз ісімен ізін тастап кеткен аталар жолын тануға пайым ғана. Империяның құрығы қалай ұзын болса да, «жылқыдан жаралған» қазақтың бойында текті бабалардың қаны ойнады, ұлттың ішкі қуаты талай асылын берді. Бәйгеде басқаны шаң қаптырып, жалғыз қара боп келетін сұлу да, асыл текті сәйгүліктіңқандай бағадан да жоғары тұратынын халқымыз бір ауыз сөзбен «құны жоқ!» деп кескен екен. Жат жерде тұрса да,дүниенің төрт бұрышына қазақтың тарихын, өнері мен дәстүрінің тереңнен тамыр тартқан тұрпатынпаш етіп, Кунсткамерада ұйымдастырылған талай экспозиция мен көрмелердің көркіне айналған сәукеленің құнынабіз үшін қазірешнәрсе теңесе алмайды!
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Ақпарат саласының үздігі