Бұл – өркениет жолы

Бұл – өркениет жолы

АЭС құрылысы қаншалықты қауіпсіз? Оның еліміз үшін маңызы, тиімді тұстары туралы жұртшылыққа түсіндіру кезінде көпшілік қоятын сұрақтардың бірі осы.

Қостанай облыстық АЭС салуды қолдау жөніндегі Халық штабының мүшелері ретінде Жанар Қойшиновамен бірге Жанкелдин, Аманкелді аудандарында болған жұртшылықпен кездесулерде де осы сауал қойылмай қалған жоқ.

Қазақстанда атом энергиясын қауіпсіз және сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бақылап отыр. Осы ұйым елімізде атом электр станциясын салуға болатынын дәлелдеп берді. Кейбіреулер бұрынғы АЭС-терде болған апаттарды айтып жатады. Оларда қауіпсіздігі бірінші буындағы реакторлар еді, қазір, ендігі уақытта III және III+ буынды атом электр станцияларын салынып жатыр. Мәселен, үлкен апат болған Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы салынса, Фукусимадағы АЭС 1971 жылы бой көтеріпті.

Жүздесуде Жанар Қойшинова Қазақстанда жеткілікті білікті мамандар бар екенін атап өтті.

 «Бүгінде елімізде бұл бағытта шамамен 18 мың маман бар. АЭС төңірегінде 2 мыңға жуық адам қажет болады, бұл біздің өз кадрларымызбен жобаны қамтамасыз етуге қабілетті екенімізді көрсетеді», – деді ол.

AMANAT партиясы Жанкелдин аудандық филиалының төрағасы Ғабит Сүндетбаев пен Аманкелді аудандық филиалының төрағасы Марал Досымов та ой қосты.

«Адамзат игілігіне жарап, қызмет жасап тұрған бес энергия көзін алып отырған қуат бар: Күн, Жел, Су, көмір мен газ және алтыншысы болғалы тұрғаны – АЭС. Кезінде, ауылға баллоны бар газ плитасы келгенде әжелеріміз үйге жолатпай, келіндері шоланда ас әзірлеуге пайдаланатын. «Ой, осы сенің әжең» деп… Бүгінде сол «қорқыныш» болған дүниялар төрден орын алғаны рас. Тағы бір мысал: «қалта телефондары радиация береді, денеге жақын ұстамаңдар» дедік. Ал қазір құшақтап жатып ұйықтайтын дәрежеге жеттік, себебі соңғы моделдерінде қауіпсіздік функциялары барын маркетинг миға сіңірді. «Артық ішсең, алдыңдағы адал асың да харам» деген бар емес пе?», – деген ой тастады Ғабит Сүндетбаев.

Ал Марал Досымов аудандық штабтың жұмысы туралы айтып, АЭС-тің маңызды тұстарына да тоқталды.

«Атом электр станциясының арқасында еліміз отын импортына жұмсалатын шығынды азайтып, қаражатты басқа маңызды жобаларға бағыттай алады. Бұл қадам сондай-ақ Қазақстанның ғылым мен технологияның жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді, елдің халықаралық аренадағы мәртебесін арттырады. Ұзақ мерзімді перспективада ядролық энергия тұрақты экономикалық өсудің негізіне айналады. Мықты энергетикалық инфрақұрылым – бұл қазіргі және болашақ ұрпақтың өркендеуінің кепілі», – деген ой айтты ол.

Референдум не үшін керек? Бұндай да сұрақ бар. Мысалы, «Өзбекстан халықтан сұрамай-ақ салып жатыр ғой, бізде де неге сала бермейді» деп уәж айтқандар кездесті. Біріншіден, демократия бағытын ұстанған ел үшін референдум өткізу маңызды. Біздің ел тарихында бұған дейін де референдум өткен. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғанда және 2022 жылы осы негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. Міне, осындай маңызды шешімдерді қабылдау кезінде биліктің халықпен санасуы маңызды. Екіншіден, осы арқылы көпшіліктің арасындағы, әр жердегі айтылатын әңгімелер, ұсыныс-пікірлер сараланады. Яғни, кейбір бағытта әлі де істелуі керек жұмыстар барын біліп жатырмыз.

Кенжеш ОРАЗҒАЛИҚЫЗЫ

Жаңалықтармен бөлісу